Сапарда екі намазды қосып оқу мәселесі.
Шейхул-Ислам Шәбир Ахмад әл-Усмани әл-Ханафи әл-Матуриди «Фәтху әл-Мулһим би-шарх Сахих Муслим» кітабында (1219-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:
Сапарда екі намазды бір уақытқа қосып оқу мәселесіндегі имамдардың мәзһабтары
«Пайғамбар ﷺ (сапарда) ақшам мен құптанды қосып оқыды...» деген хадистерден кейін имам Бадруд-Дин әл-Ғайни былай дейді:
«Бір топ ғалымдар осы хадистердің сыртқы мағынасына сүйеніп, сапарда бесін мен екінтіні және ақшам мен құптанды екі намаздың бірінің уақытында қосып оқуға болады деді. Бұл – имам әш-Шәфиғи, имам Ахмад және Исхақтың көзқарасы.
«Ғалымдардың көпшілігінің пікірінше, жолаушыға бесін мен екінтіні, сондай-ақ ақшам мен құптанды ешқандай қосымша шартсыз қосып оқуға болады».
Ұстазымыз Зәйнуд-Дин былай деді:
«Бұл мәселеде алты түрлі көзқарас бар»:
Бірінші пікір:
Намаздарды қосып оқу рұқсат етіледі. Бұл – Ибн Баттал айтқан көзқарас. Бұл пікір Әли ибн Әбу Талиб, Сағд ибн Әбу Уаққас, Сағид ибн Зәйд, Усама ибн Зәйд, Муғаз ибн Джәбәл, Әбу Муса, Ибн Омар, Ибн Аббас секілді сахабалардан және Атаа ибн Әбу Рабах, Таус, Мужәһид, Икрима, Жәбир ибн Зәйд, Рабиға әр-Рай, Әбу әз-Зинад, Мухаммад ибн әл-Мункәдир, Сафуан ибн Суләйм секілді табиғиндерден риуаят етілген. Сондай-ақ Суфиян әс-Сәури, имам әш-Шәфиғи, имам Ахмад, Исхақ, Әбу Сәур, Ибн әл-Мунзир және мәлики ғалымы Әшһаб осы пікірді ұстанған. Ибн Қудама мұны имам Мәликтен де жеткізген. Алайда имам Мәликтен кең тараған көзқарас бойынша намазды қосып оқу тек жолды үздіксіз жалғастырып, тоқтауға мүмкіндік болмаса немесе сапарды кідіріссіз жалғастыру қажет болған жағдайда ғана рұқсат.
Екінші пікір:
Намазды қосып оқу тек сапарды кідіріссіз жалғастыру қажет болған жағдайда ғана рұқсат. Бұл пікір Усама ибн Зәйд пен Ибн Омардан риуаят етілген және имам Мәликтің мәшһүр көзқарасы осы.
Үшінші пікір:
Жолаушы белгілі бір жол бөлігін кесіп өтуді мақсат еткен кезде ғана намазды қосып оқуға болады. Бұл – мәлики ғалымы Ибн Хабибтің пікірі. Ибн әл-Араби: «Бұл негізінде имам әш-Шәфиғидің де сөзі, өйткені сапардың өзі жол жүру үшін болады», – деген.
Төртінші пікір:
Намазды қосып оқу – мәкруһ. Ибн әл-Араби мұны мысырлық мәликилердің имам Мәликтен жеткізген риуаяты дейді.
Бесінші пікір:
Тек кешіктіріп қосуға (жәмғ тахир) болады, ал алдын ала қосуға (жәмғ тақдим) болмайды. Бұл – Ибн Хазмның таңдауы.
Алтыншы пікір:
Сапардың өзі намазды қосып оқуға себеп болмайды. Намазды қосып оқу ғатек Арафат пен Муздалифада ғана рұқсат. Бұл – Хасан әл-Басри, Ибн Сирин, Ибраһим ән-Нәхәғи, әл-Әсуәд, имам Әбу Ханифа және оның шәкірттерінің көзқарасы. Сондай-ақ бұл – Ибн әл-Қасымның имам Мәликтен жеткізген риуаяты және оның өзі де осыны таңдаған».
