Оңашаланудың бірінші пайдасы
Ғибадатқа берілу, ой-пікір қорытуға мүмкіндік табу, халыққа жалтақтаудан құтылып, Аллаға мінәжатқа көңіл бөлу, ақырет және дүние істеріндегі Алланың даналық сырларына және көктер мен жер әлемінің сырларына үңілумен айналысу. Бұл істердің барлығы бос уақытты керек етеді. Адамдардың арасында жүргенде уақыт табу мүмкін емес.
Хасан Басриге:
– Уа, Әбу Сағид, мында бір кісі бар. Қашан көрсек жалғыз өзі бір қаданың артында отырады, – дейді адамдар. Хасан:
– Ол адамды көрген кездеріңде маған хабар беріңдерші, – дейді. Бір күні Хасан Басриге хабар беріледі. Хасан ол кісіге барып:
– Уа, Алланың құлы, байқауымша, оңашалануды ұнататын сияқтысың. Адамдармен бірге отыруыңа не кедергі? – дейді. Ол:
– Бір ісім бар, содан халықпен араласуға қолым тимейді, – дейді. Хасан:
– Ал Хасан деген кісіге барып, соның мәжілісіне қатысуыңа не кедергі бар? – деп өзін меңзейді. Әлгі кісі:
– Менің ісім халықпен де, Хасанмен де араласуға кедергі болуда, – дейді. Хасан:
– Алланың рақымына бөленгір, ол қандай іс екен? – дейді.
– Мен Алланың берген нығметі мен күнәнің арасында таңды атырып, кешті батырамын. Сондықтан өзімді Алланың нығметіне шүкір етумен және күнәларыма тәубе етумен айналысуға міндеттімін деп ойлаймын, – дейді. Сонда Хасан Басри оған:
– Уа, Алланың құлы, мен үшін сен Хасаннан да білімдісің. Осы халіңнен қол үзбе, – дейді.