September 1

Үнді ғалымдарының Мухаммад ибн Абдул-Уаһаб жайындағы көзқарасы.

СҰРАҚ

Мухаммад ибн Абдул-Уаһаб ән-Нәжди мұсылмандардың қанын, мал-мүлкін және ар-намысын халал санаған, барлық адамдарды ширкке теліген және өткен ізгілерді балағаттаған. Бұған сіздердің көзқарастарыңыз қандай? Сіздер өткен ізгілерді, мұсылмандарды және құбыла иелерін кәпір деуді рұқсат деп санайсыздар ма? Әлде сіздердің ұстанымдарыңыз қандай?

ЖАУАП:

Біздің олар жайындағы үкіміміз — «әд-Дурру әл-Мухтар» кітабының авторы айтқан үкім:

«Харижиттер — күш-қуаты бар бір қауым. Олар (шариғи) билеушіге қарсы тәуілмен шығады. Олар билеушіні күпірлік немесе күнә секілді теріс істің үстінде деп санайды және өздерінің қате түсінген дәлелге сүйеніп мұсылман басшысымен соғысуды міндет етеді. Осы қате түсінік негізінде біздің қанымыз бен мал-мүлкімізді халал санайды және әйелдерімізді күң етіп тұтқынға алады...
Олардың үкімі — бүлікшілердің үкімі.
Оларды кәпір демеуіміздің себебі — олардың әрекеті кате түсінікке негізделген».

Ибн Әбидин өзінің «Хашиясында» былай дейді:

«Біздің заманымызда Нәждтен шығып, Харамайнды басып алған Абдул-Уаһабтың ізбасарларымен болған жағдай секілді. Олар өздерін ханбали мәзһабына жатқызатын. Алайда олар өздерін ғана мұсылман деп сеніп, өздерінің сеніміне қайшы келгендерді мүшріктер деп есептеді. Осы себепті Әһлу сүннетті және олардың ғалымдарын өлтіруді халал санады. Ақырында Аллаһ Тағала олардың күш-қуатын талқандады».

Содан кейін мен айтамын:

Ол да, оның ізбасарлары мен жақтастарының ешқайсысы да фиқһ, хадис, тәпсір және тасаууф ғылымдарының силсилаларының ешбірінде біздің шейхтарымыздың қатарынан емес.

Ал мұсылмандардың қанын, мал-мүлкін және ар-намысын халал санауға келсек, ол не хақсыз, не хақ негізінде болады.

Егер хақсыз болса, онда екі жағдай бар: егер ол ешбір мәтіндерге сүйенбестен болса, бұл — күпірлік әрі Исламнан шығу. Ал егер шариғатта жарамды саналмайтын қате түсінікке сүйеніп жасалса, онда бұл — пасықтық.

Ал егер хақ негізінде (мысалы зинақор немесе муртадқа тұрғызылатын жаза) болса, онда ол рұқсат, тіпті міндет.

Ал мұсылман өткен ізгілерді кәпір деуге келсек, Аллаһ сақтасын! Біз олардың ешқайсысын кәпір демейміз. Керісінше, мұны рафидилік және дінге енгізілген бидғат деп санаймыз.

Ал құбыла иелерін болған бидғат иелерін, олар дінде міндетті түрде белгілі болған үкімдердің бірін жоққа шығармайынша, кәпір демейміз. Егер олардың дінде міндетті түрде белгілі болған бір нәрсені жоққа шығарғаны анықталса, оларды кәпір деп есептейміз. Алайда бұл мәселеде сақтық танытамыз.

Бұл — біздің жолымыз әрі Аллаһ Тағала оларды рақымына алсын, шейхтарымыздың да ұстанған жолы.

Үлкен мухаддис имам Халил Ахмад әс-Сәһәранфури әл-Ханафи әл-Матуриди, «әл-Муһәннәд әлә әл-Муфәннәд», 61-63 бет.