Бір адам: «Уа, Аллаһ Елшісі ﷺ, менің әкем қайда?» — деп сұрады. Аллаһ Елшісі ﷺ: «Әкең тозақта», — деді. Әлгі адам бұрылып кеткен кезде, Аллаһ Елшісі ﷺ оны шақырып: «Расында, менің әкем де, сенің әкең де тозақта», — деді».
Хазіретті Әнәс жеткізген хадисте:
«Бір адам: «Уа, Аллаһ Елшісі ﷺ, менің әкем қайда?» — деп сұрады. Аллаһ Елшісі ﷺ: «Әкең тозақта», — деді. Әлгі адам бұрылып кеткен кезде, Аллаһ Елшісі ﷺ оны шақырып: «Расында, менің әкем де, сенің әкең де тозақта», — деді».
Шейхул-Ислам Шәбир Ахмад әл-Усмани әл-Ханафи әл-Матуриди «Фәтху әл-Мулһим би-шарх Сахих Муслим» кітабында (499-шы) хадистің түсіндірмесінде айтты:
(Әлгі адам бұрылып кеткен кезде, Аллаһ Елшісі ﷺ оны шақырып: «Расында, менің әкем де, сенің әкең де тозақта», — деді») дегені: бұл — ортақ қайғы арқылы жұбату, жақсы қарым-қатынас көрсету түрінен.
«Бұл хадисте күпірлік үстінде өлген адамның тозақта болатыны, әрі оған ең жақын, ең ардақты адамдарға туыстығы да пайда бермейтіні айтылған. Сондай-ақ онда Исламға дейінгі аралық кезеңде арабтардың пұтқа табынған күйінде өлгендері тозақ иелерінен екені айтылған. Бұл — оларға дағуат жетпей тұрып жауапқа тарту емес. Өйткені оларға Ибраһим және басқа пайғамбарлардың дағуаты жеткен еді. Аллаһ Тағаланың салауаты мен сәлемі олардың барлығына болсын», – деді.
Ғұлама Ибн Хаджар әл-Хайтами «әз-Зауәжир» кітабында былай деді:
«Біздің Пайғамбарымызға ﷺ Аллаһ Тағала ерекше құрмет көрсетіп, ата-анасын қайта тірілтіп, олар иман еткен. Бұл туралы әл-Қуртуби және Шам хадисшісі Ибн Насируд-Дин әд-Димашқи және басқалар сахих деген хадисте келген: “Олар (Пайғамбарымыздың ﷺ ата-анасы) өлгеннен кейін иман келтіріп, пайдасын көрді. Бұл – жалпы қағидаға қайшы болса да, Пайғамбарымызға ﷺ көрсетілген құрмет үшін”».
Бұл сөз «Радд әл-Мухтар» кітабында осылай келтірілген.
«Бұл (ата-анасының тірілтіліп, иман келтіргені туралы) сөз Имам Әбу Ханифа «әл-Фиқһу әл-Әкбар» кітабында айтқан: “Пайғамбарымыздың ата-анасы және атасы Абдул-Мутталиб күпірлік үстінде қайтты” деген пікіріне де, Сахих Муслимде келген: “Раббымнан анам үшін истиғфар тілеуге рұқсат сұрадым, бірақ маған рұқсат берілмеді” деген хадиске де, сондай-ақ: “Бір адам: ‘Уа, Аллаһтың Елшісі, менің әкем қайда?’ – деп сұрады. Ол: “Тозақта”, – деді. Ол адам бұрылып кеткенде, оны шақырып: “Менің әкем де, сенің әкең де тозақта”, – деді” деген хадиске де қайшы келмейді. Өйткені бұл тірілту кейінірек болуы мүмкін.
Ал олардың (Пайғамбарымыздың ﷺ ата-анасының) құтылуын “фатра дәуірінде өлді” деп дәлелдеу – әшғари ғалымдарының негізіне сүйенеді. Олардың пікірі бойынша, дағуат жетпеген адам құтылған күйде өледі.
Ал матуриди ғалымдарына келсек: егер адам өздігінен ой жүгіртуге жеткілікті уақыт өтпей тұрып, иман да, күпір де ұстанбай өлсе – оған жаза жоқ. Ал егер күпірді ұстанса немесе жеткілікті уақыт өткен соң ешнәрсеге сенбей өлсе – онда жағдай басқаша.
