Тағам өнеркәсібінің алыптары
Америка және бүкіл әлемнің тамақтануы
Америкалықтар сатып алатын азық-түлік өнімдерінің едәуір бөлігі Packaged Food-қа, яғни қайта өңдеуден өткен және сақтау мерзімі барынша ұзартылатындай етіп қапталған өнімдерге жатады.
Бұл нарықтағы аса ірі ойыншылар Nestle (NESN), Kraft Heinz Company (KHC), Tyson Foods (TSN), JBS Foods International (JBS), Kellogg Company (K), ConAgra Foods (CAG), Frito-Lay (PepsiCo-ның еншілес құрылымы), Smithfield Food және басқалар болып табылады. Олардың көбі бұрыннан трансұлттық корпорацияларға айналған. Сала табиғи және органикалық, соның ішінде өсімдік негізінде жасалған өнімдерге сұраныстың күшеюі, таза снектерге қызығушылықтың артуы, сауда-саттықтың онлайн арналарының ашылуы, тұтынуға дайын тағамдардың пайдасына үйде дайындалған тағамдардан бас тарту трендінің нәтижесінде 2030 жылға дейін жыл сайын 4,2-4,8%-ға өсетін болады.
Қамсыз табыс
Азық-түлік өнімдерін өндірушілердің орнықты бизнес-моделі әдетте, S&P 500 бойынша орташа мәннен жоғары табыстылықпен дивидендтерді тұрақты төлеп отыруға мүмкіндік береді.
Кіші сектор үшін бұл көрсеткіштің ағымдағы шамасы бенчмарк құрамындағы компаниялардағы орташа 1,6%-бен салыстырғанда 2,5%-ды құрайды. Тағам саласында дивидендтік ақсүйектер деп аталатындар өте көп. Олар акционерлерге төлемдерді қатарынан 25 жылдан астам уақыт көтеріп келеді. Бұдан әрі біз болашағы зор екі қағазды қарастырамыз.
Tyson Foods (TSN)
Сиыр, шошқа, тауық еттерінен жасалған ет өнімдерінің кең желісінің жетекші өндірушісі, өзіндік бағалаулары бойынша, АҚШ-та осы нарықтың 20%-ын иеленеді. Сонымен бірге компания сорпалық өнімдер, жартылай фабрикаттар, мұздатылған және дайын тағамдарды дайындауға мамандандырылған. Тұтынушылардың өсімдіктен жасалған өнімдерге қызығушылығының күшеюіне қарамастан, менеджмент АҚШ халқының санының өсуі мен экспорттық жеткізілімдердің ұлғаюы есебінен үш жыл ішінде ет бұйымдары өндірісінің кеңейетінін болжап отыр. Бұдан басқа, Tyson Food шетел нарығында болуын айтарлықтай кеңейтуге мүмкіндік беретін өршіл инвестициялық бағдарламаны іске асыруда, бұл бизнестің органикалық өсуіне қолдау көрсетеді.
Компания өзекті трендтерден кейін қалып қоймауға тырысады: өсімдік негізіндегі алғашқы ет алмастырғыштар оның желісінде 2019 жылы пайда болды және осы өнімнің ассортименті ұдайы кеңейіп келеді. 2021 жылдың мамыр айында бұршақ ақуызы негізінде гамбургерлер, шұжықшалар, тартылған ет пен итальяндық шұжықтқа ұқсас түрін шығара бастады. Ет өнімдеріне сұраныс эмитентке шығындардың өсуін жойып, шығындарды тұтынушыға ауыстыруға мүмкіндік береді. Үш тоқсанның қорытындылары бойынша сатылымдардың 1%-ы ж/ж төмендегеніне қарамастан, Tyson Foods-тың осы кезең ішіндегі түсімі бағаның өсуі аясында 16%-ға ұлғайған.
Бизнестің тиімділігін арттыру бағдарламасы 2024 жылға дейін шығасыларды $1 млрд-қа дейін қысқартуды болжап отыр. 2022 жылы шығындарды $400 млн-ға кеміту жоспарлануда. Tyson Foods акциялары ұқсас түрлеріне қатысты жете бағаланбаған. P/E форвардтық мультипликаторының мәні орташа есеппен 10 жыл ішінде 14,1х-пен салыстырғанда 8,7х-ты құрайды.
Біз жаһандық азық-түлік дағдарысы жағдайында баға белгіленімдерінің әрі қарай өсу ықтималдығын көріп отырмыз. Tyson Foods акциялары бойынша біздің мақсатты бағамыз - $98.
Mondelez International (MDLZ)
Mondelez International — кондитерлік бұйымдар, снектер, басқа да тағам өнімдері мен сусындар өндіретін америкалық трансұлттық корпорация. Иллинойс штатының Чикаго қаласында орналасқан.
Mondelez — әлемдік нарықта 16 пайыздық үлесімен печенье сегментіндегі теңдессіз көшбасшы. Шоколад пен кәмпит сегменттерінде компания нарықтағы тиісінше 11,5%-ға және 5%-ға жуық үлестерімен екінші орынды иеленеді. Компания өзінің өнімдер қоржынын белсенді түрде қайта теңгерімдейді: басшылықтың жоспарларына сай, ұзақ мерзімді келешекте шоколад пен печеньенің үлесі эмитенттің сатылымдар құрылымында 90%-ға жуықты құрайды.
Mondelez ағымдағы тұтынушылық трендтерді ескере отырып, ассортиментті өзектендірумен үнемі жұмыс істейді, қанттың құрамы аз немесе қантсыз кондитерлік бұйымдар (Cadbury Dairy Milk, Oreo Zero), сондай-ақ функционалдық өнімдер (Uplift Foods) мен СӨС-на арналған өнімдер (CaPao, NoCoe) ұсынады.
Нарықтағы жетекші жайғасымдар эмитенттің қаржы көрсеткіштерінің орнықты серпінін қолдайтын болады. Mondelez қағазы бойынша біздің мақсатты бағамыз — $72.
Тәбет ашатын инвестициялық идеялар
Жалпы алғанда біз азық-түлік өнімдерінің өндірушілері секторының инвестициялық тартымдылығын оң бағалаймыз. Ол мақсатты нарықтардың өсуімен, тұтынушылардың брендтерге адалдығына, сондай-ақ маржиналдықты арттыру үшін тұтынушылардың қажеттіліктерінің қолайлы өзгеруіне байланысты.
Инфляция жоғары болған кезеңдерде саланың жоғары орнықтылығы, сондай-ақ жоғары дивидендтік табыстылық қапталған өнімдердің кіші секторын инвесторлар үшін тартымды етеді.