August 24

«Аллаһ Елшісі ﷺ жоқтаушы әйелді және соны тыңдап отырған әйелді лағынеттеді».

Әбу Сағид әл-Худри (Аллаһ одан разы болсын) былай деген: «Аллаһ Елшісі ﷺ жоқтаушы әйелді және соны тыңдап отырған әйелді лағынеттеді». Хадисті Әбу Дәуід риуаят етті.

Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 1732) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(«Аллаһ Елшісі ﷺ жоқтаушы әйелді де) Айтылады: ««Жоқтаушы»: қайтыс болған кісінің артынан жоқтау айтатын, яғни оған жылап, оның жақсы қасиеттерін тізіп жоқтау айтатын әйел». Кейбіреулердің пікірінше, бұл — дауыс шығарып жылау дегенге саяды. Хадисте тыйым салынған әрекет — қайтыс болған адамға немесе дүниелік нәрселерден айырылғанына жоқтау айту. Ал егер адам өзінің күнәсіне бола өкініп, жыласа, бұл — ғибадаттың бір түрі болып есептеледі.

Хадисте «жоқтаушы әйел» деген арнайы айтылған, себебі әдетте мұндай әрекет әйелдер тарапынан көбірек жасалады. Сондай-ақ, «النائحة» сөзіндегі «тә» әрпі асыра сілтеу (мүбәлаға) мағынасында келіп, жиі әрі дағдылы түрде жоқтау айтатын әйелді меңзейді. Ал егер жоқтау кейде ғана болып қалса — мысалы, кенеттен болған қайғыдан өз-өзін ұстай алмай, әлсіздікпен айтып қойса — онда бұл адамның әділдігіне (яғни діни тұрғыдан сенімді, тақуа адам болуына) нұқсан келтірмейді. Бұл – кейде кісі байқаусызда өтірік айтып қойып, бірақ сонысымен өтірікші болып есептелмейтін жағдай сияқты. Сондықтан хадистегі «лағынет» сөзі мұндай жағдайда міндетті түрде үлкен күнә (кәбәир) жасалды деген нақты үкімді білдірмейді, қайта өте қатаң ескерту, қорқыту ретінде түсіну қажет (яғни, «лағынет» сөзі – бірден үлкен күнә дегенді білдірмейді. Ол кейде адамдарды тыю үшін қатты ескерту ретінде айтылады. Сондықтан кейде байқамай болып қалған жағдайда ол адам бірден күнәһар, не пасық болып саналмайды), (соны тыңдап отырған әйелді де лағынеттеді») Яғни, арнайы барып тыңдайтын және соған риза болатын, ұнататын әйелге қатысты. Бұл, өзі ғайбат айтпаса да, ғайбатты тыңдаған адам ғайбатшының күнәсіне ортақ болатыны сияқты. Ал Құран оқыған адам мен оны ықыласпен тыңдаған адамның сауапта ортақ болатыны да осыған ұқсас». (Хадисті Әбу Дәуд риуаят етті) Мирк айтты: «Иснадында Мухаммад ибн әл-Хасан ибн Атийя әл-Уфи бар. Ол бұл хадисті әкесінен, ал әкесі өз әкесінен риуаят еткен. Бұл үш кісі де әлсіз¹ риуаят етушілер»».

¹Әлсіз деген, бұл хадиске амал етуге болмайды деген сөз емес. Бұл туралы мына жерден оқысаңыз болады.