Той асына шақыруды қабылдаудың уәжіп немесе сүннет екендігі жөніндегі ғалымдардың пікірлері.
Ибн Омар жеткізген хадисте Пайғамбар ﷺ айтты:
«Сендердің бірің той асына шақырылса, шақыруды қабыл алсын».
Шейхул-Ислам Шәбир Ахмад әл-Усмани әл-Ханафи әл-Матуриди «Фәтху әл-Мулһим би-шарх Сахих Муслим» кітабында (3491-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:
Ибн Абдул-Барр әл-Мәлики, одан кейін Қади Ғияд әл-Мәлики, кейін ән-Нәуәуи әш-Шәфиғи үйлену тойының асына шақыруды қабылдау уәжіп екендігі жөнінде ғалымдардың бірауызды келісімін жеткізген. Алайда бұл тұжырым талқылауды қажет етеді. Иә, ғалымдардың кең тараған пікірі — оның уәжіп екендігі. Шафиғи және ханбали ғалымдарының көпшілігі оның парыз айн екенін ашық айтқан. Мәлик те мұны нақты айтқан.
Кейбір шафиғи және ханбали ғалымдары оны мұстахаб деген. Мәлики ғалымы әл-Лахми мұның мәзһабтағы ұстаным екенін айтқан. «Әл-Һидая» авторының сөзі, оны сүннет деп ашық атағанына қарамастан, уәжіпті білдіреді. Ол өздерінің белгілі қағидасына сай, мұның сүннет арқылы уәжіп екенін, бірақ парыз емес екенін меңзеген секілді.
Кейбір шафиғи және ханбали ғалымдарының пікірінше, ол — парыз кифая. Ибн Дақиқ әл-Ғид «Шарх әл-Илмам» кітабында бұл пікірдің шақыру жалпыға ортақ болған жағдайға қатысты екенін жеткізген. Ал әр адам жеке шақырылса, шақыруды қабылдау әрқайсысына міндетті болады.
Хафиз (ибн Хаджар әл-Әсқаләни әш-Шәфиғи) былай деген:
«Оның уәжіп болуының шарттары: шақырушының діни міндеттер жүктелген, азат әрі ісіне парасатпен қарайтын адам болуы; алда айтылатындай, кедейлерді қалдырып, тек байларды ғана шақырмауы; белгілі бір адамнан пайда дәметіп немесе одан қорқып, соған жақындасуды көздегені байқалмауы; ең дұрыс пікір бйынша, шақырушының мұсылман болуы; одан бұрын басқа біреу шақырып қоймаған болуы. Егер біреу бұрын шақырса, екіншісінің емес, алғаш шақырғанның шақыруын қабылдау міндетті болады.
Екеуі бір мезгілде шақырса, ең дұрыс пікір бойынша, көршілігі жақыннан бұрын туыстығы жақынға басымдық беріледі. Егер екеуі тең болса, жеребе тасталады. Сондай-ақ ол жерде қатысуы себепті зиян не жайсыздық көретін тыйым салынған іс немесе басқа нәрсе болмауы және шақырылған адамның үзірі болмауы керек. Әл-Мауарди мұндай үзірді жамағат намазына бармауға рұқсат беретін себептермен өлшеген».
Ғұлама Ибн Әбидин (Аллаһ оны рақымына алсын) былай деген:
««Әл-Фәтәуә әл-Һиндия» әт-Тимурташиден былай жеткізілген: “Шақыруды қабылдау жөнінде хиләф бар. Кейбіреулер: «Ол — уәжіп, оны тастауға болмайды», — деген. Ал ғалымдардың көпшілігі: «Ол — сүннет. Егер үйлену тойының асы болса, шақыруды қабылдаған абзал. Ал басқа ас болса, адамның өз еркі. Дегенмен шақыруды қабылдау абзал, өйткені мұнда мүміннің жүрегіне қуаныш сыйлау бар. Шақыруды қабылдап барса, тамақ жесе де, жемесе де, өз міндетін орындаған болады. Ораза ұстамаған болса, тамақ жегені абзал», — деген.
Имам Бадруд-Дин әл-Ғайни әл-ханафидің «әл-Биная шарх әл-Һидая» кітабында: “Үйлену тойының асына болсын, басқа асқа болсын, шақыруды қабылдау — сүннет. Ал мақтану, мақтау есту немесе сол секілді мақсатпен жасалған асқа шақыруды қабылдамаған жөн. Әсіресе, білім иелері үшін. Өйткені: «Біреу өзгенің табағына қолын созса, оның алдында төмендемей қалмайды», — делінген”».
