July 17

Имам әл-Ғазалидің шәкірттерінің біріне берген кейбір өсиеттері.

Имам Ибн Кәмәл Баша әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің «әл-Мунира» кітабында (112-113 бетте) айтты:

Білгін, мұсылмандар үшін Исламның дәлелі, тақуалардың көшбасшысы әрі ғұламалардың ең абзалы болған имам, ғалым Мухаммад әл-Ғазалидің (Аллаһ оны рақымына бөлесін) шәкірттерінің бірі ұзақ уақыт бойы оған қызмет етіп, одан көптеген ғылымдарды меңгерді. Кейін ұстазынан ажырап, басқа бір қалаға қоныстанды.

Бір күні ол өз-өзіне былай деп ойлады:

«Мен жастық шағымның ең көркем кезеңін түрлі ғылымдарды меңгеруге арнадым. Енді ойландым: ақыретте маған сол ғылымдардың қайсысы пайда береді? Сондықтан маған пайдасын тигізетінін ғана қор етіп жинап, өзгесін қалдырғым келеді. Өйткені Пайғамбарымыз ﷺ:

«Уа, Аллаһ! Маған пайда бермейтін білімнен Өзіңе сыйынамын», – деп дұға еткен».

Ол осы оймен біраз уақыт жүрді. Кейін өзінің ұстазы, діннің көркі имам әл-Ғазалиге хат жазып, одан насихат ретінде бірнеше мәселені баяндап беруін өтінді. Хатында былай деді:

«Ұстазымның «Ихияу ғулумид-Дин» және басқа да еңбектерінде менің сұрақтарыма жауаптар бар екенін білемін. Бірақ менің мақсатым – ұстазымның қажетті насихаттарымды бірнеше параққа жазып беруі. Сонда ол парақтар өмірімнің соңына дейін жанымда болып, Аллаһ қаласа, ондағы өсиеттермен бүкіл ғұмырым бойы амал етер едім».

Сонда ұстазы оған жауап ретінде бір хат жазып, онда қойған барлық насихатқа қатысты сұрақтарына жауап берді. Сол өсиеттерінің кейбірінде былай деді:

«Уа, балам! Білімнің түйіні – құлшылық пен мойынсұнудың мәні Аллаһтың шариғатына барлық бұйрықтары мен тыйымдарында, сөзде де, істе де толық ілесу екенін білуің. Яғни айтқан сөзің, істеген ісің және тастаған нәрсеңнің бәрі шариғатқа сай болуы керек. Мысалы, айт күні немесе ораза ұстауға тыйым салынған басқа күндері ораза ұстасаң, сырт көзге ораза құлшылық болып көрінгенімен, сен күнәһар боласың. Сол сияқты тартып алынған (харам жолмен иеленілген) киімде намаз оқысаң, намаз сырттай құлшылық болғанымен, сол ісің үшін күнә арқалайсың. Уа, балам! Сондықтан сөзің де, ісің де ардақты шариғатқа сай болуы тиіс. Өйткені шариғатқа ілесусіз болған білім мен амал – бидғат әрі адасушылық. Сондай-ақ сопылардың шатахаттарына (шектен шыққан сөздеріне) және орынсыз әсірелеулеріне алданып қалма. Өйткені бұл жолмен жүру нәпсімен күресу, оның құмарлықтарын тыю және рухани тәрбиенің семсерімен нәпсінің қалауларын жеңу арқылы болады, орынсыз әсірелеулер мен бос сөздер арқылы емес».

Имам, Исламның мақтанышы әл-Ғазали былай деген:

«Сопылардың шатахаттары мен әсірелеулері дегеніміз – олардан шығатын әрбір бидғат. Сондықтан әрбір мұсылман өз иманын сақтау үшін ондай нәрселерден аулақ болуы міндет».

Егер сол бидғаттардың қандай екенін білгің келсе, «Ихия ғулумд-Дин» кітабының «Білім кітабы» бөліміндегі үшінші тараудың орта тұсына қара.