«Пайғамбарымызға ﷺ бір тостаған әкелінді. Ол одан ішті. Оның оң жағында – жас бала, ал сол жағында – ақсақалдар отырған еді...»
Сахаба Сәһл ибн Сағд, Аллаһ одан разы болсын, риуаят еткен хадисте айтты: «Пайғамбарымызға ﷺ бір тостаған әкелінді. Ол одан ішті. Оның оң жағында – жас бала, ал сол жағында – ақсақалдар отырған еді. Сонда Аллаһ Елшісі ﷺ: «Ей, балақай! Мынаны ақсақалдарға беруге рұқсат етесің бе?» – деп сұрады. Бала: «Сізден қалған игіліктен (қасиетті ішімдіктен) ешкімді артық көрмеймін, уа, Аллаһтың Елшісі ﷺ!» – деп жауап берді. Сонда Пайғамбар ﷺ әлгі тостағанды соған берді». Хадисті Бухари мен Муслим жеткізді.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 4274) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(Сахаба Сәһл ибн Сағд, Аллаһ одан разы болсын, риуаят еткен хадисте айтты) яғни, сахаби әс-Сағиди әл-Ансари: («Пайғамбарымызға ﷺ бір тостаған бір тостаған әкелінді) яғни, ішінде су немесе сүті бар ыдыс әкелінді. (Ол одан ішті) яғни, яғни, ішіндегісінің бір бөлігін ішті. (Оның оң жағында – жас бала) бұл бала – алдын айтылғанындай, Ибн Аббас, Аллаһ екеуінен де разы болсын, (ал сол жағында – ақсақалдар отырған еді) олардың арасында Халид ибн Уалид те бар болатын. (Сонда Аллаһ Елшісі ﷺ: «Ей, балақай!) яғни, маған рұқсат бересің бе (Мынаны ақсақалдарға беруге рұқсат етесің бе?» – деп сұрады) яғни, бірінші соларға ұсынайын ба, жоқ па? (Бала: «Сізден қалған игіліктен ешкімді артық көрмеймін) яғни, «Сенен қалған берекелі қалдық суыңмен ешкімді артық көрмеймін», (уа, Аллаһтың Елшісі ﷺ!» – деп жауап берді). (Сонда Пайғамбар ﷺ әлгі тостағанды соған берді»). Ибн Хаджар, бұған дейін имам ән-Нәуәуиден келтірілген сөзге ілесе отырып: «Сауапты амалдарда ілтипат (яғни, өз хақыңнан өзге үшін бас тарту) – мәкрүһ, – ал дүниелік істерде – мустахаб» - деген.
Бұл хадистің аталмыш мәселеге (яғни, сауапты істе өзгеге жол беру мәкруһ дегенге) дәлел етіп келтіру – талқыланатын мәселе. Өйткені егер Ибн Аббасқа, Аллаһ екеуінен разы болсын, сауапты істе жол беруге рұқсат етілмеген болса, Пайғамбарымыз ﷺ одан рұқсат сұрамас еді. Алайда, Аллаһ Елшісінің ﷺ рұқсат сұрауы және баланың рұқсат етуін мақұлдауы – бұл істің (яғни, сауапты амалда өзгеге жол беру) шариғатта рұқсат етілгеніне нұсқайды. Әсіресе бұл жағдайда – яғни, бала мен абыройлы ақсақалдар отырған жерде – әдеп сақтау, көркем сұраныс және ұлықтардың кішіпейілділік көрсетуі ілтипатқа лайық жағдай болып табылады. Мұндай ілтипаттың жалпы рұқсат етілгендігі Құрандағы: ﴾Тіпті өздері мұқтаж бола тұра оларды өздерінен артық көреді﴿ («Хашр» сүресі, 9 аят) деген аяттан да аңғарылады. Оның (Ибн Аббас) мақсаты – Аллаһ Елшісінен ﷺ қалған берекеге қол жеткізу болса да, ол бұл мүмкіндіктен толықтай айырылып қалмас еді; қайта, өзгелерге ілтипат танытса, Пайғамбардан ﷺ бөлек, басқа да ардақты, тақуа кісілердің берекелі қалдығынан қосымша сауап пен пайда алар еді.
Сол себепті ғалымдар былай деген: «Пайғамбардан ﷺ тізбекпен келетін тариқаттағы рухани тізбек (иснад) делдалдары қаншалықты көп болса – соғұрлым жақсырақ, себебі тізбектегі алдыңғы буынның берекесі мен руханияты көбірек болады» (яғни, тариқат тізбегінде әулие-шейхтар саны артқан сайын, ол жолмен алынатын рухани берекет те молая түседі).
Ал хадис іліміндегі иснад (яғни, риуаят тізбегі) жайында болса, онда керісінше: делдалдар аз болған сайын, дәреже жоғары болады, себебі қателікке ұрыну ықтималдығы азаяды.
Ибн Аббас, Аллаһ екеуінен разы болсын, осы тұрғыда берекеге жақын болуды, яғни Пайғамбардан ﷺ тікелей қалдық ішуді қалады. Бұл – оның рухани артықшылықты қалауымен қатар, (жас болғанына қарамастан) рухани күшке лайық екенін де меңзейді. Осы жағынан алғанда, ол дұрыс істеді. Жалпы, көптеген үлкен шейхтар былай деген: «Ілтипат (яғни, сауапты істе өзгеге жол беру) – тек ақыреттік әрі діни істерде болады, өйткені дүниелік, төмен істерде ілтипаттың мәні де, салмағы да жоқ». Бірақ ол адамның (сауапты амалда жол беруші адамның өзі) сауаптың амалдың өзегінен айрылып қалуына апармау керек¹».
¹Мысалы, егер біреу бірінші сапта тұрса, бірақ «үлкен кісіге жол берейін» деп орнын босату себепті жамағат намазына қатыспай қалса, бұл – дұрыс емес.
Бұл мәселеге қатысты қосымша Имам Ибн Әбидиннің رحمه الله сөзін мына сілтемеден оқи аласыз.