Шүкір ету – пайғамбарлардың сипаты
Адамзатқа ақ пен қараны ажыратып беруші барлық пайғамбарлардың бойында болған ізгі қасиеттердің бірі – шүкірлік. Құранда Нұх пайғамбар {ﻋﻠﻳﻪﺍﻠﺳﻼﻡ} жайында:
«Уа, Нұхпен бірге кемеге мінгізіп, алапат апаттан құтқарған мүмін құлдарымыздың ұрпақтары! Нұх расында да (Раббысына) өте көп шүкіршілік ететін құл еді».
«Исра» сүресі, 3-аят
«Шүбәсіз, Ибраһим жалған діндердің бәрінен сырт айналып, бір Аллаға ғана сыйынған һәм Аллаға жан-тәнімен берілген бір өзі бір үмбет болған еді. Ол әсте мүшрік(тердің қатарында) болған емес. Ол Алланың нығметтеріне әрдайым шүкіршілік ететін. Алла оны таңдаған һәм тура жолға салған еді».
«Нахл» сүресі, 120-121-аяттар
Адамзаттың абзалы болған пайғамбарымыз Мұхаммед {ﷺ} Айша анамызға {Алла оған разы болсын}: «Мен Аллаға шүкір етуші құлдардан болмаймын ба?! [Бухари, Муслим]» – деп айтқан.
Алла Тағаланың таңдаулы құлдарының бойында болған ізгі сипаттың қандай да бір адамның бойында орнауы – ол адам үшін берілген үлкен мәртебе.