«Егер сендердің біреулерің қарыз берсе және оған сыйлық берсе немесе жануарына мінгізсе ...»
Хазіретті Әнәстан риуаят еткен хадисте: «Алла Елшісіﷺ айтты: «Егер сендердің біреулерің қарыз берсе және оған сыйлық берсе немесе жануарына мінгізсе (яғни, қызметін пайдаланса), жануарына мінбейді және сыйлығын қабыл етпейді, егер алдын екеуінің арасында мұндай орын алмаған болса». Хадисті ибн Маджа және әл-Байһақи өзінің «Шуғаб әл-Иман» кітабында риуаят етті.
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 2831) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(«Егер сендердің біреулерің қарыз берсе және оған) яғни, борышкер қарыз қарыз берушіге (сыйлық берсе немесе) не өз жануарына, не қарызға алған (жануарына мінгізсе) қарыз беруші борышкердің (жануарына мінбейді және сыйлығын қабыл етпейді, егер алдын екеуінің арасында) яғни, қарыз беруші борышкер арасында (мұндай) яғни, жоғарыда аты аталған сыйлық беру, жануарына міңгізу секілді игі істер қарыз алмас алдын (орын алмаған болса») (аудармашыдан: қарыз бермес\алмас алдын екеуі әдетте бір-бірімен сыйлық алмасып немесе жануарларын пайдаланып жүрген жақсы араласатын адам болса, онда борышкердің оған сыйлық беруінде ешқандай проблема жоқ демекші. Өйткені бұл жердегі тыйым, қарыз берген адам борышкерден пайда алуды көздеуге қатысты). Риуаят етілгендей: «Пайда әкелетін әрбір қарыз – өсімқорлық (риба)». Мәлік айтты: «Егер бұл – бұрыннан әдеттегі қалыптасқан іс болмаса, яғни бұрын да солай істеліп жүрген жағдай болмаса, онда қарыз беруші қарыз алушыдан алған сыйлықты қабыл етпеуі керек. Немесе бұл әрекет белгілі бір үзірлі (ақталған) жағдай болмаса – рұқсат етілмейді». Ибн Хаджар, оған Аллаһтың рақымы болсын, былай деген: «Қазының (шариғи судьяның) адамдардан сыйлық алуы да осыған ұқсас. Қазы үшін – ең жақсы жол – адамдардың сыйлықтарынан мүлде аулақ болу». Заманындағы тақуалардың көшбасшысы Әбу Ханифа, оған Аллаһтың рақымы болсын, бұл мәселеде өте қатты сақтық танытқан. Бір күні ол бір кісіден қарызын алу үшін оның үйіне барады. Сол күні күн қатты ыстық еді. Үйдің көлеңкесі түсіп тұрғанымен, борышкер кешігіп шыққан еді. Имам көлеңкеде күте тұрмай, күннің астында тұруды жөн көреді. Өйткені ол борышкердің үй көлеңкесін пайдалануды да пайда ретінде есептеп, өзін өсімқорлықтан сақтау үшін осылай істеген.
Бұл – Имам Әбу Ханифаның тақуалыққа негізделген жеке ұстанымы еді. Ал көптеген басқа ғалымдардың көзқарасы бойынша: егер қарыз берген уақытта ешқандай пайда алуды шарт етпесе – яғни: «Мен саған қарыз берем, бірақ сен маған қызмет етесің» немесе «маған бір сый бересің» деп шарт қойылмаған болса – онда қарыз алушының кейін беретін сыйы рұқсат етіледі».
Осы мәселеге қатысты фиқһ үкімін осы сілтемеден оқи аласыз.