Имам әл-Маусли әл-Ханафидің «әл-Ихтияр» кітабында: «Үйлену тойының асы — ежелден келе жатқан сүннет. Оған шақыруды қабылдамаған адам күнәға батады. Өйткені Пайғамбар ﷺ: “Кім шақыруды қабылдамаса, Аллаһқа және Оның Елшісіне қарсы келген болады”, — деген. Ораза ұстап жүрген болса, шақыруды қабылдап барып, дұға етеді. Ораза ұстамаған болса, тамақ жеп, дұға етеді. Ал тамақ та жемесе, шақыруды да қабылдамаса, күнә жасап, дөрекілік танытқан болады. Өйткені бұл — үй иесін келемеждеу.
Пайғамбар ﷺ: “Егер сирақ етіне шақырылсам да, шақыруды қабылдар едім”, — деген».
Бұдан үйлену тойының асына шақыруды қабылдаудың басқа шақырулардан ерекшеленіп, бекітілген сүннет екендігі ұғынылады. «Әл-Һидая» кітабының түсіндірмешілері оның уәжіпке жақын екенін ашық айтқан.
«Әт-Татархания» кітабы «Әл-Янабиғтан» былай деп жеткізген:
«Егер бір асқа шақырылса, ол жерде күнә мен бидғат болмаса, шақыруды қабылдау — уәжіп. Біздің заманымызда, ол жерде бидғат пен күнәнің жоқтығы анық белгілі болған жағдайдан басқа кезде, барудан бас тарту қауіпсіздеу», — деп жеткізілген. Мұны үйлену тойының асынан өзге шақыруларға қатысты деп түсінген жөн сияқты».
Имам әл-Хаскафи әл-Ханафидің «әд-Дурр әл-Мухтар» кітабында:
«Бір адам той асына шақырылып, ол жерде (шариғат тыйым салған) ойын-сауық пен музыка\ән болса, егер тыйым салынған іс үйдің ішінде болып жатса, отырып, тамақ жейді. Ал ол дастарқан басында болса, отырмай, теріс бұрылып шығып кетуі керек. Өйткені Аллаһу Тағала: “Есіңе түскеннен кейін залым қауыммен бірге отырма”, — деген».
Ибн Әбидин (Аллаһ оны рақымына алсын): «Яғни шығып кетуі міндетті», — деген.
Имам әл-Маусли әл-Ханафидің «әл-Ихтияр» кітабында:
«Өйткені (шариғат тыйым салған) ойын-сауықты (және музка мен әнді) тыңдау — харам, ал шақыруды қабылдау — сүннет. Харамнан тыйылу абзалырақ».
«Сондай-ақ дастарқан басында ғайбат айтып отырған адамдар болса, олармен бірге отырмайды. Өйткені ғайбат (шариғат тыйым салған) ойын-сауық пен музка мен әннен де ауыр».
Имам әл-Хаскафи әл-Ханафидің «әд-Дурр әл-Мухтар» кітабында былай делінген:
«Егер тыйым салуға шамасы келсе, тыйым салады. Шамасы келмесе, өзі өзгелер үлгі тұтатын адам болмаса, сабыр етеді. Ал өзгелер үлгі тұтатын адам болып, тыйым салуға шамасы келмесе, шығып кетеді, отырмайды. Өйткені мұнда дінге нұқсан келтіру бар. Егер ойын-сауық (немесе музыка) болатынын алдын ала білсе, өзгелер үлгі тұтатын адам болсын немесе болмасын, мүлде бармайды. Өйткені шақырудың ақысы оған барғаннан кейін ғана міндеттеледі, оған дейін міндеттелмейді».
Ибн Әбидин (Аллаһ оны рақымына алсын) былай деген:
«Имам әл-Хаскафидің “Шамасы келмесе, өзі өзгелер үлгі тұтатын адам болмаса, сабыр етеді” деген сөзі — жүрегімен теріске шығара отырып сабыр етеді дегенді білдіреді. Пайғамбар ﷺ: “Сендерден кім тыйым салынған істі көрсе, оны қолымен өзгертсін. Оған шамасы келмесе, тілімен өзгертсін. Оған да шамасы келмесе, жүрегімен теріске шығарсын. Бұл — иманның ең әлсізі”, — деген. Яғни бұл — иманның өзіндегі ең әлсіз күйі. Мұндай жағдай иман қатты әлсіреп, жамандықтан тыюшы оны жоюға көмектесетін адамдарды таба алмаған кезде болады».
«Өйткені шақыруды қабылдау — сүннет. Сондықтан өзге біреу жасаған бидғат оған араласқаны үшін бұл сүннет тасталмайды. Сол секілді, жаназаға дауыс салып жоқтау араласса да, жаназа намазын оқу міндетті» («Әл-Һидая»). Оны уәжіпке салыстыруының себебі — шақыруды қабылдамағанға қатысты қатаң ескерту келгендіктен, оның уәжіпке жақын болуы.
Қорытынды: той асына шақыруды қабылдау мәселесінде ғалымдар арасында хиләф бар. Біздің мәзһабтағы қуатты пікір бойынша, шариғат талаптарына сай өтетін той асына шақыруды қабылдау — бекітілген сүннет. Ал кейбір ғалымдарымыз оны уәжіп деп санаған.