Ахлақ
March 28, 2020

Оңашаланудың бесінші пайдасы

Халықтың сенен дәмесі, сенің халықтан дәмеңнің үзілуі. Адамдардың разылығын табу – жетуі қиын алыс меже. Сондықтан адам өзін түзетумен айналысқаны абзалырақ. Араласқан адамдарыңның сенің мойныңдағы ақыларының ең жеңілі – жаназасына қатысу, ауырса көңілін сұрау, үйленсе тойына баруың.

Амр ибн Ас {Алла оған разы болсын}: «Достарыңның көптігі – мойныңда қарыздың көптігі деген сөз».

Дүниенің жылтыры мен сәніне көз тіккен адамның оған деген құштарлығы оянады. Құштарлықтың күшімен дәмесі артып, көп жағдайда мақұрымдықты, жетіспеушілікті ғана көретін болады. Сосын бұған қиналатын болады. Егер оңашаланатын болса, онда бұларды көрмеген болар еді. Егер көрмесе, құмартып, дәмеленбеген болар еді.

Үйінде отырған адам мұндай сынақтармен сыналмайды. Дүниенің сәнін көрген адамның діні мен иманы күшейіп сабыр етеді, сабырдың ащы дәмін татады. Не болмаса қызығушылығы оянады да, дүние іздеуге салынады. Соның салдарынан екі дүниесін де құртады. Мына дүниеде өзін әрдайым мақұрым қалғандай сездіретін дәме арқылы құриды. Себебі дүние талап еткеннің бәріне оңай келе бермейді. Ал ақыретте дүниені Алланың зікірі мен оған жақындаудан артық көргендігі үшін зиянын тартады.