September 30
Пайғамбар ﷺ қазағтан тыйған.
3416 — Нафиғ Ибн Омардан (Аллаһ оларға разы болсын):
«Пайғамбардың ﷺ қазағтан тыйғанын естідім», — деді.
Нафиғтан: «Қазағ деген не?» — деп сұралғанда, ол: «Баланың басының бір бөлігін қырып, бір бөлігін қалдыру», — деді. Кейбір ғалымдар бұл түсіндірмені хадистің мәтініне қосып жеткізген.
3417 — Ибн Омардан (Аллаһ оларға разы болсын) риуаят етіледі:
«Пайғамбар ﷺ басының бір бөлігі қырылып, бір бөлігі қалдырылған баланы көрді. Сонда бұлай істеуден тыйып:
«Басын түгелдей қырыңдар немесе түгелдей қалдырыңдар», — деді».
Имам (әл-Музһири атымен танымал) Мухаммад ибн әл-Хусәйн әз-Зәйдәни әл-Ханафи (һ. 727 ж. қайтыс болған) «әл-Мәфәтих фи шарх әл-Мәсабих» кітабында (3416-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:
«Қазағ» (القَزَع) сөзінің мағынасы — бұлттың бір бөлігі. Бастың айналасындағы шаш қырылып, әр жерде қалдырылған шаш бөліктері бұлттың бөлек-бөлек бөліктеріне ұқсатылған.
Қазағтың мәкруһ болуының себебі — адамның сыртқы көрінісін ұсқынсыз етуі. Өйткені қазағ адамның келбетін ұсқынсыз етеді. Сондай-ақ қазағ — дінсіздердің әдетінен.