«Қаржы – бұл әрекет, қозғалыс және таңдау еркіндігі»
Стендап-әзілкеш Ғалым Қалиакбаров
Стендап — тек қана әзіл емес, ол — бизнес. Оның табысы қаншалықты ?
Ол аудиторияны қамтуға және концерттерге билеттерді сатуға байланысты. Егер сіз 1-2 мың көрерменмен зал жинай алатын болсаңыз, онда сіз жақсы ақша табасыз. Алайда әркімнің билет бағасы әр түрлі: біреу 50-70 көрермен алдында сөз сөйлеп, басқа үлкен алаңдардағыдай табыс табуда.
Бұл бизнесте маусымдық түсінігі бар ма, оның ішінде жаңа жылдық маусымдылық?
Маусымдық, әрине, бар. Стендап жабық үй-жайларда өткізілетіндіктен, жазда келушілер саны азаяды. Бұдан басқа, жылдың жылы мезгілінде ашық ауада өтетін баламалы іс-шаралар: фестивальдар, концерттер және тағы басқалар тарапынан бәсекелестік жоғары болып келеді.
Жаңа жыл алдындағы уақыт — әзілкештер үшін сәтті маусым. Осы кезеңге орай үлкен концерттер ұйымдастырылады, корпоративтерге жиі шақырады. Бір қызығы, көптеген басқа бизнестерде мереке алдындағы қарбаластан кейін тыныштық басталған кезде бізде сұраныстың жоғары кезеңі жалғасады. Жаңа жылдық демалысқа дейін адамдар сыйлықтар сатып алумен айналысады, мерекені атап өтуге жоспарлар жасайды. Қаңтардың бірінші онкүндігінде көбі «дем алуды» қалайды, сондықтан біздің қойылымдарымыз сұранысқа ие.
Қысқа мерекелердің стендапер әзілкештердің жалпы табысына үлесі қандай?
Жаңа жыл маусымы әзілкештер үшін жарты жылдық азық демесеке те, бұл кезеңде табыс жақсы. Негізгі бизнестен, яғни жеке концерттермен өнер көрсетуден басқа, осы кезеңде корпоративтер де жақсы табыс әкеледі. Олардың бағасы жоғары, ал ұйымдастыруға жұмсалатын шығындар төмен болып келеді. Егер біз концерт дайындасақ, оны жоспарлау, залды брондау, билеттерді сату үшін маркетингтік науқан құру керек... Ал корпоративке келер болсақ, тапсырыс беруші кештің уақыты мен орнын және ақысын белгілейді. Егер ұнаса — келісіп, келіп жұмысыңды атқара бересің. Сонымен қатар корпоративте өнер көрсету эмоционалдық тұрғыдан қиынырақ болады: көрермендер стендапқа дайын болмауы мүмкін. Ал концертке келетін адамдар, яғни, көрермендер оған билеттерді саналы түрде сатып алады.
Жаңа жылдық концерт бағдарламаларының жай концерттерден айырмашылығы бар ма?
Жаңа жылдық бағдарламалар да көбінесе әдеттегі бағдарламаларға ұқсас боп келеді. Егер мәтінді тек арнайы «жағдай бойынша» жазатын болсақ, ол тек қысқы мерекелерде ғана сұранысқа ие болады, ал мұның экономикалық мәні жоқ. Жалпы арнайы жазылмаған нәрсені кез келген уақытта және кез келген жерде көрсетуге болады. Дегенмен, бір айырмашылық бар. Жаңа жыл отбасылық мереке болғандықтан, мен «таза» бағдарлама жазамын. «Таза» дегеніміз, яғни өрескел, әдепсіз сөздері жоқ әзілдер деген сөз. Мұндай шоуды теледидардан көрсетуге, отбасымен бірге көруге болады. Егер стендап тақырыптары туралы айтатын болсақ, Жаңа жыл қарсаңында тұрмыстық және отбасылық оқиғалар қызықты, сондай-ақ бұл ностальгиялық сюжеттер немесе жай ғана жақсы комедиялық байқаулар болуы мүмкін. Мереке қарсаңында күрделі және ауыр тақырыптарды қозғамауға тырысамын.
