September 1

Адамзаттың арсыздық батпағына батуы.

Шейх Мухаммад Әли ас-Сабуни әл-Ханафи өзінің «әл-Джиһад фил-Ислам фил-хата әд-дәридж фи мафһумиһи» («Исламдағы жиһад және оны түсінудегі кең таралған қате») кітапшасында айтты:

Мұсылмандардың адамдарды күпірлік пен нәпсіқұмарлық батпағына батып бара жатқан күйінде қалдырып, оларды осы лас әрі жиіркенішті жағдайдан құтқаруға ұмтылмауы — қылмыс.

Егер сен жүзуді жақсы меңгерген шебер жүзуші болсаң және өзенде батып бара жатқан, өзін құтқаратын біреуді көмекке шақырып жатқан адамды көре тұра, оны құтқармай тастап кетсең, ар-ұждан мен дін алдында жауапқа тартылатын қылмыс жасаған болмайсың ба?! Өйткені сен оның суға батып, қаза табуына себепкер болдың.

Мұсылмандардың өзге үмбеттер алдындағы жағдайы да осындай. Аллаһ оларды адамзатты құтқару үшін жіберіп, таңдады. Егер олар дінді насихаттау міндетін тәрк етсе, аманатқа қиянат жасап, өзге үмбеттерден ерекшелендірген абырой мен мақтаныш белгісінен айырылған болады.

Олар адамзатты тура жолға салу және күпірлік пен бақытсыздықтың қараңғылықтарынан шығару секілді ұлы адамзаттық миссияны арқалаушылар. Аллаһ Тағала мұны былай баяндайды:

Әлиф, Ләм, Ра. (Уа, Мухаммад!) Бұл – пенделерді Раббыларының қалауымен тас қараңғы түнектерден жарық нұрға және Азиз (ең ұлы, шексіз үстемдік иесі), Хамид (мақтауға, мадаққа әбден лайық) Аллаһтың жолына шығаруың үшін өзіңе түсірген кітабымыз﴿ «Ибраһим» сүресі, 1-аят.

Бұл — Мухаммадтың ﷺ және оның тура жолдағы мүмін ізбасарларының миссиясы. Ол — адамзатты құтқару, әлсіздер мен жәбір көргендерге жәрдем беру және жер бетіне Аллаһтың нұрын жаю. Осылайша әлемнің түкпір-түкпіріне жақсылық пен әділдік орнап, мұсылман өз сенімі мен діні үшін қауіпсіздікте өмір сүріп, оны қару мен күштің көмегімен дінінен бездіруге тырысатын ешкімнің бүлігіне ұшырамайды.