Today

«Мүміннің фирасатынан сақтаныңдар. Өйткені ол Аллаһтың нұрымен қарайды».

Хаммад, әкесінен (яғни, Имам Әбу Ханифадан), ол Атыйядан, ол Әбу Сағидтен жеткізген риуаятта Пайғамбарымыз ﷺ айтты:

«Мүміннің фирасатынан сақтаныңдар. Өйткені ол Аллаһтың нұрымен қарайды».
Содан кейін мына аятты оқыды: ﴾Міне, осы уақиғалардың мәнін жете түсінетін көкірек көзі ашық парасатты жандар үшін қаншама анық белгі, ғибрат бар﴿ («әл-Хижр» сүресі, 75-аят), яғни: «қырағылықпен қарайтындар үшін».

Ғұлама мухаддис имам Мухаммад Ғабид әс-Синди әл-Ханафи ән-Нақшбанди өзінің «әл-Мәуәһибу әл-Латифа шарх Муснад әл-Имам Әби Ханифа» кітабында (505-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

(«Мүміннің фирасатынан сақтаныңдар).

Әл-Қушайри («Рисаласында») былай деген: «Фирасат — жүрекке келетін, расталған әрі білім беретін ой. Ол өзіне қайшы келетін күмәнді, күдікті және қате пайымды жояды. Оның жүрекке үстемдігі мен ықпалы болады».

Әбу Джағфар әл-Хаддад: «Фирасат — оған қарсы ешбір ой келмеген алғашқы ой. Ал егер оған өзі тектес басқа бір ой қарсы келсе, онда ол жай ғана ой әрі нәпсінің сыбыры болады», — деген.

Жүрекке келетін ойлар кейде ешбір дәнекерсіз Хақ Тағаладан туындайды. Бұл «раббани ой» деп аталады. Фирасат деп аталатыны да — осы. Ол тек ақиқат әрі шындық болады. Оған ешнәрсе қарсы тұра алмайды, өйткені ол — карамат.

Ал кейде ол періште, шайтан немесе нәпсі арқылы туындайды. Періште арқылы келген ойға шайтан мен нәпсі қарсы тұрады. Періште жақсылыққа бұйырған сайын, шайтан оған қарсы шығады. Немесе нәпсі жамандыққа шақырғанда, періште оған жақсылықпен қарсы тұрады. Бұл Аллаһ Тағала пендесін күшейтіп, оны шақырған нәрсені оған көркем етіп көрсеткенге дейін жалғасады. Аллаһ Тағала айтқандай: ﴾Алайда Аллаһ сендерге иманды сүйгізіп, оны жүректеріңде безендірді (яғни көңілдеріңе жағымды қылды)﴿.

Фирасат кейде Аллаһ Тағала жүрекке дарытатын иләһи шабыт түрінде болатын сый да болуы мүмкін. Сондықтан ол «иман нұрының күші» деп түсіндірілген. Осыған байланысты Пайғамбарымыз ﷺ: «Мүміннің фирасатынан сақтаныңдар», – деген. Яғни, иманы кемел болған мүміннен сақтаныңдар. Өйткені оның иманы – Аллаһ Тағала оған көзбен көрінбейтін, перделердің ар жағында жасырылған нәрселерді көрсететін нұр. Бұл құпиялардың бөтен адамдарға жайылып кетпеуі үшін жасырылған істер. Мұндай нәрселер мүмін үшін көзбен көріп тұрғандай айқын болады.

Бұл көрудің күші иманның күшіне байланысты. Кімнің иманы күштірек болса, соның фирасаты да өткірек болады. Сондықтан Ибн әл-Араби фирасаты «мәкәшәфа» (рухани ашылу) деп түсіндірген. Иманының күшімен оның жүрек көзі нұрланып, кәдімгі көз үшін жарық қандай болса, ол үшін де солай болады. Сонда фираса жасалатын адамдағы белгілер күннің нұры заттарды көзге анық көрсеткендей айқын көрінеді. Осы арқылы ол жақсыны жаманнан, мақтауға лайықтыны айыпталатынынан ажыратады.

