Рамазан
May 14, 2020

Қадір түніне 7 амал

«Біз оны (Құранды) Қадір түні түсірдік», – деп Алла Тағала бұл түннің мәртебесі Құран арқылы көтерілгендігін баяндайды. Араб тіліндегі «القدر» сөзі біздің «қадірлі, ұлы, беделді, мәртебелі» деген мағыналарды білдіреді. Сондай-ақ біздің сөздік қорымыздағы «тағдыр» сөзі де негізінен осы әріптерден алынған. Демек, бұл түні күллі жаратылыстың бір жылдық тағдыры жазылады.

Барлық күш-жігеріңізбен Алла Тағаладан дүние және ақыретіңізді қамтыған қажеттіліктеріңізді сұрайтын дұға жасаңыз. Себебі Раббымыз бұл түні барлық дұғаларды қабыл етеді. Ең маңыздысы, бұл түні өз отбасыңыздың амандығы, еліміздің тыныштығы, мемлекетіміздің өркендеуі, дініміздің елімізде кең қанат жайып, дамуын сұрап дұға етуді естен шығармаңыз. Елдің амандығы мен тыныштығы ол – біз бен сіздің амандығымыз бен тыныштығымыз.

Алла Тағаланың өзіңізге берген күллі нығметтерін есіңізге алып, Оған шүкірлік мақсатында өзіңіз білетін барлық пәктеу сөздерді айтып, Алланы дәріптеңіз (Мәселен, әлһамдуллилләһ, субханаллаһ, Аллаһу әкбар, ләә иләәһә иллаллаһ т.б.).

Осы күнге дейінгі барлық күнәларыңыз бен қателіктеріңізді есіңізге түсіріп, Алла Тағаланың кешіруін сұрап дұға жасаңыз. Себебі барлық күнәларды кешіруші Жалғыз Алла ғана. Сондай-ақ барша жақсылықтар мен бақыттың кілті болған «әстағфируллаһ» сөзін шамаңыз келгенше көп қайталаңыз. Саны маңызды емес.

Екі рәкат болса да нәпіл намазын оқып, намазыңыздың қабыл болуын сұраңыз. Сол түні кім нәпіл намаздарды көбейтсе, 83 жыл 4 ай үздіксіз нәпіл намазда болған есеп.

Шамаңыз келетін көлемде садақа беріңіз. Садақаңыздың қабыл болуын сұрап, Аллаға жалбарынып дұға етіңіз. Осы күні кім садақа берген болса, 83 жыл 4 ай үздіксіз садақа берген болады.

Қадір түні құлшылығын тек мешітте ғана емес, үйде жасауға да болады. Дұғаның қабыл болуы үшін қай жерде болғаныңыз емес, ықыласты болу маңызды.