Намаз үкімдерін үйрету – уағыз айтудан және зікірлер мен ізгі амалдардың артықшылықтарын баяндаудан маңызды.
Имам Ибн Кәмәл Баша әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің «әл-Мунира» кітабында (139-142 бетте) айтты:
Уағыз айтушы ең алдымен адамдарға намаздың рүкіндерін, оны дұрыс орындау жолдарын, намаздың дұрыс және бұрыс болуына себеп болатын нәрселерді, уәжіптерін, мустахабтарын және сүннеттерін үйретуі қажет. Өйткені жастардың көбі осы мәселелерден бейхабар.
Алайда қазіргі замандағы кейбір ғалымдар мен шейхтар мінберге отырып алып, адамдарға осы парыздар мен уәжіптерді үйретпейді. Керісінше, өздерінің білімді екенін көрсету үшін Құранды шариғат қағидалары мен усул-фиқһ негіздеріне сүйеніп тәпсірлейді. Ал адамдардың ықыласын аударып, дүниелік пайда табу мақсатында осындай хадистерді жаттап алып, былай дейді:
«Кім таңертең: “Аллаһтан басқа құлшылыққа лайық ешбір тәңір жоқ. Ол – жалғыз, Оның серігі жоқ. Бүкіл билік Оған тән, барлық мадақ Оған тән. Ол тірілтеді әрі өлтіреді. Оның әр нәрсеге толық күші жетеді”, – деп айтса, оған Ысмайылдың ұрпағынан бір құл азат еткеннің сауабындай сауап жазылады. Оған он сауап жазылып, он күнәсі кешіріледі, дәрежесі он сатыға көтеріледі әрі кешке дейін шайтаннан қорғалады. Егер осыны кешке айтса, таң атқанға дейін дәл сондай сауапқа ие болады».
Сондай-ақ Пайғамбарымыз ﷺ айтты:
«Қай мұсылман таңертең немесе кешке үш рет: “Аллаһты Раббым, Исламды дінім, Мухаммадты ﷺ пайғамбарым деп разы болдым”, – десе, Аллаһ Тағалаға оны Қиямет күні разы етуі міндет болады».
Сондай-ақ Пайғамбарымыз ﷺ айтты:
«Кім таңертең: “Уа, Аллаһ! Маған немесе жаратылыстарыңның біріне жеткен қандай да бір нығмет болса, оның бәрі Сенен ғана. Сенің серігің жоқ. Барлық мақтау да, барлық шүкір де Саған тән”, – деп айтса, сол күнгі шүкірін өтеген болады. Ал мұны кешке айтқан адам сол түнгі шүкірін өтеген болады».
Сондай-ақ Пайғамбарымыз ﷺ айтты:
«Кім төсегіне жатқанда үш рет: “Ұлы Аллаһтан кешірім сұраймын. Одан басқа құлшылыққа лайық тәңір жоқ. Ол – Мәңгі Тірі, барлық нәрсені Өз қалауымен басқарып Тұрушы. Оған тәубе етемін”, – десе, Аллаһ Тағала оның күнәларын, теңіздің көбігіндей, “Аалиж” атты жердің құмындай, ағаштардың жапырағындай немесе дүниенің күндерінің санындай көп болса да, кешіреді».
Алайда осы хадистердің біріншісіндегі Пайғамбарымыз ﷺ айтқан:
«Оның дәрежесі он сатыға көтеріледі әрі шайтаннан қорғалады», – деген сөздің мағынасы ізгі мүмінге қатысты. Өйткені шариғат үкімі бойынша пасық адам – шайтанның тобынан. Ал шайтанның тобынан болған адам Аллаһ Тағаланың құзырында шайтаннан қорғалған болып саналмайды.
Сол сияқты Пайғамбарымыз ﷺ айтқан:
«Аллаһты Раббым, Исламды дінім, Мухаммадты ﷺ пайғамбарым деп разы болдым», – деген сөздің мағынасы Аллаһ Тағаланың мына аятына сай келетін адамға қатысты: ﴾Аллаһ оларға разы, олар да Аллаһқа дән риза. Міне, осынау «разылық» мәртебесі Раббысына тиісінше тағзым етіп, Одан шын именетін ізгі жандарға нәсіп болады﴿ («әл-Бәйинә» сүресі, 8-аят).
Сондай-ақ Пайғамбарымыз ﷺ айтты:
«Аллаһты Раббы, Исламды дін, Мухаммадты ﷺ пайғамбар әрі елші деп разы болған адам иманның дәмін татты».
Аллаһ Тағала пасық адамға разы болмайды, пасық адам да Аллаһқа разы болмайды. Сол сияқты Аллаһтың Елшісі ﷺ де оған разы болмайды. Сондықтан кім пасық болса, ол иманның дәмін татпаған болады.
Сондай-ақ Пайғамбарымыз ﷺ айтқан:
«Маған немесе жаратылыстарыңның біріне жеткен қандай да бір нығмет болса, оның бәрі Сенен», – деген сөздің мағынасы Аллаһ Тағалаға шүкір етуші адамға қатысты. Ал шүкір етушінің ең төменгі дәрежесі – ізгі адам болуы. Өйткені шариғат үкімі бойынша пасық адамға «шүкір етуші» деп айтылмайды.
Пайғамбарымыз ﷺ сондай-ақ былай деді:
«Кімде-кімде мына екі қасиет болса, Аллаһ Тағала оны шүкір етуші әрі сабыр етуші деп жазады: дінінде өзінен жоғары тұрған адамға қарап, одан үлгі алса; дүниелік істерінде өзінен төмен тұрған адамға қарап, Аллаһтың өзіне берген артықшылығына шүкір етсе, Аллаһ оны шүкір етуші әрі сабыр етуші деп жазады. Ал кім дінінде өзінен төмен тұрғанға қарап, дүниелік істерінде өзінен жоғары тұрғанға қарап, қолы жетпеген нәрсеге өкінсе, Аллаһ оны шүкір етуші де, сабыр етуші де деп жазбайды».
Сондай-ақ Пайғамбарымыз ﷺ айтқан:
«Ұлы Аллаһтан кешірім сұраймын. Одан басқа құлшылыққа лайық тәңір жоқ. Ол – Мәңгі Тірі, барлық нәрсені Өз қалауымен басқарып Тұрушы. Оған тәубе етемін», – деген сөздің мағынасы жүрегі осы сөзіне шынайы сай келетін адамға қатысты. Ал егер жүрегі бұл сөзге сай болмаса, онда оның тәубесі – өтірікшілердің тәубесі болады. Мұндай жағдайда оған тағы да шынайы тәубе ету қажет.