Аллаһ елшісі ﷺ аңшы иттің құнын алуға (оны сатуға) рұқсат берді.
Әбу Ханифа Һәйсамнан, ол Икримадан, ол Ибн Аббастан (Аллаһ екеуіне де разы болсын) жеткізеді:
«Аллаһ елшісі ﷺ аңшы иттің құнын алуға (оны сатуға) рұқсат берді».
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Муснад әл-Имам әл-Ағзам» кітабына жазған еңбегінде (344-ші хадистің) түсіндірмесінде айтты:
Ахмад пен ән-Нәсәи хазіретті Джәбирден Пайғамбарымыздың ﷺ: «Үйретілген иттен басқа иттердің құнын алуға тыйым салғанын» жеткізген. Әт-Тирмизидің риуаятында: «Аңшы иттен басқа иттердің құнын алуға тыйым салды», — делінген.
Біліп қой: өзі таза саналатын затты сату ғалымдардың келісімі бойынша дұрыс. Ал ит, доңыз, шарап және көң секілді өзі нәжіс саналатын заттарды сату дұрыс па, жоқ па деген мәселеде хиләф бар.
«Ит пен көңді сатуға, сондай-ақ мұсылманның шарапты сату және сатып алу ісінде зиммиді¹ өкіл етуіне болады».
Мәлики ғалымдары итті сату мәселесінде әртүрлі пікір айтқан. Кейбірі жалпы рұқсат берген, кейбірі мәкруһ санаған, ал енді біреулері тек ұстауға рұқсат етілген иттерді сатуға болады деген.
Шафиғи мен Ахмад: «Аталғандардың ешқайсысын сатуға мүлде болмайды. Ит өлтірілсе немесе жойылса, оның құны өтелмейді», — деген. «Ихтилаф әл-Аимма» кітабында осылай келтірілген.
Әд-Дәмири «Хаят әл-Хайауан» кітабында:
«Біздің мәзһабта иттердің ешбір түрін сату дұрыс емес. Мәлик бұған қайшы пікір айтып, оларды сатуға рұқсат берген. Ал Әбу Ханифа: “Адамға шабатын, тістейтін иттен басқасын сатуға болады”, — деген», — деп жазады.
«Фәтәуә Қадихан» кітабында: «Біздің мәзһабта үйретілген итті сатуға болады», — делінген. Бұл сөздің астарынан үйретілмеген итті сатуға болмайтыны түсініледі. Бұл — осы хадистің риуаятына сәйкес келетін тұжырым. Аллаһ жақсы біледі.
¹Зимми — мұсылман мемлекетінде келісім негізінде қорғалған мұсылман емес тұрғын.
Хафиз әз-Зәйлағи «Насбу ар-Рая» еңбегінде (4:54), имам Кәмал ибн әл-Һумам өзінің әйгілі «Фатху әл-Қадир» (6\346) кітабында: «Бұл — жақсы иснад», — деген.
Мұндағы әл-Һәйсам — әл-Һәйсам ибн Хабиб әс-Сайрафи. Оны Ахмад, Әбу Зурға, Әбу Хатим және Ибн Хиббан сенімді деп бағалаған. Хафиз Ибн Хаджар оны «әт-Тәһзиб» еңбегінде (11:91–92) атап, ол туралы тек сенімділігін растайтын бағаларды келтірген.