Иә, Бухара матуридилері бұл мәселеде әшғарилермен келіскен. Олар имамның: “Жаратушысы туралы надандыққа ешкімге ақтау жоқ” деген сөзін пайғамбар жіберілгеннен кейінгі кезеңге жориды. Мұны Ибн әл-Һумам «әт-Тахрир» еңбегінде таңдаған.
Алайда бұл – күпірлік сеніммен өлген адамға қатысты емес. Имам ән-Нәуәуи және Фахруддин әр-Рази ашық түрде: “Пайғамбар келмей тұрып, бірақ ширк үстінде өлген адам – тозақта” деп айтқан. Кейбір мәлики ғалымдары да “фатра иесінің азапталуы” туралы хадистерді осы мағынада түсіндірген.
Ал ширк жасамаған, бірақ таухидке де келмей, өмірін бейқамдықпен өткізген адамдар жайында – ғалымдар арасында пікірталас бар.
Ал ақылымен хақты тапқандар, мысалы Қусс ибн Сағида және Зайд ибн Амр ибн Нуфайл сияқты – олардың құтылатынына келіспеушілік жоқ.
Осыған сүйеніп, Аллаһтың кең мейірімі тұрғысынан, Пайғамбарымыздың ﷺ ата-анасы осы топтардың бірінен болуы мүмкін деген үміт айтылады. Тіпті кейбіреулер: “Пайғамбарымыздың барлық ата-бабасы таухид иелері болған” деген. Олар дәлел ретінде: ﴾Сондай-ақ (құлшылығыңды лайықты түрде атқару үшін) сәждеге бас қойғандармен бірге жан-тәніңмен намаз оқығаныңды (һәм сол өзіңмен бірге сәждеге бас қойғандардың Аллаға лайықты құл болуы үшін аянбай еңбек етіп жүргеніңді де) көруде.﴿ «әш-Шуара», сүресі, 219-аят деген аятты келтіреді.
Алайда Әбу Хайян әл-Андалуси бұл түсіндірмені қабылдамай, оны рафидилердің сөзі деп сынға алған және аяттың мағынасы басқа екенін айтқан.
Қорыта айтқанда, кейбір ғалымдар айтқандай: бұл мәселе жайында тек әдеппен сөйлеу керек. Бұл – білмеу зиян келтіретін, қабірде сұралатын немесе қияметте жауап берілетін мәселе емес. Сондықтан тілін бұл жайында тек жақсы сөз айту – қауіпсіз әрі абзал».
«Фатра иелерін, дұрыс пікір бойынша, – олар Қиямет күні сыналады. Сондықтан оларды жалпы түрде жәннаттық немесе тозақтық деп кесіп айтуға болмайды», – деген.
Ибн Хаджар әл-Әсқалани «Фәтху әл-Бәрри» еңбегінде былай деді:
«Есуас (ақыл-есі кем) адам мен фатра дәуірінде өлгендерге қатысты сынақ мәселесі сахих жолдармен келген».
Сондай-ақ Әл-Бәйһақи «әл-Иғтиқад» кітабында бұл көзқарастың дұрыс мәзһаб екенін жеткізген.
Бұған қарсы: «Ақырет – таклиф (шариғи міндет жүктеу) орны емес, онда амал да, сынақ та болмайды», – деп сын айтылған.
Оған жауап ретінде: бұл – адамдар жәннатқа немесе тозаққа түпкілікті орныққаннан кейінгі жағдайға қатысты. Ал Қиямет алаңдарында (хашр майданында) мұндай сынақтың болуы мүмкін.
Аллаһ Тағала айтты: ﴾Күндердің күнінде, ақиқат анық болып көрінеді және іс насырға шабады. (Сонда күллі жаратылыс құдіреті күшті жалғыз Жаратушыға) сәжде етуге шақырылады, алайда (тіршілігінде өз еркімен сәждеге бас қоймағандар) сәжде ете алмайды﴿ «Қалам» сүресі, 42-аят.
Сондай-ақ Сахих әл-Бухари және Сахих Муслим кітаптарында: «Адамдарға сәжде жасау бұйырылады. Сонда мұнафықтың арқасы тақтай сияқты қатып қалып, сәжде жасай алмай қалады», – деп келген».