«Яһудейден болған бір діни қызметкер Пайғамбарға ﷺ келіп: «Уа, Мухаммад! Расында, Аллаһу Тағала қиямет күні аспанды саусағына, жерді саусағына...»
Хазіретті Абдулла ибн Масғуд былай дейді: «Яһудейден болған бір діни қызметкер Пайғамбарға ﷺ келіп: «Уа, Мухаммад! Расында, Аллаһу Тағала қиямет күні аспанды саусағына, жерді саусағына, таулар мен ағаштарды саусағына, су мен дымқылды саусағына және барлық жаратылыстарды саусағына қойып, сосын шайқап: «Мен Патшамын! Мен Аллаһпын!» — дейді. Аллаһ Елшісі ﷺ таңдана күліп, діни қызметкердің айтқанымен келісіп, содан кейін Құраннан аят оқиды: ﴾Олар Аллаһты лайықты түрде танып, бағалай алмады. Дегенмен, қиямет күні жер түгелдей Оның уысында, ал күллі аспан әлемі шиыршықталып бүктелген күйде Оң қолында болады. Аллаһ – олардың Өзіне серік етіп қосқан жалған құдайларынан аулақ һәм әлдеқайда ұлы﴿ («Әз-Зумар», 67 аят)» (хадисті Бухари және Муслим риуаят етті).
Мулла Әли әл-Қари әл-Ханафи әл-Матуриди «Мирқату әл-Мәфәтих шарх Мишкат әл-Масабих» (хадис нөмір: 4347) кітабында хадистің түсіндірмесінде айтты:
«(«Яһудейден болған) яғни, яһудейлердің ішіндегі немесе раввиндердің ішіндегі (бір діни қызметкер) яғни, ғалымы (Пайғамбарға ﷺ келіп: «Уа, Мухаммад! Расында, Аллаһу Тағала қиямет күні аспанды саусағына, жерді саусағына, таулар мен ағаштарды саусағына) яғни, сол жыныстағыларды, (су мен дымқылды саусағына) яғни, су және су астындағы топырақты (және барлық жаратылыстарды саусағына қойып) бұл хадис аспанды оң қолмен, жерді екінші қолмен бүктейді деген жоғарыда айтылған хадиске сырттай қайшы келеді. Сондай-ақ, хадисте аспан, жер және тағы басқа жаратылыстың шайқалуын саусақтарға бөлуі, сырттай еврейлер мен барлық бидғатшылардың сенімі сияқты Аллаһу Тағаланың мүше бес саусағы бар дегенге меңзейді. Алайда, ол ﷺ еврейдің айтқанын теріске шығармағандықтан, мұны не хәләфтардың (яғни, сәләфтардан кейінгі буын ғалымдар) доктринасы болып табылатын тәуил жасау (яғни, араб тіліне сәйкес және хадистің контекстіне қарай Аллаһқа лайықты мағына беру) және хәләфтар бұл мәселеде білімдірек, немесе алдыңғы буын (яғни, сәләфтар) доктринасы болып табылатын хадисте келген сөздерді ағза-мүшеден пәктей отырып қабыл ету және тафуид жасау (яғни, мағынасына терең кірместен, солай қалдыру және мағынасын Аллаһқа тапсыру) және бұл ең қауіпсіз жол. Аллаһу Тағала жақсырақ білуші. Хадис тәпсіршілер: «Хадистің мағынасы – Аллаһу Тағалаға әлемді ұстап тұру және сақтау оңай дегенді білдіреді, араб тілінде: «Пәленше өзінің күш-қуатының арқасында нәрсені саусағымен көтереді», - деп айтқаны секілді». Әт-Турбашти былай деді: «Бұл хадис – оны ауыспалы немесе бейнелі бір мағынаға ықтимал, мұның мәнісі – Оның ұлылығын бейнелеу және Оның мәртебесінің ұлылығын бекіту: Аллаһу Тағала жаратылғандарды аса құдіретімен қалағанынша басқарады. Арабтар талап еткен нәрсесін жеңіл алғанын, қол жеткізген нәрсенің жақындығын, қабілетінің көптігін және кеңдігін былай дейді: «Мен оны алақанымның бір бөлігімен істеймін, мен бұл істі саусақтай жеңіл деп санаймын және осыған ұқсас сөздер бір нәрсені болмашы екенін, оны орындау жеңіл екенін көрсету үшін қолданылады. Кімде-кім мұндай хадистердің түсіндірмесіне терең бойлаудан бас тартса, діннің амандығында болады (сосын шайқап) қатты тербеп: («Мен Патшамын!) яғни, Құдіреттімін, Қуаттымын, Үстемдік Етушімін! (Мен Аллаһпын!») яғни, іштей де, сырттай да құлшылыққа, табынуға лайық шынайы Құдаймын! (Аллаһ Елшісі ﷺ таңдана күліп, діни қызметкердің айтқанымен келісіп) «әл-Кәшшәф» авторы: «Арабтардың ішінде араб тілінің классикалық әдеби тілін ең жақсы білетіні (яғни, Пайғамбар ﷺ) күліп, таң қалды. Өйткені яһудейдің айтқанынан риторика ғалымдарының түсінгенінен басқа ештеңе түсінілмейді: ұстауды да, саусақты да, сілкуді де. Бірақ оның түсінігі ең алдымен мұның мәні мен түйініне түсті, бұл Аллаһу Тағаланың таң қалдыратын күш-құдіреті. Риторика ғылымында осы тараудан асқан дәлірек, әрі нәзік, не түсініксіз мәселелерді шешу үшін Құрандағы Аллаһтың сөздері мен хадистен және басқа көктен түскен кітаптардан артық пайдалы әрі оңай тарау таба алмайсың. Көбінесе бұл өткен адамдардың түскен қиялдары ғана, (содан кейін Құраннан аят оқиды:) яғни, Пайғамбар ﷺ дәлел ретінде оқыды немесе оқыған хазіретті Ибн Масуд болуы мүмкін: ( ﴾Олар Аллаһты лайықты түрде танып, бағалай алмады) яғни, Олар лайықты түрде танымады немесе Оны лайқыты түрде дәріптемеді. (Дегенмен, қиямет күні) яғни, Ол қалағанындай, бәсекелессіз және оңайлықпен иемденеді. Мағынасы жәр әлемі Оның құдіретінің қасында, бір жұдырықтан басқа ештеңе емес (жер түгелдей) яғни, жер жынысы. Бұл жеті қат жердің барлығы (Оның уысында) яғни, Оның иелігінде, меншігінде және билігінде болады, (ал күллі аспан әлемі шиыршықталып бүктелген күйде Оң қолында болады) яғни, жалпылама бойынша немесе бөліп топтастыру. Өйткені Аллаһу Тағала өзінің даңқымен және ұлылығымен әлемді жойып жіберемін деп ант етті. (Аллаһ – олардың Өзіне серік етіп қосқан жалған құдайларынан аулақ һәм әлдеқайда ұлы﴿) яғни, Аллаһтың баласы бар деуден және басқада серіктерден аса пәк. ((хадисті Бухари және Муслим риуаят етті) және әт-Термизи және ән-Нәсәи».