Стендапқа келгенге дейін сіздерде ивент-бизнес болды. Оның жаңа жылдық құрамының комик бизнестен айырмашылығы неде?
Бұл мүлдем басқаша. Стендап күрделірек, еңбек шығыны көп, ол ивентке қарағанда тек жаңа жылда ғана емес, барлық маусымда жұмыс істейді. Сонымен қатар, стендап — бұл менің жақсы көретін ісім. Егер ивент-бизнесті алатын болсақ, кейбір кездерде сіз оның тұтқындасыңыз. Келген тапсырыс берушінің көңілінен шығуыңыз керек. Бұл үлкен стресс және үлкен жауапкершілік. Стендапта бәрі сәл басқаша. Онда эмоционалдық және энергетикалық тұрғыдан біршама жеңіл. Концертке келгенде тек сенің концертіңді көргісі келетін адамдарды кездестіресің. Одан өзің де, көрермен де ләззат алады. Сондай әділетті, адал, жылы энергия алмасу болады. Ал ивент-бизнесте үнемі олай бола бермейді. Оқиғаны жоспарлау үшін жүйкеге көп салмақ түседі, уақыт көп кетеді, нарықта не бар, тапсырыс беруші нені қалайды, екеуінің үдесінен шығу үшін бәрімен келісім жасау керек. Ол үлкен еңбекті талап етеді. Стендап та оңай шаруа емес, бірақ онда еркіндік көп.
Сіз әдетте 31 желтоқсанда жұмыс істейсіз бе?
Мен ивент-бизнесте болғанымда отбасылық суреттерден көрініп тұрғандай, Жаңа жыл қарсаңында әрдайым дерлік жұмыс істедім. Жаңа жылдық мерекелер — үлкен қаламақы алатын ең «тәтті» күндер, сонда да сені шақырады. Онда бір күнде өте жақсы ақша табуға болады.
Бірақ қазір жаңа жылды отбасыммен бірге өткізуге тырысамын. Балалар әлі өсіп кетпей тұрғанда, оларға өз энергиямды беріп, уақытымды арнап, көңілімді бөліп, солармен көңілді уақыт өткізгім келеді.
Сіз Жаңа жылды отбасымен қалай өткізесіз?
Өтикен жылы Таиландта қарсы алдық. Менің арманым — Жаңа жылды басқа елде қарсы алу еді. Бірақ мәдениетіміз әртүрлі болғандықтан, мен күткендей болмады. Бізде әдетте дәмді тағамдар, жаңа жылдық шоу немесе классикалық фильм көру, салют атуды жоспарласақ, ол жақта оған аса мән бермейді екен. Дәстүрлі оливье, мәнті, үйреншікті жаңа жылдық атмосфера болған жоқ. Сондықтан да біз қазір жаңа жылдық түнді әдеттегідей үйде қарсы алуды жөн көрдік. Бірақ, кейін егер мүмкіндік болса, балалардың демалысында қаладағы үйреншікті жағдайдан шығу үшін, бір жаққа барып келуге болады.
Сіздің ең жаңа жылдық тағамыңыз, музыкаңыз, кітабыңыз, фильміңіз, ойыныңыз? Сізге немесе сіз жасаған ең қызықты жаңа жылдық сыйлық?
Ең жақсы сыйлықтар — балалардың мені әзілмен бейнелейтін ашық хаттары. Ең жаңа жылдық тағамдар — оливье, мәнті. Оның үстіне мәнті жаңа піскен емес, екінші-үшінші күнгі. Музыка — Jingle Bells стиліндегі таңдау. Ең жаңа жылдық кітап — «Гарри Поттер». Фильм — «Ирония судьбы, или С легким паром». Ойындар... Бәлкім, жай ғана сыртқа шығып, аулада серуендеп, қар атқыласып ойнау шығар. Соңғы уақытта біз лото ойнаймыз. Өте қарапайым ойын, бірақ құмар ойын.
Сіз әзілді тек Қазақстанда ғана емес, «экспортқа» да «сатасыз». Қайда сатасыз?