«Әт-Тәлуих» кітабында былай делінген:
«Имам Әбу Ханифа және оның шәкірттері Арафат пен Муздалифадан басқа жерде намаздарды қосып оқуға болмайды деген. Ибн Шаддадтың «Дәләил әл-Әхкәм» кітабында бұл пікір Ибн Масғудтан, Сағд ибн Әбу Уаққастан және Әбу Дәуіт риуаятындағы Ибн Омардан да жеткізіледі. Сондай-ақ Ибн Сирин, Джәбир ибн Зәйд, Мәкхул, Амр ибн Динар, Суфиян әс-Сәури, әл-Әсуәд және оның шәкірттері, Омар ибн Абдул-Ғазиз, Салим және Ләйс ибн Сағд та осы пікірде болған».
Имам Ибн Әбу Шәйба өзінің «Мусаннафында» мына риуаятты келтіреді:
Әбу Муса әл-Әшғари былай деген:«Екі намазды ешқандай үзірсіз қосып оқу – үлкен күнәлардың бірі».
«Әт-Тәлуих» кітабының авторы әрі қарай былай дейді:
«Имам ән-Нәуәуидің: «Әбу Юсуф пен Мухаммад ұстазы Әбу Ханифаға қайшы шығып, бұл мәселеде имам әш-Шәфиғи мен имам Ахмадтың пікірін ұстанған», – деген сөзіне «әл-Ғая» кітабының авторы «Бұл сөздің олардың екеуінен де ешбір негізі жоқ» деп жауап берген».
Мен (имам Бадруд-Дин әл-Ғайни) айтамын:
«Бұл мәселеде оның (яғни, «әл-Ғая» кітабының авторының) айтқаны дұрыс. Біздің мәзһабымыздың ғалымдары өздерінің үш имамының (Әбу Ханифа, Әбу Юсуф және Мухаммад) көзқарастарын өзгелерден жақсырақ біледі. Алла оларды рақымына бөлесін»».
Мен (Шейхул-Ислам Шәбир Ахмад әл-Усмани әл-Ханафи әл-Матуриди) айтамын: Төртінші пікірді Ибн Хазмның таңдауы деп айтуға келсек, көптеген ғалымдар оны осылай жеткізген. Алайда оның «әл-Мухалла» кітабындағы нақты сөзі мынадай:
«Біздің пікірімізше, бесін мен екінтіні, сондай-ақ ақшам мен құптанды үнемі қосып оқуға болады. Бұл үшін қажеттілік те, үзір де керек емес және бұл сүннетке қайшы келмейді. Бірақ мұның мәні – бесін намазын Пайғамбар ﷺ жасағандай өз уақытының соңына дейін кешіктіру. Содан кейін оны әлі өз уақытында бастап оқиды. Намазды аяқтаған кезде (сәлден кейін) екінті уақыты кірген болады. Сол кезде екінтіге азан айтылып, қамат түсіріліп, екінті өз уақытында оқылады. Дәл сол сияқты ақшам намазын да өз уақытының соңына дейін кешіктіреді. Оны өз уақытында бастап оқып біткен кезде (сәлден кейін) құптан уақыты кірген болады. Сонда құптанға азан айтылып, қамат түсіріліп, ол өз уақытында оқылады. Осылай істеу арқылы барлық хадистерге амал етіледі әрі әрбір намаздың өз уақытында орындалатыны туралы айқын дәлелдермен де толық үйлеседі. Барлық мақтау Аллаға тән».
Мәлики ғалымы Ибн Рушд «Бидаяту әл-Мужтаһид» кітабында былай дейді:
«Ғалымдар Арафатта бесін мен екінтіні бесін уақытында қосып оқудың сүннет екеніне және Муздалифада ақшам мен құптанды құптан уақытында қосып оқудың да сүннет екеніне бірауыздан келіскен.
