Құранда баяндалған нағыз ерлердің сипаты.
﴾Сондай ер жігіттер бар, олардың күн-көріс көзіне айналған саудалары да, (күнделікті) алу-сату істері де оларға Аллаһты еске алуына, намаз оқуына және зекетті толық беруіне бөгет бола алмайды. Олар жүректер күйден күйге еніп, астаң-кестен болатын және көздер шарасынан шығатын ауыр күннен қорқады﴿ «ан-Нур» сүресі, 37-аят.
Шейх Мустафа әл-Хайрий әл-Хисний әл-Мансури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің «әл-Муқтатафу мин ғуиун әт-Тәфәсир» тәпсірінде осы аяттың түсіндірмесінде айтты:
﴾Сондай ер жігіттер бар﴿ «ерлер» деп тек ер адамдарды атады. Өйткені әйелдер сауда-саттық иелерінен емес (яғни, өйткені әйелдің асылы – үйде болуы), ﴾олардың күн-көріс көзіне айналған саудалары да﴿ — яғни сауданың ешбір түрі, ﴾(күнделікті) алу-сату істері де﴿ — яғни сауда-саттық, сатып алу мен сату, тіпті өте үлкен пайда әкелсе де ﴾оларға Аллаһты еске алуына﴿ — яғни тасбих, Аллаһқа мақтау айтуына, ﴾намаз оқуына﴿ — яғни оны өз уақытында, кешіктірмей орындаудан ﴾және зекетті толық беруіне﴿ — яғни беруге міндеттелген мал-мүлікті лайықты адамдарға беруден ﴾бөгет бола алмайды﴿ — бұл нағыз ерлердің сипаты. Бұл олардың Аллаһ Тағалаға толық берілгендігін және зікірмен шұғылдануға толықтай беріліп кеткенін білдіреді. Бұл жерде зекеттің намазбен бірге айтылуы — екеуінің ажырамас байланысты екенін білдіреді. Сондай-ақ, игі амалдар тек мешітпен ғана шектелмейтінін көрсетеді. ﴾Олар жүректер күйден күйге еніп, астаң-кестен болатын және көздер шарасынан шығатын ауыр күннен қорқады﴿ — яғни Қиямет күнінің қорқынышынан жүректер мен көздер шайқалып, күйзеліске түседі. Бұл туралы Аллаһ Тағала басқа аятта былай дейді: ﴾Сол кезде көздер шарасынан шығып, жүректер ауызға тығылып, жан алқымға келген болатын﴿ («әл-Ахзаб» сүресі, 10-аят). Бұл ерлер Аллаһты көп зікір етіп, көп құлшылық жасаса да, сонымен қатар қатты қорқынышта болады. Бұл қорқыныш тек мешіт ішінде ғана емес.