Дәл сол сияқты фираса мен иманның нұры оған ақырет бақытының белгілерін де, ақыреттегі бақытсыздықтың белгілерін де көрсетеді. Тіпті кейбіреулердің дәрежесі сондай болғаны айтылады: жердегі адамның ізін көріп, өзі сол жерде болмаса да: «Бұл – бақытты адамның ізі, ал мынау – бақытсыз адамның ізі», – деп айтатын болған.

Риуаят етіледі:

Осман ибн Аффан, Аллаһ одан разы болсын, бір кісі өзіне кіргенде, оған көзі түсе салысымен: «Субханаллаһ! Аллаһ тыйым салған нәрселерге көздерін тыймайтын адамдарға не болған?!» – деген.
Басқа бір риуаятта: «Сендердің бірің маған көзіңде зинаның ізі көрініп тұрған күйде кіресің», – деген.
Шын мәнінде, әлгі адам жолда бір әйелді көріп, оның сұлулығына көзін қадап қалған екен. Сонда ол Османға: «Пайғамбарымыздан ﷺ кейін де уахи келе ме?» – деп сұраған.
Осман, Аллаһ одан разы болсын: «Жоқ. Бірақ бұл – қырағылық, дәлел әрі шынайы фирасат. Пайғамбарымыздың ﷺ: “Мүміннің фиратасынан сақтаныңдар. Өйткені ол Аллаһтың нұрымен қарайды”, – деген хадисін естімеп пе едің? Маған кіргеніңде мен мұны сенің көзіңнен көрдім», – деп жауап берген.

Сондықтан Ахмад ибн Асым әл-Антаки:

«Шыншыл адамдармен бірге отырсаңдар, олармен шын көңілмен бірге отырыңдар. Өйткені олар – жүректердің тыңшылары. Олар жүректердің жай-күйін қарайды. Адам сезбей-ақ олардың жүректеріне кіріп, қайта шығады да, өзгелер біле алмайтын нәрселерді біледі. Кім олармен шынайылықпен бірге отырса, пайда көреді. Ал кім олармен шынайылықсыз бірге отырса, оған түрлі бәле-жаланың келуінен әрі ізгілердің жүректерінің жек көруіне ұшырауынан қауіп бар», – деген.

Абдуллаһ әд-Дәри ән-Нәйсабуриден былай деп жеткізіледі:

«Маған Ибн әл-Әнбари жүннен тоқылған киім кигізді. Ұстазым әш-Шиблидің басындағы сол киімге жарасып тұрған әдемі тақияны көріп, іштей: “Екеуі де менікі болса екен”, – деп тіледім. Әш-Шибли мәжілістен тұрған кезде маған бұрылып қарады. Ол менің өзіне еруімді қалағанда осылай бұрылып қарайтын әдеті бар еді. Мен де соңынан ердім. Үйіне кірген соң, мен де кірдім. Сонда ол:
“Жүн киімді шеш”, – деді.
Мен шештім. Ол оны орап, үстіне тақияны қойды да, от алдырып, екеуін де өртеп жіберді».

Мұның барлығы Пайғамбарымыздың ﷺ: ( Өйткені ол), яғни мүмін жасырын нәрселерге (Аллаһтың нұрымен қарайды) деген сөзінің мағынасына жатады. Бұл – Аллаһ Тағаланың оның жүрегіне орналастырған нұры.

Фирасат нұрын басқа есімге емес, дәл «Аллаһ» есіміне телуі де осыдан. Өйткені «Аллаһ» – барлық көркем есімдердің мағыналарын қамтитын ұлы есім. Сондықтан бұл нұр арқылы адам жақсы мен жаманды, бақыт пен бақытсыздықтың белгілерін ажырата алады.

(Содан кейін мына аятты оқыды) яғни Пайғамбарымыз ﷺ өз сөзінің дәлелі ретінде мына аятты оқыды: ﴾Міне, осы уақиғалардың мәнін﴿ яғни алдыңғы аятта айтылған Лұт қауымының оқиғасында және олардың басына түскен бәле мен азапта ﴾жете түсінетін көкірек көзі ашық парасатты жандар үшін﴿ яғни ойланушылар үшін ﴾қаншама анық белгі﴿ яғни Хақ Тағаланың ақиқаттығына дәлел болатын ﴾ғибрат бар﴿.

Яғни олар бір нәрсеге раббани пікір нұрымен қарап, оның сыртқы белгісі арқылы ақиқатын танитын адамдар.