Ал осы екі орыннан басқа жерлерде намаздарды қосып оқу мәселесінде өзара келіспеген. Ғалымдардың көпшілігі белгілі бір жағдайларда рұқсат бергенімен, қай жерлерде және қандай жағдайда рұқсат етілетіні жөнінде өзара пікірлері әртүрлі болған. Ал имам Әбу Ханифа мен оның шәкірттері сапарға байланысты намаздарды қосуды мүлде рұқсат етпеген.
Бұл келіспеушіліктің бірінші себебі – намаздарды қосып оқу туралы келген хадистерді әртүрлі түсіндірулері. Өйткені бұл хадистердің барлығы дерлік Пайғамбардың ﷺ іс-әрекетін баяндайды, сөзін емес. Ал іс-әрекетті әртүрлі мағынада түсіндіруге мүмкіндік сөзге қарағанда әлдеқайда көбірек.
Екінші себеп – сол хадистердің кейбірінің сахихтығына қатысты ғалымдардың әртүрлі пікірде болуы.
Үшінші себеп – бұл мәселеде қиясты қолдануға бола ма, жоқ па деген мәселедегі келіспеушілік. Көріп тұрғаныңдай, негізгі себептер – осы үшеуі».
Содан кейін Ибн Рушд былай дейді:
«Ғалымдар мағынасын әртүрлі түсіндірген хадистердің бірі – имам әл-Бухари мен имам Муслім бірауыздан риуаят еткен Әнас ибн Мәліктің хадисі:
«Пайғамбар ﷺ күн тас төбеге көтерілмей тұрып жолға шықса, бесін намазын екінті уақытына дейін кешіктіретін. Кейін аялдап, екеуін бірге оқитын. Ал егер күн тас төбеден ауғаннан кейін ғана жолға шықса, алдымен бесінді оқып алып, содан кейін жолын жалғастыратын».
Тағы бірі – әл-Бухари мен Муслім риуаят еткен Ибн Омардың хадисі:
«Мен Пайғамбардың ﷺ сапарда асығыс жүрген кезде ақшам намазын кешіктіріп, оны құптанмен бірге оқитынын көрдім».
Үшінші хадис – Мәлик пен Мүслім риуаят еткен Ибн Аббастың хадисі:
«Алла Елшісі ﷺ қорқыныш та жоқ, сапар да жоқ кезде бесін мен екінтіні бірге, сондай-ақ ақшам мен құптанды бірге оқыды».
Намаздарды қосып оқуға болады деген пікірді ұстанған ғалымдар бұл хадистерді былай түсіндірген: Пайғамбар ﷺ бесін намазын екінтінің өзіне ғана тиесілі уақытына дейін кешіктіріп, содан кейін екі намазды бірге оқыған.
Ал куфалық ғалымдар (ханафилер) болса, бұл хадистерді былай түсіндірген: Пайғамбар ﷺ бесін намазын өз уақытының ең соңында, ал екінті намазын өз уақытының ең басында оқыған. Бұл түсіндірме Жәбірейілдің Пайғамбарға ﷺ намаз уақыттарын үйретіп имам болғаны туралы хадиске негізделеді.
Олар былай деген:
«Осы түсіндірмеге сүйенсек, Ибн Аббастың хадисін де осылай түсіндіруге болады. Өйткені ғалымдар бірауыздан (иджма): ешбір үзірсіз, тұрғылықты адам екі намазды бірінің уақытында бірге оқуға болмайды деген. Яғни, бір намаздың уақытында екі парыз намазды қатар орындауға болмайды».
