Намаздан соң жамағатпен дұға ету мәселесі.
Ауған Ислам Әмірлігіндегі Һират өлкесінің әкімі, хадис және фиқһ ұстазы, муджаһид Шейх Нур-Ахмад Исламжар әл-Ханафи әл-Матуриди ханафи мәзһабының фиқһын баяндайтын «әл-Мәтин фи әл-Фиқһ» кітабында «намаздан соң жамағатпен дұға ету» мәселесінде айтты:
Біздің заманымызда парыз намаздан кейін қолдарын көтеріп, белгілі бір қалыпта жасалатын дұғаны Пайғамбарымыздың ﷺ дәуірінде үнемі осылай орындау болмағанын білген жөн. Иә, парыз намаздан кейін қол көтерместен әрі жамағат болып жиналмастан дұға ету көптеген риуаяттармен бекіген. Мұның дәлелдері тауатур дәрежесіне (яғни, көптеген сенімді жолдармен) жеткен.
Ал нәпіл намаздан кейін жамағат болып, қол көтеріп дұға ету екі оқиғада келген. Соның бірі — Умм Суләймнің үйінде Пайғамбарымыздың ﷺ нәпіл намаз оқып, хазіретті Әнасқа дұға жасауы.
Әш-Шатибидің «әл-Иғтисам» және «әс-Сунна» кітабында Мәликтен мұның бидғат екені жеткізілген. Оның мұндағы мақсаты — бұл амалдың Пайғамбарымыздың ﷺ берекелі дәуірінде тұрақты түрде орындалмағанын айту. Әйтпесе, мұны мүлде рұқсат етілмеген іс деп үкімдеу көзделмеген.
Қазіргі ханафи ғалымдарының кейбірі: «Басқа жағдайларда дұға кезінде қол көтеру бекігендіктен, бұл үкім парыз намаздан кейінгі дұғаға да қолданылады», — деп, жалпы мағыналы дәлелдерді алға тартқан.
Мен айтамын: парыз намаздан өзге жағдайлардағы дұғаларда қол көтерудің бекігеніне күмән жоқ. Алайда жалпы әрі шектеусіз келген дәлелдермен дәлелдеу — сол мәселеге қатысты арнайы үкім келмеген жағдайда ғана орынды. Бұл жөнінде Тирмизидегі: «... Екі қолыңды көтересің, яғни алақандарыңның ішкі жағын өз жүзіңе қаратып: “Уа, Раббым! Уа, Раббым!” дейсің. Кім мұны істемесе, ол — пәлендей-пәлендей» деген риуаятты да келтіруге болады. Бірақ ол жоғарыда айтылған қалыптың тұтас түріне (яғни, парыз намаздан кейін үнемі дұға етуге) дәлел бола алмайды.
Ибн әл-Қайим «әз-Зәәд» кітабында мұны бидғат деген. Алайда оның бұл сөзіне қарсы пікір де айтылған. «Әл-Ғарф әш-Шәзи шарх Сунан әт-Термизи» кітабынан алынған үзінді.
Ғұлама Ануар Шаһ әл-Кәшмири әл-Ханафи әл-Матуриди «ән-Нәфәис әл-Марғубадан» кітабында айтты:
«Дұға үшін намаз жамағатына ұқсас арнайы жамағат құру, оған қатыспаған адамды сөгу, имам белгілеп, дұғада соған ұю және осы секілді кейіннен пайда болған істердің бәрі — білімнің аздығы мен надандықтың көптігінен. Надан адам не шектен шығады, не кемшілікке жол береді».
Ғұлама Зафар Ахмад әл-Усмани әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің «Иғлә әс-Сунан» кітабында (3-том, 205-бет, 939-хадистің түсіндірмесі) былай деген:
«Аллаһ Үндістанның кейбір өңірлеріндегі бидғатқа берілген бір топқа рақым етсін! Олар мынадай амалды тұрақты әдетке айналдырған: имам мен жамағат парыз намаздан кейін “Аллаһуммә әнтәс-сәләм, уә минкәс-сәләм…” дұғасын оқып, орындарынан тұрады. (Соңғы) сүннет намаздарын орындап болған соң, имам “Фатиха” сүресін оқығаннан кейін екінші рет дауыстап дұға етеді, ал ұюшылар “әмин” деп отырады.
Олар мұны міндетті әрі үздіксіз орындалатын амал ретінде ұстанғаны сонша, кейбір қарапайым адамдар намаздан кейін имам мен жамағаттың бірге дұға етуін қажетті, уәжіп іс деп сеніп қалған. Тіпті имам (парыздан кеін соңғы) сүннет пен нәпіл намаздарын ұзағырақ оқып, дұғаға кешіксе, оған наразылық білдіреді…
Тіпті мешіт басшылары имамдарды осы дұғаны жүргізуге мәжбүрлейді… Бұған келіспеген имамды имамдықтан босатып, оны қаралайды…
Аллаһпен ант етемін, бұл — дінге кейіннен енгізілген іс».
Осыған ұқсас пікірлер мына еңбектерде де айтылған:
- «Имдаду әл-Әхкәм» — «Имдаду әл-Фәтәуәнің» толықтырмасы;
- «Фәтәуә Мазаһир әл-Улум», «Фәтәуә Халилия» деген атпен белгілі: 1-том, 330-бет;
- «Фәтәуә Дар әл-Улум Деобанд»;
- «Кифаяту әл-Муфти»;
- «Имдаду әл-Фәтәуә», жұма және айт намаздары бөлімі: 1-том, 533-бет;
- «Фәтәуә Махмудия»: 5-том, 706-бет;
- «Фәтәуә Рахимия»;
- «Хайру әл-Фәтәуә»;
- «Ахсану әл-Фәтәуә»: 1-том, 341-бет;
- «Аап ке масаил»;
- «Фәтәуә Манбағ әл-Улум».
Бұл мәселе шейх Абдур-Рахим ән-Нақшбанди әл-Мужаддидидің «Бараһин Уадиха» рисаласында да зерттелген. Сондай-ақ осыған ұқсас пікір Мәуләнә Лудһиянуидің «Ахсану әл-Фәтәуә» кітабының 10-томына енгізілген «Зубдат әл-Кәлимәт» еңбегінде де бар.
Ескертпе: Бұл жерде автор парыз намаздан кейін немесе жалпы намаздан кейін жамағатпен дұға етуді мүлде тыйым салынған іс немесе бидғат деп отырған жоқ. Оның ескерткені — мұны үнемі орындалатын міндетті амалға айналдырып, жамағаттың оны сүннет не уәжіп деп қабылдап кету мәселесі. Ал намаздан кейін екі қолды көтеріп дұға етудің өзінде ешқандай айып жоқ.