﴾(Уа, Мухаммад! Адамдарға): «Егер Аллаһты (шынымен) жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Аллаһ Тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді», – деп айт. Аллаһ – Ғафур, Рахим﴿.
﴾(Уа, Мухаммад! Адамдарға): «Егер Аллаһты (шынымен) жақсы көрсеңдер, маған еріңдер. Сонда Аллаһ Тағала да сендерді жақсы көріп, күнәларыңды кешіреді», – деп айт. Аллаһ – Ғафур, Рахим. (Сондай-ақ оларға): «Аллаһқа һәм Аллаһ елшісіне бағыныңдар», – деп айт. Егер олар (бағынудан бас тартып) сырт айналып кете барса, (онда кәпірлер біліп қойсын) шүбәсіз, Аллаһ кәпірлерді жақсы көрмейді﴿ («Әли Имран» сүресі, 32-аят).
Шейх Мустафа әл-Хайрий әл-Хисний әл-Мансури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің «әл-Муқтатафу мин ғуиун әт-Тәфәсир» тәпсірінде осы аяттың түсіндірмесінде айтты:
﴾(Уа, Мухаммад! Адамдарға): «Егер Аллаһты (шынымен) жақсы көрсеңдер, маған еріңдер﴿ — бұл аят солар (яғни, өздерін Аллаһтың сүйіктісіміз деп сенген христиан, яһуди секілді кәпірлер) туралы түсті. «Махаббат» — адамның бір нәрсеге бейім болуы, сол нәрсеге жақындататын істерге итермелейтін көңілдің тартылысы.
Яғни: «Оларға айт: егер сендер шын мәнінде Аллаһты жақсы көрсеңдер, онда маған еріңдер. Өйткені мен — Оның Елшісімін». ﴾Сонда Аллаһ Тағала да сендерді жақсы көріп﴿ — бұл бұйрықтың жауабы, яғни Аллаһ сендерге разы болады, әрі сендерді Өзінің ұлылығына жақындатады, ﴾күнәларыңды кешіреді», – деп айт﴿ — яғни бұрын жасаған күнәларыңды кешіріп, жүректеріңдегі перделерді ашады. ﴾Аллаһ – Ғафур, Рахим﴿ — Өзінің әміріне мойынсұнып, Пайғамбарымыздың ﷺ жолына ерген пенделеріне Аллаһ аса Кешірімді, ерекше Мейірімді: оларды кешіреді әрі рақымына бөлейді.
﴾(Сондай-ақ оларға): «Аллаһқа һәм Аллаһ елшісіне бағыныңдар», – деп айт﴿ — яғни: Аллаһтың әміріне және Оның Елшісінің әміріне бойсұныңдар, сонда құтылып, бақытқа жетесіңдер. ﴾Егер олар (бағынудан бас тартып) сырт айналып кете барса﴿ — егер олар бойсұнудан теріс айналса, яғни қабыл етпесе, ﴾(онда кәпірлер біліп қойсын) шүбәсіз, Аллаһ кәпірлерді жақсы көрмейді﴿ — расында Аллаһ кәпірлерді жақсы көрмейді, яғни оларға разы болмайды. Мұнда «оларды жақсы көрмейді» деп емес, «кәпірлерді жақсы көрмейді» деп жалпылама айтылуы — үкімнің жалпы екенін білдіру үшін. Сондай-ақ бұл, бойсұнудан бас тартудың күпірлік екенін меңзейді. Өйткені Аллаһтың оларға ашулануы — олардың күпірлігі себепті. Ал Аллаһтың махаббаты — тек мүміндерге ғана тән.
Әбу Һурайрадан (Аллаһ одан разы болсын) жеткен риуаятта, Пайғамбарымыз ﷺ былай деген:
«Менің үмбетімнің барлығы жәннатқа кіреді, тек бас тартқаннан басқа». Сонда сахабалар: «Кім бас тартады?» — деп сұрады. Ол: «Кім маған бойсұнса — жәннатқа кіреді, ал кім маған қарсы келсе — сол бас тартқан болады», — деп жауап берді».