Олар өз түсіндірмелеріне дәлел ретінде Ибн Масғудтың мына хадисін де келтірген:
«Өзінен басқа құлшылыққа лайық ешбір тәңір жоқ Аллаһпмен ант етемін! Алла Елшісі ﷺ әрбір намазды міндетті түрде өз уақытында оқитын. Тек екі жағдайда ғана намаздарды қосты: Арафатта бесін мен екінтіні және Муздалифада ақшам мен құптанды».
Олар әрі қарай былай дейді:
«Бұл хадистерді біздің түсіндіргеніміздей де, сендердің түсіндіргендеріңдей де ұғынуға болады. Ал намаз уақыттарының нақты белгіленгені анық әрі бұл жөнінде дәлелдер айқын келген. Сондықтан анық бекітілген үкімді ықтимал мағынасы бар дәлелмен өзгертуге болмайды».
Ал ғалымдар сахихтығына қатысты келіспеген хадис – имам Мәликтің Муаз ибн Джәбәлден риуаят еткен хадисі:
«Біз Табук жорығында Алла Елшісімен ﷺ бірге шықтық. Сонда Алла Елшісі ﷺ бесін мен екінтіні, сондай-ақ ақшам мен құптанды бірге оқитын. Бір күні намазды кешіктірді. Кейін шығып, бесін мен екінтіні бірге оқыды. Содан кейін ішке кірді. Кейін қайта шығып, ақшам мен құптанды бірге оқыды».
Егер бұл хадис сахих болса, онда ол намаздарды қосып оқуға рұқсат беретін хадистердің қатарына жатар еді. Өйткені оның сыртқы мағынасы құптан намазының ақшам уақытына алға жылжытылып оқылғанын көрсетеді. Дегенмен қарсы тарап: “Жоқ, ақшам соңғы уақытына дейін кешіктірілді де, құптан өз уақытының басында оқылды”, – деп те айта алады. Өйткені хадистің мәтінінде осы екі түсіндірменің бірін нақтылайтын үзілді-кесілді дәлел жоқ. Риуаяттың сөзі екі мағынаны да көтереді.
Ал қияс мәселесіндегі келіспеушілікке келсек, оның мәні – Арафат пен Муздалифадағы намазды қосып оқу үкімін басқа сапарларға да қияс арқылы таратуға бола ма, жоқ па деген мәселеде.
Яғни, былай делінеді:
«Мысалы: “Бұл – сапарда парыз болған намаз. Ендеше, Арафат пен Муздалифадағы сияқты оны да қосып оқуға болады”, – деп қияс жасау».
Бұл – Сәлим ибн Абдуллаһтың көзқарасы, яғни ол мұндай қиясты дұрыс деп санаған.
Құлшылықтарға қатысты қияс негізінде әлсіз болады. Міне, намаздарды қосып оқуға қатысты туындаған келіспеушіліктің негізгі себептері осылар».
Намазды қосып оқуға болмайды дегендердің дәлелдері
Біздің мәзһаб (ханафи ғалымдары) мына аяттарды дәлел ретінде келтірген:
﴾Бес уақыт намазға, әсіресе ортаңғы намазға өте мұкият болыңдар (яғни кемеліне жеткізіп, үзбей әрі уақытылы оқыңдар)﴿ «Бақара» сүресі, 238-аят),
яғни намаздарды өз уақытында орындаңдар.
﴾Шүбәсіз, намаз мүміндерге белгілі уақыттарда (яғни әр намаз өз уақытында өтелсін деп) парыз етілді.﴿ («Ниса» сүресі, 103-аят),
яғни намаз белгілі уақыттармен шектелген парыз.
﴾(Ақиретке тиісінше сенбей) ықылассыз намаз оқитындардың жағдайы қандай өкінішті! Олар намаздарында ғапыл﴿ («Мағун» сүресі, 4–5-аяттар).
Сәләф ғалымдарының бір тобы бұл аяттағы «намаздарында ғапыл» деген сөзді:
«Намазды өз уақытынан кешіктіретіндер», деп түсіндірген.
