April 23
Аллаһ Елшісі ﷺ айтты: «Қашан мақтағыштарды көрсеңдер, олардың жүздеріне топырақ шашыңдар»
Һаммамнан жеткен риуаят ектен хадисте айтты: «Бір кісі келіп, Османды бетіне мақтай бастады. Сонда әл-Миқдад ибн әл-Әсуәд жерден топырақ алып, оның жүзіне шашып жіберді де: Аллаһ Елшісі ﷺ былай деген, — деді: «Қашан мақтағыштарды көрсеңдер, олардың жүздеріне топырақ шашыңдар».
Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди өзінің әйгілі «Бәзл әл-Мәджһууд фи халли сунан Әбу Дәуд» кітабында (4804-ші) хадистің түсіндірмесінде айтты:
«Мақтағыштар – адамдарды мақтауды әдетке айналдырып, оны кәсіп еткендер. Сол арқылы олар мақталған адамнан пайда табуды көздейді әрі оны азғырады. Ал біреуді оның жақсы ісі мен мақтауға лайық амалы үшін мақтап, сол арқылы оны ынталандыру және басқаларды да соған ұқсауға шақыру мақсатында айтылған мақтау – ондай адамды “мақтағыш” етпейді. Бірақ айтқан сөзі жағынан ол мақтаушы болып саналады (яғни атауы жағынан – мақтаушы, бірақ үкімі жағынан – жаман мағынадағы мақтағыш емес).
Әл-Миқдад бұл хадисті тура мағынасына алып, қолымен топырақты алып, мақтаушының жүзіне шашқан.
Бұл хадисті басқа мағынада да түсіндіруге болады: мұндағы «топырақ шашу» – «құр қалдыру, ештеңе бермеу» дегенді білдіруі мүмкін. Яғни, сендерді мақтап, сол арқылы бір нәрсе алғысы келген адамды қайтарыңдар, ештеңе бермеңдер. Араб тілінде «оның қолында топырақтан басқа ештеңе жоқ» деген сөз – оның ештеңесіз қалғанын білдіреді. Сол сияқты кейбір тіркестерде де топырақ «құр қалу» мағынасында қолданылады».
Мәулана Мухаммад Яхъя былай дейді:
«Османды (Аллаһ одан разы болсын) мақтады» деген сөз – бәлкім ол адам Османда жоқ нәрселермен мақтаған немесе одан бір нәрсе алу үшін мақтаған болуы мүмкін. Егер мақтауы шын болса да, Осман оны тікелей тоқтатуға ұялып, басқа біреу арқылы бұл істі тоқтатуды жөн көрген болуы ықтимал. Сондай-ақ бұл мақтау тыйым салынған түрге кірмейтін дұрыс мақтау болуы да мүмкін. Алайда әл-Миқдад хадисті жалпы тыйым ретінде түсініп, барлық мақтауға қолданған. Бұл не оның хадистен жалпы мағына түсінгендігінен, не мақтауға апаратын жолды толық жабу үшін жасалған әрекет болуы мүмкін».