October 5

Саудада екі тарап разылығы керек.

Бізге Мухаммад ибн Хатим әл-Джарджаний риуаят етіп айтты: бізге Маруан әл-Фазарий Яхйа ибн Аюб жеткізіп айтты: Әбу Зурға бір адаммен сауда жасасқан кезде «хияру шарт»¹ пайдаланатын. Сосын: «Мен Әбу Һурайраның былай деп айтқаның естідім: «Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Екі адам (сауда кезінде) разылыққа жетпейінше бір-бірінен ажырамасын»».

Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Бәзл әл-Мәджһууд фи халли сунан Әбу Дәуд» кітабында (3408-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:

«(«Екі адам) саудагер мен сатушы ((сауда кезінде) разылыққа жетпейінше бір-бірінен ажырамасын»). Бұл Аллаһу Тағаланың мына сөзіне ишара бар: ﴾Уа, иман келтіргендер! Бір-біріңнің мал-дүниелеріңді арам жолмен жемеңдер. Ал өзара келісіп, ризашылықпен жасаған сауда-саттықтың жөні бөлек﴿. Яғни, саудадан кейін екі тараптың жүректерінде өкініш болмау керек. Өйткені бұл сауда екі тарап разылыққа негізделмеген болады».

¹Хияру шарт: «Мына затты бір күн (немесе үш күн¹) хияру шартпен саттым» немесе «сатып алдым» десе, хияру шарт иесі осы уақыт арасында сауданы бұзуға құқылы² (мысалы, тауарды үйіне барып көрсетеді. Егер ұнамаса, онда хияру шарт құқығымен кейін әкеліп тапсырады).

¹Имам Әбу Ханифа құзырында үш күннен артық мерзімге хияру шарт жасауға болмайды. Ал Әбу Юсуф пен Мухаммадтың көзқарасы бойынша, нақты уақытын белгілеу шартымен ұзақ мерзімге де хияру шарт жасауға рұқсат етіледі. Алайда, егер хияру шарт мәңгілікке, белгісіз уақытқа немесе «менде хияру шарт бар» деп уақыт көрсетілмей жасалса, онда сауда фәсид болады.

²Ал егер хияру шарт жасаған адам аталған уақыт ішінде тауарды қайтармаса немесе оны өзінің мүлкіндей пайдалана бастаса, онда сауда автоматты түрде толық іске асқан болып саналады. Егер хияру шарт иесі — сатушы болса (яғни, «мына затты бір күнге (немесе үш күнге) хияру шартпен саттым» десе), онда тауар оның меншігінен шықпайды. Бұл жағдайда сатып алушы осы уақыт ішінде тауарды бүлдірсе немесе жоғалтса, оның құнын өтейді.