﴾Алайда кейіннен олардың орнын нашар ұрпақ басты. Олар намазды тәрк етті, (әйел, бала-шаға, дүние-мүлік, мансап, атақ-абырой сынды дүниелік нәрселерге қызығып) нәпсілері қалаған нәрселердің соңына түсті. Олар түптің түбінде құрдымға (немесе тозақтағы терең сайға) құлап, сазайларын тартады﴿ («Мәриям» сүресі, 59-аят), дейді.
«Олар намазды тәрк етті» дегені – оны өз уақытынан кешіктіру, деп түсіндірген.
«Егер бұл жерде намазды мүлде тастау меңзелсе, онда олар кәпір болып шығар еді».
«Намазды уақытынан кешіктіру – үлкен күнәлардың бірі. Сондықтан сапар немесе жаңбыр сияқты үзірлермен үлкен күнә істеуге рұқсат етілмейтіні сияқты, намазды уақытынан шығаруға да рұқсат етілмейді», – деген.
Ал оның үлкен күнә екенінің дәлелі ретінде имам Ибн Әбу Шәйба Әбу Мусадан риуаят еткен сөз келтіріледі. Ол жоғарыда әл-Ғайнидің сөзінде өткен болатын:
«Екі намазды ешбір үзірсіз қосып оқу – үлкен күнәлардың бірі».
Сондай-ақ имам әл-Бәйһақи мен әл-Хаким Әбу әл-Алиядан, ол Имраннан мына сөзді риуаят еткен:
«Үзірсіз екі намазды қосып оқу – үлкен күнәлардың бірі».
Имам әл-Бәйһақи бұл риуаятты мурсал деп әлсіз санаған. Ол:
«Әбу әл-Алия Омардан естімеген», – деген.
Бірақ «әл-Джауһар ән-Нақи» кітабының авторы оған былай деп жауап берген:
«Әбу әл-Алия Пайғамбар ﷺ қайтыс болғаннан кейін екі жылдан соң Ислам қабылдаған. Ол Әбу Бәкірмен кездескен және Омардың артында намаз оқыған».
Сондай-ақ ол имам Муслімнің мына сөзін келтіреді:
«Муғанған (عن) риуаяттың жалғасқан (муттасил) болып есептелуі үшін екі рауидің бір дәуірде өмір сүргені анықталса жеткілікті дегенге ғалымдардың ижмасы бар».
«Әт-Тәһзиб» кітабында былай делінген:
«Имам Әли ибн әл-Мәдини Әбу әл-Алияның Омардан хадис естігенін айтқан».
«Одан кейін (яғни, әл-Хаким) бұл риуаятты Әбу Қатада әл-Адауиден тізбекпен келтірген. Ол былай дейді: Омар өзінің бір әміріне былай деп хат жазған:“Үш нәрсе – үлкен күнәлардың қатарына жатады: 1. Үзірсіз екі намазды қосып оқу; 2. Майданнан қашу; 3. Соғыстағы олжаны заңсыз иелену”».
Әбу Қатада Омардың заманында өмір сүрген. Сондықтан бұл риуаят алдыңғы риуаятпен бірге қарастырылса, күшейе түседі».
Бізге имам әт-Тирмизи Ханаш – Икрима – Ибн Аббас тізбегі арқылы жеткізген хадиске сүйенудің қажеті жоқ. Өйткені бұл хадисті хадис имамдары әлсіз деп бағалаған. Ал сапар мен жаңбырдың үзір болуы – дәл осы талқыланып жатқан мәселе.
«Бәдәиғ әс-Санаиғ» кітабының авторы былай дейді:
«Бұл намаздардың уақыттары Құран, мутауатир сүннет және иджма сияқты кесімді дәлелдермен бекітілген. Сондықтан олардың уақыттарын қандай да бір дәлелдеу әдісімен немесе ахад хадиспен өзгертуге болмайды.