Мен Еуропаға жеке гастрольмен де, командамен де бірнеше рет бардым. Біз Қырғызстанда, Өзбекстанда, Грузияда, БАӘ-де, Түркияда концерттер бердік. Қазір Австралияға, мүмкін, АҚШ-қа турды жоспарлап отырмыз. Әзірге жақсы ұйымдастырушы іздеп жатырмыз. Кореядан да өтініштер болды.
Орыс тіліндегі әзіл-сықақ көбінесе қай елде сұранысқа ие?
Германияда шығар. 1990-шы жылдары посткеңестік республикалардың көпшілігі сол жаққа көшіп кетті. Прагада Қазақстанның орыс тілді адамдары өте көп. Ең үлкен залдардың бірін дәл сол жерде жинадым.
Әзілдер әр елде өзгеше ме?
Әзілдер әмбебап. Мысалы, байқау комедиясының жанрын алайық. Айталық, такси туралы. Кез келген елде таксимен жүреді, сәйкесінше, әзілдер көпшілікке түсінікті болады. Немесе ұшақтар: бүкіл әлем бойынша ұшу ережелері бірдей, сондықтан қауіпсіздік бойынша нұсқаулық өткізетін стюардесса туралы әзілдер бәріне ортақ күлкілі нәрсе.
Соңғы жылдары әзілге арналған күн тәртібі қалай өзгерді?
Әзілдің табиғаты соңғы он жылда қатты өзгерді. Әзіл қандай да бір белгілі дәрежеде сыпайылық трендін туғызды. Біз бұрын реніш туғызбайды деп есептейтін, біреулерді қорлайтын және кемсітетін әзілдер қазір басқаша қабылданады. Мысалы, бұрын әйелдер туралы кейбір әзілдер өтімді болып көрінсе, қазір олар өрескел болып саналады.
Сіз бұрынғы қаржыгерсіз. Сіз ақша туралы әзілдейсіз бе?
Менің шынымен де қаржылық білімім бар. Біраз уақыт бухгалтер болдым, содан кейін коллектор болдым, банкте біраз жұмыс істедім, бірақ бұл тақырыптарда әзілдеуден қашықпын. Әрине, қаржыгерлердің жүрегінде сақталатын тақырыптық стендапты жасауға болады. Бірақ басқа кәсіп өкілдері көп қой, олар үшін мұндай әзілдер маңызды болмайды. Бәлкім, бір күні ақша туралы да әзілдейтін болармын, кім біледі?
Сіздің өміріңізде қаржы қаншалықты маңызды?
Қаржы — бұл әрекет, қозғалыс, таңдау еркіндігі. Ақшаң болса, сен өзіңе де болашағыңа да сенімді боласың. Бұл - ең басты мәселе.
Инвестициялармен айналысасыз ба?
Мен биржадағы сауда-саттыққа қатысып көрдім. Біршама ақшаға бағалы қағаздар сатып алдым, қайта сатып, жаңасын сатып алып көрдім. Бір жерден ұтсам, бір жерден ұтылып көрдім. Менде Freedom Broker қосымшасынан сатып алған аздаған акцияларым бар. Жақында мен Freedom Broker-дің Астанадағы директорымен әңгімелестім, ол маған қайда салым салу керек екендігін қысқаша түсіндірді. Ол кәсімен әңгіме менің ойымдағы нәрсені растады. Енді инвестиция тақырыбымен тереңірек айналысуды жоспарлап отырмын.
Сіздің инвестициялық портфеліңізде қазір қандай активтер бар?
Әзірге мен ақшаны ұзақ мерзімге — тұрақты және аздаған пайыз әкелетін акцияларға саламын. Мен қазір өзімнің концерттеріме, жеке брендімді дамытуға көбірек көңіл бөлудемін, сондықтан көгілдір фишкаға инвестиция салу мен үшін қазіргі сәтте қатты маңызды емес. Акцияны сатып алам да, ұмытып кетем. Біраз уақыттан кейін қарасаң, қағаздар аздап өсім бергенін байқайсың.