Yesterday

«Аллаһ кімге жақсылық қаласа, оны дінде терең түсінікті етеді».

Хазіретті Муғауия жеткізген хадисте Аллаһ Елшісі ﷺ) айтты:

«Аллаһ кімге жақсылық қаласа, оны дінде терең түсінікті етеді. Шын мәнінде, мен — бөлушімін, ал Аллаһ береді. Үмметімнің ішінен әрдайым Аллаһтың әмірінде тұрған бір топ болады. Оларды тастап кеткендер де, қарсы шыққандар да оларға зиян келтіре алмайды. Олар осы күйде Аллаһтың әмірі келгенге дейін қала береді».

Имам (әл-Музһири атымен танымал) Мухаммад ибн әл-Хусәйн әз-Зәйдәни әл-Ханафи (727 һ.ж. қайтыс болған) «әл-Мәфәтих фи шарх әл-Мәсабих» кітабында (149-шы) хадистің түсіндірмесінде айтты:

(«Аллаһ кімге жақсылық қаласа, оны дінде терең түсінікті етеді) деген сөзі: яғни Аллаһ оны дін үкімдерін білетін ғалым етеді әрі оған сондай түсінік береді — аз ғана сөздерден көп мағыналарды ұға алатын болады. Дүние мен ақыреттің игілігі — дін үкімдерін білуде.

(Шын мәнінде, мен — бөлушімін, ал Аллаһ береді) деген сөзі: яғни мен тек маған уахи етілген Құран және басқа да дін үкімдерін жеткіземін әрі хабарлаймын. Хабар жеткізуде сендердің араларыңды бөліп, біреуді біреуден артық етпеймін. Алайда Аллаһ Тағала қалаған құлына білім нәсіп етеді, қалағанына түсінік пен зеректік береді. Біреулерің мен айтқанды естіп, оны жаттап, ұмытпайды; біреулерің жаттайды, бірақ ұмытып қояды; ал кейбіреулеріңде терең түсінік болып, аз сөзден көп мағына шығарады; ал кейбіреулер тек сыртқы мағынасын ғана түсінеді. Бұл — Аллаһтың қалаған құлына беретін нығметі.

(Үмметімнің ішінен әрдайым Аллаһтың әмірінде тұрған бір топ болады) деген сөзі: яғни әрдайым үмметімнің ішінде дінде берік тұрған бір топ болады. Олар Аллаһтың әмірлеріне мықтап жабысып, күнәлардан алыс болып, жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыяды әрі шариғат істерін сақтайды.

(Оларды тастап кеткендер де, қарсы шыққандар да оларға зиян келтіре алмайды) деген сөзі: «көмектеспеу» — біреуді қолдаудан бас тарту деген мағынада. Яғни адамдардың оларға көмектесуі немесе көмектеспеуі, тіпті қарсы соғысуы да оларға әсер етпейді. Егер жер бетіндегі барлық адамдар бірігіп, оларды Аллаһтың дінінен тосуға тырысса да, оған шамалары жетпейді. Өйткені Аллаһ оларды сақтап, жәрдем береді. Бұл — жер беті ешқашан ізгі адамдардан бос қалмайтынына ишара.

(Олар осы күйде Аллаһтың әмірі келгенге дейін қала береді») деген сөзі: яғни Қиямет күні келгенге дейін.

Мұндағы «Муғауия» — Әбу Суфиянның ұлы Муғауия. Әбу Суфиянның аты — Сахр ибн Харб ибн Умәйя ибн Абдуш-Шәмс ибн Абдул-Манаф, омейялық, құрайыштық. Егер «Муғауия» есімі жалпылай айтылса, онда ол — осы Муғауия ибн Әбу Суфиян екенін біл.