Ашура күнінің сүннеттері.
Имам Зәәдә әл-Ханафи өзінің «Ширғату әл-Ислам» кітапшасында (151-152 бет) айтты:
Ислам сүннеттерінің бірі – Ашура күнін ұлықтау. Өйткені Аршты көтеруші періштелер оның қасиетін біледі. Себебі бұл – пайғамбарлардың (оларға Аллаһтың сәлемі болсын) құтқарылған күні.
Сондай-ақ бұл күні Жәбірейіл, Микаил және Исрафил (оларға Аллаһтың салауаты болсын), Арш, Күрсі, Лаух, Қалам, көктер, жер және Жәннат жаратылған. Қиямет те осы күні болады деп айтылған.
Бұл күні ораза ұстау – жақсы көрілген сүннет. Өткен ізгілер бұл күні балаларға ештеңе жегізбейтін. Аллаһ Елшісі ﷺ Ашура күні сәбилерге тәхник жасап, олар күннің соңына дейін ештеңе жемейтін болған. Сондай-ақ: «Ашура күні жабайы аңдар жайылмайды» (яғни, ауыз бекітеді) деп те айтылған.
Яһудилерге ұқсамау үшін мухаррам айының тоғызыншы, оныншы (Ашура) және он бірінші күндерін оразамен өткізу құпталады.
Сондай-ақ бұл күні: өзімен ренжісіп жүрген адамдарды разы етуге; туыстық байланысты нығайтуға; шамасы келгенше кедейлерге садақа беруге; зікір мәжілістеріне қатысуға; кемінде он мұсылманға сәлем беруге; адамдарға су беріп, ас ішуіне себеп болуға; жалаңашты киіндіруге; жетімнің басынан сипауға; мұсылмандардың жолындағы зиянды нәрсені алып тастауға; мұсылмандардың арасын жарастыруға; жаназаға қатысуға; науқастың көңілін сұрауға; мұсылман бауырларымен Аллаһ разылығы үшін сүйіспеншілікпен қол алысып амандасуға ынталану керек.