May 16

Бір кісі: “Уа, Аллаһтың Елшісі ﷺ! Қай садақаның сауабы ең үлкен?” — деп сұрады.

Хазіретті Әбу Һурайра (Аллаһ оған разы болсын) жеткізген хадисте:

«Бір кісі: “Уа, Аллаһтың Елшісі ﷺ! Қай садақаның сауабы ең үлкен?” — деп сұрады.
Сонда Аллаһтың Елшісі ﷺ: “Өзің денің сау, дүниеқоңыз болып тұрғаныңда, кедей болып қалудан қорқып әрі бай болуды үміт етіп тұрған күйіңде садақа беруің. Ал жан алқымыңа келіп, өлім таяғанда: “Пәленшеге мынаны беріңдер, түгеншеге мынаны беріңдер”, — деп кешіктірме. Өйткені ол мал онсыз да пәленшенің болып қойған”, — деді».

Имам (әл-Музһири атымен танымал) Мухаммад ибн әл-Хусәйн әз-Зәйдәни әл-Ханафи (һ. 727 ж. қайтыс болған) «әл-Мәфәтих фи шарх әл-Мәсабих» кітабында (1322-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

(«Бір кісі: “Уа, Аллаһтың Елшісі ﷺ! Қай садақаның сауабы ең үлкен?” — деп сұрады. Сонда Аллаһтың Елшісі ﷺ: “Өзің денің сау, дүниеқоңыз болып тұрғаныңда, кедей болып қалудан қорқып әрі бай болуды үміт етіп тұрған күйіңде садақа беруің) яғни: денің сау кезінде. Өйткені адам дені сау кезде көбіне сараңдық танытып, кедей болып қалудан қорқады. Нәпсісі оған: “Малыңды жұмсама! Кейін кедей болып, адамдарға мұқтаж болып қаласың. Керісінше, бай болып қалуың үшін малыңды үйіңде сақта. Сонда байлығыңның арқасында адамдар арасында абыройың болады”, — деп азғырады. Сондықтан дәл осындай жағдайда берілген садақа — нәпсіге қарсы келу жағынан ең абзал садақа.

(Ал жан алқымыңа келіп, өлім таяғанда: “Пәленшеге мынаны беріңдер, түгеншеге мынаны беріңдер”, — деп кешіктірме) яғни: садақаны рух алқымға жеткенге дейін кешіктірме. Басқаша айтқанда, өлім жақындап, дүниемен қоштасатыныңды білген кезде: “Пәлен кедейге малымнан мынаны беріңдер, пәлен мешіттің құрылысына малымнан мынаны жұмсаңдар”, — деп айтатын хәлге дейін күтпе.

(Өйткені ол мал онсыз да пәленшенің болып қойған”, — деді») яғни: мұндай жағдайда малыңның үштен екісі мирасқорларыңа тиесілі болып қойған болады. Сол себепті бұл кезде малдың үштен бірінен артығына билік жүргізуіңе рұқсат жоқ. Ал сен осы кезде барлық малыңды қайырымдылыққа жұмсауды бұйырасың. Ендеше, үкімі өзіңе тиесілі болмай қалған малдан берілген садақа қалай қабыл болсын? Өйткені ол малдың үштен екісі енді мұрагерлердің ақысы болып саналады.