Yesterday

Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Кісінің біле тұра өсімқорлықтан жеген бір дирһәмі отыз алты рет зина жасаудан да ауыр».

Абдуллаһ ибн Ханзала — “періштелер жуындырған” сахабаның ұлы — риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ айтты:

«Кісінің біле тұра өсімқорлықтан жеген бір дирһәмі отыз алты рет зина жасаудан да ауыр».
Ал әл-Бәйһақи «Шуғаб әл-иман» кітабында Ибн Аббастан риуаят етіп, мына сөзді қосты: «Кімнің еті хараммен өссе, онда от оған лайығырақ».

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (2825-ші) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

(Абдуллаһ ибн Ханзала — “періштелер жуындырған” сахаба) ат-Тыйби айтты: “Қысқаша мазмұны: Ұхуд шайқасына шақырған дауысты естіген кезде, әйелі оны бөгемек болды. Алайда ол Аллаһ Елшісінің ﷺ шақыруына жауап беруге қатты асыққаны соншалық, жүніп күйінде шығып кетті. Кейін шайқасып жүріп шаһид болды. Оны жерлемек болғанда, әйелі: “Ол шаһид қой, ғұсылсыз жерленеді”, — деді. Бірақ Раббысы оны құрметтеп, жерленуінен бұрын періштелерді түсіріп, жуындырып қойды. Сол себепті ол “періштелер жуындырған” деп аталды”.

(«Кісінің біле тұра өсімқорлықтан жеген бір дирһәмі) — егер білмесе де, бірақ үйренуі парыз болған нәрсені үйренуде салғырттық танытса, онда да үкімі осыған кіреді. Өйткені имамдар парыз болған ілімді үйренуді тастаған адамды күнә жағынан білетін адаммен тең санаған; (отыз алты рет зина жасаудан да ауыр»).

Сыртқы мағынасына қарағанда, бұл сөз харам жеуден қатты тыю, халал іздеуге ынталандыру және құл ақысына сақ болуға шақыру үшін әсірелеп айтылған. Ал дәл осы (хадистегі отыз алты) санның хикметі шариғат иесіне тапсырылған.

Сондай-ақ бұл ауырлықтың шынайы мағынада болуы да мүмкін. Яғни, бір рет өсімқорлық жеудің күнәсі әлгі отыз алты зинадан да ауыр болуы ықтимал. Оның хикметін Аллаһ Тағала біледі. Кейбір таңдаулы құлдарына бұл сыр ашылуы да мүмкін.

Айтылғандай, өсімқорлық адамды жаман ақыретке алып баруы мүмкін. Ғалымдар мұны Аллаһ Тағаланың: ﴾Егер олай істемейтін болсаңдар, Аллаһ және елшісінің сендерге қарсы соғыс ашатынын біліп қойыңдар﴿ («Бақара» сүресі, 279-аят) деген сөзінен түсінген. Ал кіммен Аллаһ және Оның Елшісі ﷺ соғысса немесе кім Аллаһпен және Оның Елшісімен ﷺ соғысса, ол ешқашан жеңіске жетпейді.

Сондықтан егер адам өлім сәтіне дейін өсімқорлықты жеуді қоймай, одан тәубе етпесе, бұл шайтанға оны сол сәтте азғыруға көмек болуы мүмкін. Ақырында оған бойсұнып, күпірлік хәлінде өліп кетуі де ықтимал. Осылайша әлгі “соғыс” жүзеге асады.

Сондай-ақ Аллаһ Тағаланың: ﴾Уа, иман келтіргендер! Пайызды еселеген үстіне еселеп, өсім жемеңдер. Аллаһқа қарсы келуден сақтаныңдар. Сонда (екі дүниеде де) азаптан құтылып, мақсат-мұраттарыңа жетесіңдер. Сондай-ақ кәпірлер үшін әзірленген тозақ отынан (иманға келіп, игілікті істер атқару арқылы) сақтаныңдар﴿ («Әли Имран» сүресі, 130–131 аяттар) деген аятқа дейінгі сөздерінде де өсімқорлық жейтін адам үшін күпірлік қаупі бар екеніне ишара бар.

Бұл сөзде рибаның неге соншалық ауыр екеніне жасырын ишара бар. Өйткені риба адамның тәніне сіңсе, ол көптеген күнәларға таралуы мүмкін. Немесе риба мәселесі күрделі болғандықтан, надан адам оны халал деп ойлап, күпірлікке түсіп кетуі ықтимал. Ал зина мәселесінің харам екені жәһилиятта да, Исламда да белгілі нәрсе.

(Бұл хадисті Ахмад пен әд-Дарақутни риуаят етті) яғни Абдуллаһ ибн Ханзаладан риуаят етті.

(Ал әл-Бәйһақи «Шуғаб әл-иман» кітабында Ибн Аббастан риуаят етіп, мына сөзді қосты) бұл қосымша әл-Бәйһақиден де, Ибн Аббастан да болуы мүмкін: («Кімнің еті хараммен өссе) — яғни, денесі өсіп, сүйегі қатайса (онда от оған лайығырақ»).

«Харам» сөзі — өсімқорлық, пара және адамдардың ақысы араласқан басқа да барлық харам дүниелерді қамтиды. Тіпті бұдан да жалпы мағынада болуы мүмкін.

Бұл сөзде өсімқорлықтың неге соншалық ауыр екеніне жасырын ишара бар. Өйткені өсімқорлық адамның тәніне сіңсе, ол көптеген күнәларға таралуы мүмкін. Немесе өсімқорлық мәселесін тану күрделі болғандықтан, надан адам оны халал деп ойлап, күпірлікке түсіп кетуі ықтимал. Ал зина мәселесінің харам екені жәһилиятта да, Исламда да белгілі нәрсе.