Yesterday

Намазда сутра қоюдың үкімі.

Талха өз әкесінен (Аллаһ олардан разы болсын) риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ айтты:

«Сендердің бірің алдыңа ер-тоқымның артқы тірегіндей нәрсе (сутра ретінде) қойса, намазын оқи берсін. Оның ар жағынан кім өтсе де, оған мән бермесін».

Шейхул-Ислам Шәбир Ахмад әл-Усмани әл-Ханафи әл-Матуриди «Фәтху әл-Мулһим би-шарх Сахих Муслим» кітабында (1111-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

Бұл хадистен намаз оқушының алдына сутра қоюдың мустахаб екендігі түсініледі. Солай хадистің түсіндірмесінде келген.

Имам Абдур-Раззақтың «Мусаннаф» еңбегінде Нафиғтан риуаят етіледі:

«Ибн Омардың (Аллаһ одан разы болсын) ер-тоқымының артқы тірегі шамамен бір шынтақтай болатын».

Сондай-ақ әл-Хаким ан-Найсабури, Ахмад ибн Ханбал және басқалар риуаят еткен хадисте бұйрық түрінде келген:

«Сендердің бірің намаз оқыса, сутраға қарап оқысын және ешкімді алдынан өткізбеcін».

Ал «әл-Муния» кітабында сутраны тастау мәкруһ екені айтылған, бірақ бұл — тәнзиһи мәкруһ. Бұйрықтың уәжіп емес (мустахаб) екеніне дәлел ретінде Әбу Дауд әл-Фадл ибн Аббастан (Аллаһ одан разы болсын) риуаят еткен хадис келтіріледі:

«Біз Пайғамбарымызды ﷺ далада, алдында сутрасыз намаз оқып жатқанын көрдік».

Сондай-ақ Ахмад ибн Ханбал риуаятында:

«Ибн Аббас (Аллаһ одан разы болсын) ашық жерде, алдында еш нәрсе жоқ күйде намаз оқыды».

«Шурунбулялия» кітабында:

«Егер адам адамдар өтпейтін жерде және жолға қарама-қарсы тұрмаса, сутраны тастау мәкруһ болмайды. Өйткені сутра — өтіп кетушіден тосқауыл үшін қойылады», – делінген.

«Әл-Бахру» кітабында «әл-Хилиядан» жеткізіледі:

«Мұндай жағдайда да сутра қою абзалырақ. Тіпті оны тастау мәкруһ болмаса да, басқа мақсат үшін — көзді ар жағындағы нәрселерден тыю және ойды жинақтау үшін пайдалы».

Бұл мағына «Радду әл-Мухтар» да осылай келтірілген.