﴾Міне, сондықтан да Исрайыл ұрпақтарына мына үкімді жаздық: кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасамаған бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады﴿.
﴾Міне, сондықтан да Исрайыл ұрпақтарына мына үкімді жаздық: кімде-кім кісі өлтірмеген немесе жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасамаған бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады. Сондай-ақ кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады. Оларға елшілеріміз (осындай үкімдермен һәм өздерінің пайғамбар екендіктерін көрсететін) айқын дәлелдермен, мұғжизалармен келген еді. Алайда содан кейін де олардың басым көпшілігі жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасауда шектен шығуда﴿ «әл-Мәида» сүресі, 32-аят.
Шейх Мустафа әл-Хайрий әл-Хисний әл-Мансури әл-Ханафи әл-Матуриди (һ. 1307-1390 жж.) өзінің «әл-Муқтатафу мин ғуиун әт-Тәфәсир» тәпсірінде осы аяттың түсіндірмесінде айтты:
﴾Міне, сондықтан да﴿ бұл адам өлтірудің қаншалықты ауыр әрі аса жиіркенішті іс екеніне ишара етеді ﴾Исрайыл ұрпақтарына﴿ — Исраил ұрпақтарын арнайы атап айтуының себебі: қызғаныш бұл бұзақылықтың бастауы болған еді, әрі қызғаныш көбіне соларда кездесетін. Сондай-ақ адам өлтірудің ауырлығы алғаш рет анық баяндалған кітап — Тәурат болатын. Соған қарамастан олар бұл мәселеде ең шектен шыққандар болды, тіпті пайғамбарларды да өлтірді; ﴾мына үкімді жаздық: кімде-кім кісі өлтірмеген﴿ яғни, басқа біреуді өлтіргені үшін қысас ретінде емес ﴾немесе жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасамаған﴿ яғни, жер бетінде қанын төгуге себеп болатын бұзақылық жасамаған болса. Мысалы: ширк, діннен шығу, қарақшылық секілді ﴾бейкүнә жанды нақақтан-нақақ өлтірсе, бүкіл адамзатты өлтіргендей болады﴿. Ұқсатудың мәні: екі жағдайда да қанның қасиетін аяққа таптау, адамдарды кісі өлтіруге батылдандыру және Аллаһтың ашуы мен азабын тарту бар. ﴾Сондай-ақ кім біреуді өлімнен құтқарып қалса﴿ яғни, кім бір жанның аман қалуына себеп болса. Мысалы: өлтірмек болған адамды тоқтату арқылы немесе өрт, суға кету, үйінді астында қалу секілді өлім себептерінен құтқару арқылы, ﴾бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады﴿. Бұл жердегі ұқсатудың мағынасы анық. Аяттың мақсаты — адам өлтірудің қаншалықты қорқынышты іс екенін және жан сақтап қалудың қаншалықты ұлы амал екенін адамның жүрегіне әсер ететін түрде бейнелеу. Бірі қорқыныш тудырса, екіншісі ынталандырады.
Бұл қасиетті аят бізге адамзаттың біртұтас екенін және әрбір адамның бүкіл қоғам өміріне қатысты жауапкершілігі бар екенін үйретеді. ﴾Оларға елшілеріміз (осындай үкімдермен һәм өздерінің пайғамбар екендіктерін көрсететін) айқын дәлелдермен, мұғжизалармен келген еді﴿. Бұл жерде «біз жібердік» демей, «келді» деп айтылуы — елшілердің хабарларының оларға толық жеткенін айқындау үшін. Яғни: «Аллаһпен ант етеміз, елшілеріміз оларға анық дәлелдермен келіп, біз жазған үкімдерді бекітіп түсіндірді» ﴾Алайда содан кейін де олардың басым көпшілігі﴿ осы түсіндірулер мен ескертулерден кейін де ﴾жер бетінде бүлік шығарып, бұзақылық жасауда шектен шығуда﴿. Олардың көбісі жер бетінде адам өлтіруде шектен шығып кетті әрі келген елшілердің дәлелдеріне еш мән бермеді.
«Жер бетінде» деп айтылуы — олардың бұзақылығының зияны бүкіл жерге жайылып, кең тарағанына ишара.