﴾Олардың оңаша бас қосқан жиналыстарында қайыр жоқ﴿.
﴾Олардың оңаша бас қосқан құпия жиналыстарының көбінде қайыр жоқ. Алайда, мұқтаждарға садақа беруді, ізгілікті, жақсылық жасауды және араздасқан адамдардың арасын жарастыруды бұйыратындардың жөні бөлек. Кімде-кім мұны Аллаһтың разылығына бөленуді қалап істесе, оны зор сауапқа (сый-сияпатқа) бөлейміз﴿ «ан-Ниса» сүресі, 114-аят.
1. Тура жол имамы Имам Әбу Мансур әл-Ханафи әл-Матуриди (һ. 333 ж. қайтыс болған) — Аллаһ оны рақымына бөлесін — өзінің әйгілі «Тәуиләт әһли әс-Сунна» тәпсірінде аяттың түсіндірмесінде айтты:
Аллаһ Тағаланың: ﴾Олардың оңаша бас қосқан құпия жиналыстарынының көбінде қайыр жоқ﴿ деген сөзіне келсек, “жиналыс” сөзіне қатысты әртүрлі пікір айтылған.
Бір пікірде: “жиналыс” — адамдар тобы деген мағынада. Бұл ﴾Олар өзара сыбырласқан топ болған кезде... ﴿ деген аяттағыдай, яғни “адамдар” деген мағына.
Екінші пікірде: “жиналыс” — құпия сөйлесу, сыбырласу деген мағынада. Бұл ﴾Үш кісі жасырын бас қосып сөйлессе...﴿ деген аяттағыдай.
Содан кейін Аллаһ Тағала: ﴾Алайда, мұқтаждарға садақа беруді, ізгілікті, жақсылық жасауды және араздасқан адамдардың арасын жарастыруды бұйыратындардың жөні бөлек﴿ деген аятпен ерекшелік жасады.
Егер “жиналыс” сөзімен тек сыбырласу әрекетінің өзі меңзелсе, онда мағынасы: “Адамдардың оңаша бас қосып, құпия түрде сөйлескен жиналыстарының көбінде қайыр жоқ. Тек садақа беруге, игі іске және адамдардың арасын жарастыруға бұйырып, сол үшін бас қосқан жиналыстың жөні бөлек” дегендей болады.
Ал егер “жиналыс” сөзімен адамдар тобы меңзелсе, онда мағынасы, Аллаһ жақсырақ білуші: “Адамдардың көпшілігінде қайыр жоқ. Тек садақаға, игі іске немесе адамдардың арасын жарастыруға бұйырған адамдардың ғана жөні бөлек” деген болады. Және осы мағына дұрысыраққа жақын.
2. Шейх Мустафа әл-Хайрий әл-Хисний әл-Мансури әл-Ханафи әл-Матуриди (һ. 1307-1390 жж.) өзінің «әл-Муқтатафу мин ғуиун әт-Тәфәсир» тәпсірінде осы аяттың түсіндірмесінде айтты:
﴾Олардың оңаша бас қосқан құпия жиналыстарынының көбінде қайыр жоқ﴿. Аяттағы есімдік адамдарға қатысты (яғни: “адамдардың көпшілігінде қайыр жоқ”). «Жианлыс» (نجوى) дегеніміз — екі адам не бір топтың өзгелерден оңаша сөйлесуі. Және «жианлыс» сөзі өзара сыбырласу мағынасында да келеді. ﴾Алайда, мұқтаждарға садақа беруді﴿ яғни, бірақ садақа беруді, ﴾ізгілікті, жақсылық жасауды﴿ дегені: шариғат жақсы деп таныған әрі құптаған барлық іс. Бұған әртүрлі жақсылықтар кіреді: қиындыққа түскенге жәрдем беру, адасқанды тура жолға бағыттау және басқа да игі амалдар ﴾және араздасқан адамдардың арасын жарастыруды бұйыратындардың жөні бөлек﴿ яғни, адамдар арасында дұшпандық туындаған кезде, шариғат шегінен шықпай араларын татуластыру. Иә, адамдарды жарастыру қажеттілігі үшін кей жағдайда өтірік айтуға рұқсат етілген. Бұл жөнінде хадисте: «Адамдардың арасын жарастыратын адам өтірікші емес» делінген.
Әбу әд-Дардадан (Аллаһ оған разы болсын) жеткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ былай деген: «Сендерге ораза, намаз және садақаның дәрежесінен де абзал амалды хабар берейін бе?» Олар: «Иә», — деді. Сонда Ол ﷺ: «Адамдардың арасын жарастыру», — деді.
Мұндай хадистердің мақсаты — осы амалға ынталандыру. Мұнда сөздің сыртқы мағынасы толықтай көзделіп тұрған жоқ. Бірақ егер адамдарды жарастырмаудың салдарынан үлкен бүлік пен ауыр зиян туындайтын болса, онда оның маңызы өте зор болады.
﴾Кімде-кім мұны﴿ яғни, садақа беру, жақсылық жасау және адамдардың арасын жарастыру секілді істерді ﴾Аллаһтың разылығына бөленуді қалап істесе﴿ яғни, Аллаһ Тағаланың ризалығын іздеп істесе. Мұнда осылай шектеу қойылуы — амалдардың ниетке байланысты екендігін білдіреді. Кім жақсылықты басқа мақсат үшін істесе, оған одан құр қалудан өзге ештеңе жоқ, ﴾оны зор сауапқа (сый-сияпатқа) бөлейміз﴿ яғни сипаттап жеткізу мүмкін болмайтын өте үлкен сауап береміз.