Оның үстіне, бұл жерде келтірілген дәлелдеу әдістің өзі дұрыс емес. Өйткені сапар мен жаңбыр намазды өз уақытынан шығаруға себеп бола алмайды.
Егер сендердің дәлелдерің дұрыс болса, онда дәл сол үзірлер болған кезде таң намазын бесінмен немесе екінтіні ақшаммен де қосуға рұқсат етілуі керек болар еді. Ал ешкім бұлай айтпайды.
Сондай-ақ Арафаттағы намазды қосып оқу намаз бен Арафатта тұруды қатар алып жүру қиын болғандықтан рұқсат етілді деу де дұрыс емес. Өйткені намаз оқу Арафаттағы тұруға кедергі келтірмейді.
Демек, бұл үкімнің себебі ақылмен анықталатын нәрсе емес, таза мәтінмен бекітілген үкім. Бұған Пайғамбардан ﷺ мутауатир түрде жеткен риуаяттар мен иджма дәлел болады. Сондықтан ол кесімді дәлелге қарсы дәлел ретінде ғана қабылданады.
Сол сияқты Муздалифадағы намазды қосып оқу да жол жүруге байланысты емес. Егер ол жол жүру себебінен рұқсат етілген болса, онда таң намазын бесінмен қосуға да рұқсат болуы тиіс еді. Ал мұндай пікір жоқ.
Ал ахад хадистер кесімді дәлелдерге қарсы дәлел ретінде қабылданбайды».
«Егер біреу Арафат пен Муздалифадағы намазды қосып оқуға дәлел ретінде келтірсе, оған былай деп жауап беріледі:
Ғалымдар бірауыздан: егер имам Арафатта бесінді басқа күндердегідей өз уақытында оқып, екінтіні де өз уақытында оқыса және Муздалифада ақшам мен құптанды да әрқайсысын өз уақытында орындаса, онда ол дұрыс істемеген болады.
Бұл Арафат пен Муздалифаның осы үкімде ерекше орынға ие екенін және басқа жерлердің үкімі бұлардан өзгеше екенін көрсетеді».
«Біздің мәзһабтың ғалымдары дәлел ретінде имам әл-Бухари мен имам Муслім жеткізген Абдуллаһ ибн Масғудтың хадисін келтіреді:
“Мен Алла Елшісінің ﷺ бірде-бір намазды өз уақытынан тыс оқығанын көрмедім. Тек Муздалифада ғана ақшам мен құптанды бірге оқыды. Сондай-ақ келесі күні таң намазын әдеттегіден ертерек орындады”.
Сондай-ақ имам Муслім Әбу Қатададан риуаят еткен хадисті дәлел ретінде келтіреді. Пайғамбар ﷺ былай деген:
«Ұйықтап қалып намазды өткізіп алу – немқұрайлылық емес. Немқұрайлылық – адам ояу бола тұра бір намазды келесі намаздың уақыты кіргенге дейін кешіктіруі».
Имам әт-Тахауи, Аллаһ оны рақымына алсын, былай дейді:
«Пайғамбар ﷺ бұл сөзді сапарда айтқан. Демек, оның үкімі жолаушыға да, тұрғылықты адамға да қатысты.
Егер бір адам бір намазды келесі намаздың уақыты кіргенге дейін кешіктірсе, ол немқұрайлы болып саналады. Сондықтан Алла Елшісі ﷺ намаздарды немқұрайлылыққа жататын түрде қосты деу мүмкін емес.
Ендеше, оның намаздарды қосуы басқа түрде болған. Яғни, әр намазды өз уақытында оқыған.
Ибн Аббас Пайғамбардан ﷺ намаздарды қосып оқығаны туралы хадис риуаят еткен. Бірақ оның өзінен де мына сөз риуаят етілген:
«Ешбір намазды келесі намаздың уақыты кіргенге дейін кешіктірме».
