Қазақ ауыл шаруашылығының өнеркәсібі
Қазақстанда аграрлық өнеркәсіп қаншалықты дамыған
Мұнай ұзақ уақыт Қазақстанның жалғыз дерлік эспорттық тауары болып келді. Қазір ахуал біртіндеп өзгеріп келеді. Ел экономиканы әртараптандырып, әлемге басқа өнімдерді де ұсынуда. Енді осы өзгерістерде аграрлық секторға қандай орын берілетінін анықтап көрелік.
Агроэкономика негіздері
Қазақстанда ауыл шаруашылығы жыл сайын 7,5 трлн теңгеге немесе $17,6 млрд-қа өнім өндіреді. 2021 жылы Ұлттық статистика бюросы осылай деп есептеді. Елдің ІЖӨ-дегі ауыл шаруашылығы секторының үлесі 5,1%-ды құрайды.
Өсімдік шаруашылығына – күріш, майлы дақылдар және т.б. өсіруге жаппай шығарымның 58%-ы тиесілі, қалған 42%-ды мал шаруашылығы (ірі және ұсақ мүйізді мал, жылқылар, құс және т.б.) иеленеді.
Елдің жетекші ауыл шаруашылығы өңірлеріне Алматы, Түркістан, Солтүстік және Шығыс Қазақстан облыстары жатады.
Өзіне-өзі фермер
Ауыл шаруашылығы өнімдерінің негізгі түрлерімен ел өзін іс жүзінде дербес қамтамасыз етеді. Астық, ет, жұмыртқа мен картоп импортының үлесі 10%-дан аспайды. Бұл ретте бидай Қазақстан аумағынан тысқары белсенді сатылады. Оның экспортының көлемі мұнайдан, мыстан, ферроқорытпалар мен бейорганикалық химия өнімдерінен кейінгі бесінші орынды иеленеді. 2022 жылдың алғашқы жартысында Қазақстан сыртқы нарыққа жалпы құны $959 млн-ға 3,2 млн тонна астық шығарды. Негізгі сатып алушылар - Өзбекстан (45%), Иран (15%) және Тәжікстан (12%).
Ауыл шаруашылығы өнімдері арасында шетелдік жеткізілімдер ($334 млн) көлемі бойынша екінші орынды бидай және бидай-қара бидай ұны иеленеді. Оны Ауғанстан (75%) мен Өзбекстан (18%) сатып алады. Сонымен бірге экспорттың құрылымында жануарлардан және өсімдіктерден алынған майды қоса алғанда майларды атап көрсеткен жөн, өткен жылы олар $275 млн-ға сатылды.
Кейбір қайта өңделген ауыл шаруашылығы өнімдері импортының үлесі айтарлықтай жоғары. Бұл мәселен, консервіленген көкөністер (77%), құс еті (37%), қант (58%), кондитерлік бұйымдар (56%), кептірілген нандар мен печенье (40%), қойытылған сүт (61%), маргарин (48%), ірімшік және сүзбе (47%). Қазақстанға сүтті негізінен Беларусь пен Ресей сатады. Соңғысы республикаға өсімдік майларының да негізгі жеткізушісі болып танылады.
Әртараптандырудың қыр-сыры
Бір серіктеске тәуелділіктің келеңсіз салдарлары болады. Сөйтіп, Ресейден қант экспорты тоқтағаннан кейін жылдың басында ішкі нарықта уақытша тапшылық пайда болды, бұл өнімнің 92% ж/ж қымбаттауына әкеп соқтырды. Төмендеп қалған көлемдерді біртіндеп Бразилия жапты. Бұл ел бір жылдың ішінде өзінің жергілікті нарықтағы үлесін 29%-дан 48%-ға дейін арттырды.
Әлеуметтік маңызды тауарлардың бағасын ұстап тұру үшін Қазақстан қаңтардың өзінде мүйізді ірі және ұсақ малдың экспортын тоқтатты, мамырда қантты шығаруға тыйым салынды, сонымен бірге бидайға, ұнға, күнбағыс майы мен күнбағыс тұқымдарына қатысты шектеулер енгізілді.
Тұтастай алғанда ел бірқатар жайғасымдар бойынша экспорттық әлеуетін өсіруге қауқарлы. Алайда қайта өңдеу өнеркәсібінің жеткіліксіз дамуы кейбір азық-түлік тауарлары түрлерінің импортына күшті тәуелділіктің сақталуына әкеледі.