«Жиһадтың ең абзалы — залым патшаның алдында ақиқат сөзін айту».
Хазіретті Әбу Сағид риуаят еткен хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ айтты:
«Жиһадтың ең абзалы — залым патшаның алдында ақиқат сөзін айту».
Хадисті әт-Тирмизи, Әбу Дәуд және Ибн Мәджа риуаят еткен».
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» кітабында (3705-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:
(«Жиһадтың ең абзалы — залым патшаның алдында) яғни зұлымдық пен әділетсіздік иесінің алдында (ақиқат сөзін айту») яғни хақ сөз, тіпті ол бір ғана сөз болса да.
«Яғни ақиқат сөзді айтқан адам. Өйткені оны бұған ақиқат сөздің өзі итермелейді».
«Мұның жиһадтың ең абзалы болуының себебі — дұшпанмен соғысқан адам үміт пен қорқыныштың арасында болады: өзі жеңе ме, әлде жеңіле ме — білмейді. Ал патшаның алдындағы адам оның қол астында әрі оған бағынышты. Сондықтан ол ақиқатты айтып, оны жақсылыққа бұйырса, өзін өлімге ұшырау қаупіне тігеді. Қорқыныштың басымдығына байланысты бұл жиһад түрлерінің ең қатерлісі болды».
«Оның ең абзал болуының себебі — патшаның зұлымдығы оның билігі астындағы адамдардың барлығына тарайды, ал олар өте көп. Сондықтан оны зұлымдықтан тыйған адам көптеген жаратылысқа пайда жеткізген болады. Бұл бір кәпірді өлтіруден өзгеше».
Сондай-ақ былай деуге болады: оның ең абзал болуының себебі — бұл үлкен жиһадтың бір түрі, яғни нәпсіге қарсы тұру. Өйткені нәпсі мұндай сөзді айтудан қашады әрі осындай қатерге барудан алшақ болуға тырысады. Сонымен қатар мұнда билеушіге де, халыққа да насихат бар.
Сондай-ақ, мысалы, бір мүмінді өлімнен құтқару бір кәпірді өлтіруден абзал. Өйткені Аллаһу Тағала:
﴾Сондай-ақ кім біреуді өлімнен құтқарып қалса, бүкіл адамзатты өлімнен құтқарғандай болады﴿, — деген («әл-Мәида», 32-аят).
Сол себепті «Неке кітабы» «Жиһад» тарауынан бұрын берілген. Өйткені бір мүміннің дүниеге келуіне себеп болу мың кәпірді жоюдан абзал. Себебі жиһадтан негізгі мақсат — иманның орнығуы мен иман иелерінің болуы. Аллаһу Тағала:
﴾Мен жындар мен адамзатты тек қана (Мені танысын һәм) Маған құлшылық етсін деп жараттым.﴿, — деген («әз-Зарият», 56-аят).
Шейх Әбу Хамид әл-Ғазаи «әл-Ихия» кітабында былай деген:
«Патшаға жақсылыққа бұйыру — оған [жақсылықты] түсіндіру және насихат айту арқылы болады. Ал күш қолданып тоқтатуға келсек, бұлай істеу қарапайым халықтың жекелеген адамдарына тиесілі емес. Өйткені бұл бүлікті қоздырып, жамандықты өршітеді және одан туындайтын зиян одан да көп болуы мүмкін.
Ал сөзді қатты айтуға, мысалы: “Уа, залым!”, “Уа, Аллаһтан қорықпайтын адам!” және осыған ұқсас сөздерге келсек, егер оның кесірі басқа адамдарға да тиетін болса, бұлай істеуге болмайды. Ал егер адам тек өзі үшін ғана қауіптенетін болса, онда бұлай істеу рұқсат, тіпті мандуб.
Сәләфтардың әдеті қауіп-қатерге бастарын тігіп, жандарынан айырылуға мән берместен жамандықты ашық түрде айыптау еді. Өйткені олар мұның жиһад әрі шәһидтік екенін білетін».