Осылайша Ибн Аббас келесі намаздың уақытының кіруін алдыңғы намазды өткізіп алумен тең санаған. Бұл оның Пайғамбардың ﷺ намаздарды қосып оқығанын екі намазды бір уақыттың ішінде орындау деп емес, басқа мағынада түсінгенін көрсетеді.
Әбу Һурайрадан да осыған ұқсас сөз риуаят етілген».
Арафат пен Муздалифадан басқа жерлерде намаздарды қосып оқу туралы хадистерге жауап ретінде имам ат-Тахауи «Шарху Мәғани әл-Әсар» кітабында былай деген:
«Пайғамбар ﷺ бірінші намазды өз уақытының соңында, ал екінші намазды өз уақытының басында оқыған. Яғни, екі намазды бір уақыттың ішінде оқымаған».
Бұл түсіндірмені Ибн Аббастың мына хадисі де қуаттайды:
«Алла Елшісі ﷺ бесін мен екінтіні, сондай-ақ ақшам мен құптанды қорқынышсыз да, сапарсыз да бірге оқыды».
Бұл хадисті имам Мүслім риуаят еткен.
Басқа бір риуаятта:
«Алла Елшісі ﷺ Мәдинада қорқынышсыз әрі жаңбырсыз бесін мен екінтіні, сондай-ақ ақшам мен құптанды бірге оқыды».
Сонда Ибн Аббасқа:
«Ол мұнымен нені мақсат етті?» – деп сұралғанда, ол:
«Үмбетіне қиындық түсірмеуді қалады», – деп жауап берген».
Біздің мәзһабымыздың да, қарсы пікірдегі ғалымдардың да ешқайсысы ешқандай үзірсіз тұрғылықты адамға екі намазды бір уақытқа қосып оқуға болады деп айтпайды.
Сондықтан бұл жердегі "намазды қосып оқу" деген сөздің мағынасы – біз айтқандай, бірінші намазды өз уақытының соңына дейін кешіктіріп, екінші намазды уақыты кірген бойда оқу».
Яғни, мұнда сөз болып отырғаны: сыртқы көріністе намазда қосып оқу, ал шын мәнінде бір намаздың уақытында екі намазды орындау емес.
Кейінірек Ибн Аббастың хадисін түсіндіргенде осы мәселені егжей-тегжейлі қарастырылады.
«Шейх Мухйид-Дин Ибн Араби әл-Мәлики былай деді: «Мен ұстанатын көзқарас бойынша, Арафат пен Мүздалифадан басқа жерде екі намазды қосып оқуға болмайды. Өйткені намаз уақыттары ешбір келіспеушіліксіз бекітілген. Ал намазды өз уақытынан шығару тек ықтимал мағынаға жол бермейтін анық мәтінмен ғана рұқсат етіледі. Себебі, нақты әрі бекітілген үкімді ықтимал мағынаға ие дәлелдің негізінде тәрк етуге болмайды. Мұндайды ғылымның иісін сезген адамның өзі де айтпайды. Бұл мәселеге қатысты келген әрбір хадиске келсек, ол — дұрыс болуы да мүмкін, бірақ бәрібір ықтимал мағынаға ие. Сондықтан олардың ешқайсысы бұл мәселеде анық (насс) дәлел болып саналмайды», – деген».
Осы сөзді шейх Абдул-Уаһһаб әш-Шағрани өзінің «Кибрит әл-әхмар фи баяни улуми әш-Шәйх әл-Әкбар» атты кітабында осы күйінде жеткізген.
Пақыр аудармашыдан: Кітап авторы ханафи мәзһабына қарсы келтірілетін барлық дәлелдерді иснад және мағына тұрғысынан жан-жақты талдап, оларға берілетін жауаптар мен қарсы дәлелдерді де кеңінен келтіреді. Алайда бұл талдау мәтінде жеті бетке созылған. Оқырманды жалықтырмау әрі хадис іліміндегі арнайы терминдер көпшілікке түсінікті бола бермейтіндіктен, бұл бөлімді аудармауды жөн көрдім.