October 13

Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Егер дүниенің Аллаһтың құзырында масаның бір қанатындай құны болғанда, кәпірге одан бір жұтым су да ішкізбес еді».

Сәһл ибн Сағдтан риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ айтты:

«Егер дүниенің Аллаһтың құзырында масаның бір қанатындай құны болғанда, кәпірге одан бір жұтым су да ішкізбес еді».

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» кітабында (5177-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

(«Егер дүниенің Аллаһтың құзырында масаның бір қанатындай құны болғанда) яғни егер дүниенің титтей де қадірі болғанда, (кәпірге одан бір жұтым су да ішкізбес еді»). Демек, кәпірді дүниеден ең аз мөлшерде рақаттанудан да тыяр еді. Өйткені кәпір — Аллаһтың дұшпаны. Ал дұшпанға берушінің алдында қадірі бар нәрседен ештеңе берілмейді.

Дүние Оның алдында қадірсіз болғандықтан, оны Өзінің сүйікті құлдарына бермейді. Бұған мына хадис те ишара етеді:

«Сендердің бірің науқасты судан сақтағанындай, Аллаһ мүмін құлын дүниеден сақтайды».
Сондай-ақ: «Дүние кімнен алыстатылса да, бұл ол үшін қайырлы болады».

Сопылардың сөздерінің бірі: «Қорғалудың бір түрі — шамасы келмеу». Яғни кейбір нәрсеге қол жеткізе алмаудың өзі адамды сақтайды.

Аллаһтың тағдырына разы болып, өзіне жазылған үкімге қанағат еткен Пайғамбардың ﷺ дұғасында былай делінген:

«Уа, Аллаһ! Маған нәсіп еткен, мен сүйетін нәрселерді Өзің сүйетін істерге күш-қуат ет! Уа, Аллаһ! Мен сүйетін нәрселердің ішінен менен алыстатқандарыңның орнын Өзің сүйетін істерге арнайтын бос уақыт ет!»

Дүниенің Оның құзырында қадірсіз екендігінің тағы бір белгісі — оны кәпірлер мен күнәһарларға молынан беруі. Тіпті Аллаһ Тағала былай деген:

﴾Егер адамдар (бақ-дәулеті тасыған кәпірлерге қызығып, тек дүние қуып, ақиретті ұмытып, нәтижеде, жаппай күпірлікке бой алдырған) бірыңғай кәпір үмбетке айналмайтын болғанда, (бұл дүниені басы-бүтін кәпірлерге беріп) Рахманға күпірлік қылған әрбір кәпірді (сансыз байлыққа кенелтер едік те), олардың үйлерінің төбесі мен басатын баспалдақтары саф күмістен құйылған болар еді﴿ [«әз-Зухруф»: 33].

Пайғамбар ﷺ Омарға былай деген:

«Дүние оларға, ал ақырет бізге тиесілі болуына разы емессің бе?».

Аллаһ Тағала: ﴾Алайда Раббыларына қарсы келмей, тақуалық шеңберінде өмір сүргендер үшін (жайқалған жасыл бауларының арасынан және зәулім сарайларының) түбінен өзендер ағып жататын жаннат бақшалары бар. Олар онда мәңгі-бақи қалып, Аллаһтан ерекше сый-құрмет көреді. Аллаһтың дәргейіндегі бар игілік – ізгі де кемел мүміндер үшін әлдеқайда қайырлы﴿ [«Әли Имран»: 198], — деген. Сондай-ақ: ﴾Ол кәпірлердің бір бөлігіне оларды сынау үшін берген дүниедегі тіршіліктің жылтыраған сән-салтанатына қызығып көзіңді сүзбе! Раббыңның (өзіңе нәсіп еткен) нығметі мен ақиретте беретін ризық-несібесі әлдеқайда қайырлы һәм баянды (мәңгілік) болмақ﴿ [«Таһа»: 131], — деген.

Хадисте Ахмад, әт-Тирмизи және Ибн Мәджа риуаят еткен. Сондай-ақ Дия да риуаят еткен. Әт-Тирмизи хадисті: «Сахих хадис», — деген.