«Қадір» сөзінің мағынасы
Құран Кәрімге түсініктеме жазған мәшһүр ғалым Ибн Кәсир «қадір» сөзінің үш мағынасы бар екенін айтады:
«Қадір» сөзі «үкім түні» мағынасын береді. Құран Кәрімде: «Ол кеште барлық хикметті істер айырылады» [«Дұхан» сүресі, 4-аят], – деп бұйырылған. Қатада: «Бұл түнде келесі жыл істерінің тағдыры жазылады», – деді [«Тафсир әт-Табари» 25/65].
«Қадір» сөзі «абырой, бедел» мағынасын береді. Қадір түні – ұлық және аса қадірлі түн. Бұл хақында Құранда: «Қадір түні мың айдан да қайырлы» [«Қәдір» сүресі, 3-аят], – деп баяндалады.
«Қадір» сөзі «сығылысу» мағынасын береді. Осыған байланысты зерттеуші ғалымдар қадір сөзі тарылу мағынасын да білдіреді деген жорамалдар жасаған. Өйткені бұл түні бүкіл періштелер жер бетіне түскен соң, жердің тарлығынан сығылысады. Бұл жайлы Құранда: «Періштелер және Жәбірейіл (а.с.) осы түні Раббыларыңның рұқсатымен барлық іс үшін түседі» [«Қәдір» сүресі, 4-аят], – деп баяндалады.