Табысты комбо
Агроөнеркәсіпке инвесторлар үшін өнімдер себеттерін таңдаймыз
Агроөнеркәсіп кешенінің дамуынан тәуір ақша табуға болады. Бұдан әрі азық-түлік қауіпсіздігі тақырыбы қызықтыратын ұзақ мерзімді тұрақты инвесторларға лайықты тақырыптық қорларды (ағыл. exchange-traded fund, ETF) қарастырамыз. Олар күш-жігерлерін барынша жұмсап, әртараптандырылған қоржын жасауға ниет білдірген биржада ісін жаңадан бастағандарды да тартады.
Біз өтімділігі қолайлы (айналымы күніне 90 мың қағаздан астам) және басқару үшін комиссиясы төмен (expense ratio 0,7%-дан төмен) қызықты ETF-ларды іріктеп алдық. Қолайлылық үшін таңдалған қағаздар екі топқа бөлінді.
Тағам өнімдері мен сусындар өндірушілері
Мұнда перспективалық екі инструментті бөліп көрсетуге болады: First Trust Nasdaq Food & Beverage ETF (FTXG) және Invesco Dynamic Food & Beverage ETF (PBJ). Алғашқы қордың таза активтері көлемі $895 млн-ға, ал екінші қордыкі - $327 млн-ға жетеді. Компаниялардың екі қоржыннан орташа капиталдануы $45–47 млрд-ты құрайды.
FTXG және PBJ бірқатар ортақ сипаттамаларға ие. Инструменттер S&P 500 индексімен төмен корреляцияны көрсетті, ал олардың бетасы* бір жыл ішінде 0,5-ті құрайды. Басқаша айтқанда, екі қорды нарық ауытқуларына төмен сезімталдық есебінен әртараптандыруға арналған инвестициялық қоржындарға қосуға болады.
Жыл басынан бері америкалық қор алаңдары түзетудің ықпалында болғанымен, екі актив оң серпінді көрсетті: FTXG-да +3,7%, PBJ-да +2,1%. (Мәліметтер 2022 жылдың қыркүйек-қазанындағы жағдай бойынша келтірілді).
Сенімді өсімнің себебі осы қорлар құрамына кіретін компаниялардың сұранысты едәуір жоғалтпай, өз өніміне бағаны көтере білуінің арқасында көтеріңкі инфляция кезеңін басқа эмитенттерден жақсырақ бастан өткізетінінде. Айталық, FTXG-дағы ең ірі үлестер Kellogg (K), Archer-Daniels-Midland (ADM), Molson Coors Beverage (TAP), Tyson Foods (TSN) және Bunge (BG) акцияларында.
PBJ қорында Archer-Daniels-Midland (ADM), Hershey (HSY), General Mills (GIS), Sysco (SYY), PepsiCo (PEP), Keurig Dr Pepper (KDP), Coca-Cola (KO) және Kraft Heinz (KHC) қағаздарының айтарлықтай салмағы бар. Тізбеленген қағаздардың әрқайсысына 5%, ал қоржындағы қалған 22 акцияға — жиынтық түрде 60%-ға жуығы тиесілі.
Қарастырылып отырған екі құралдың кемшілігі бизнестің төмен географиялық әртараптануы: қоржынға кіретін активтердің динамикасы АҚШ-тағы тұтыну шығыстарына қатты тәуелді. Дегенмен, кейбір инвесторлар мұны басымдық деп есептейді.
Ауқымы кең агроөнеркәсіп кешені
Бұдан әрі VanEck Agribusiness ETF (MOO) және iShares MSCI Global Agriculture Producers (VEGI) қорларын қарастырамыз. Оларға агроөнеркәсіп кешенімен байланысты ең саналуан индустриялар корпорацияларының акциялары кіреді. Бұл ETF-тер үлестерін ұстаушылар тағам өнімдеріне арта түсетін сұраныстан, сондай-ақ тыңайтқыштарға (екі ETF-те Mosaic компаниясы ұсынылған) және арнаулы техникаға өсе түскен қажеттілікті қоса алғанда, ауыл шаруашылығының дамуынан пайда табады.
Тракторлар мен басқа ауыл шаруашылығы машиналарын өндіруші Deere & Со. (DE) VEGI-де 18,5% иеленеді. Бір қағаздың осыншалық елеулі салмағы біраз инвесторларды таң қалдыруы мүмкін. Есесіне, МОО қорындағы осы акцияның үлесі екі есе аз. Екі ETF 55%-ға америкалық қағаздардан тұрады. Қалған 45%-ы Канаданың, Германияның, Норвегияның, Жапонияның, Үндістанның және басқа елдердің эмитенттерінің акцияларына тиесілі.
Бұл ETF-терге салымдарының басты артықшылығы — нақты компаниялардың бизнесінің ерекшеліктерін зерттеу қажеттігінсіз жаһандық трендтерден ақша табу мүмкіндігі.
Әлемде азық-түлік тауарларына сұраныс өсе түсетін болады, демек тізбеленген барлық ETF-тер олардың активтерінің құрылымын есепке алғанда жаһандық азық-түлік бәйгесіне қатысуға ниетті инвесторларға сәйкес келеді.
*Бета – акция бағасының жалпы нарықпен салыстырғанда қаншалықты құбылмалы екенін көрсететін коэффициент