Тәпсір
April 6, 2020

«Аср» сүресінің тәпсірі

Сүренің алғашқы аяттарында: «Ғасырға (уақиғаларға толы заманға, әсіресе, ақырғы бөлігіне) серт! Шынында, адам баласы зиян ішінде», – делінеді. Бұл «Ғибратты уағыздар мен оқиғаларды һәм алуан түрлі ғажайыпты қамтыған ғасыр мен уақытқа серт беремін, расында, адам баласы қасіретте. Өйткені ол фәни дүниені ақиреттен абзал санап, тән құмарлықтары мен бос нәрселерге бой алдырады» деген мағынаны білдіреді.

Ибн Аббас: «Аяттағы «аср» сөзі ғасырды, дәуірді білдіреді. Ол әр алуан ғажайыпты қамтығандықтан, Алла Тағала онымен серт еткен», – деген.

Ал Қатада: «Аяттағы «аср» күндіздің соңғы уақыттарын білдіреді. Алла Тағала сәске уақытымен серт бергені секілді осы уақытпен де серт берген. Өйткені ол уақыттарда ғажайып уағыздар мен Алланың айқын құдіретін көрсететін дәлелдер бар», – деген.

Имам әл-Қуртуби: «Алла Тағала «асрмен» ант етті. Ол ғасыр мен дәуірді білдіреді. Онда жағдайлар мен оқиғалардың өзгеріп отыратындығына ескерту мен Жаратушыны білдіретін дәлелдер бар», – деген.