September 4

Хұтба кезінде аса таяққа сүйену туралы.

Ауған Ислам Әмірлігіндегі Һират өлкесінің әкімі, хадис және фиқһ ұстазы, муджаһид Шейх Нур-Ахмад Исламжар әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің «әл-Мәтин фи әл-фиқһ әл-Ханафи» кітабында айтты:

Жұма хұтбасында имам аса таяққа немесе садаққа сүйеніп тұрады. Бұл «Сунан Әбу Дәудте» келген риуаятпен бекітілген. Әл-Қуһистани «әл-Мухит» кітабынан: “Аса таяқ ұстау — тік тұру секілді сүннет”, — деп жеткізген («Раддул-Мухтар»).

Алайда «әл-Фәтәуә әл-Һиндия» кітабында: “Садаққа немесе аса таяққа сүйеніп хұтба айту мәкруһ. «әл-Хуласада» да осылай. «әл-Мухит» кітабында да осылай”, — делінген.

Мен айтамын: «әл-Бахр» мен «ән-Нәһр» кітаптарында да осылай (аса таяққа сүйеніп тұру мәкруһ деп) келген. «Имдаду әл-Фәтәуә» кітабында бұл сөздердің арасын былайша үйлестірген: “Қажеттілік болған жағдайда аса таяқ ұстауға болады, бірақ оны әдетке айналдырмау керек”.

Ал «әл-Усмания» кітабында былайша үйлестірілген: “Аса таяқ ұстаудың өзі — сүннет. Алайда оны міндетті нәрсе деп санау — мәкруһ әрі бидғат”.

«Фәтәуа Уахидия» (244-бет) кітабында былайша үйлестірілген: “Аса таяқ ұстау — сүннет, ал оған сүйену — мәкруһ. Ұстау дегеннің өзі сүйенуді білдірмейді”.

Пайдалы мәселе:
Ғұлама Абдул-Хай әл-Ләкнәуи былай деген: “Егер хұтба айтушы еш нәрсеге сүйенбейтін болса, қолдарын төмен түсіріп тұрғаны абзал. Ал демалу үшін бір қолын екінші қолының үстіне қойса, онда оқасы жоқ”.

Пақыр аудармашыдан ескертпе: Аса таяққа сүйенуді мәкруһ деген ғалымдардың пікірі бойынша, мұндағы мәкруһ — мәкруһ тәнзиһи мағынасында екенін ескерген жөн. Жалпы, бұл — дау-дамай туғызатын немесе міндетті түрде орындалуы қажет мәселелердің қатарынан емес. Мұнда тек жалпы мағлұмат ретінде беріліп отыр.