Әлемдегі ең сараң адам
Атақты белсенді инвестор Карл Айканның табысының сыры неде
«Кейбір адамдар жасанды интеллектіні зерттей жүріп бай болды. Мен адамдарға тән ақымақтықты зерттей жүріп, ақша табамын» — бұл сөз америкалық инвестор-миллиардер Карл Айканға тиесілі.
Оның Уолл-стритте берік орнығып қалған үнемшіл, қатаң әрі салқын қанды биржа саудагерінің бейнесі тартымды болып көрінуі неғайбыл. Дегенмен Айканның стратегиясы оған Forbes $18,6 млрд-қа бағалаған қазына-мүлік жинап алуға мүмкіндік берді. Табыстың сыры неде?
Карта, ақша, университет
Болашақ миллиардер 1936 жылғы 16 ақпанда Нью-Йорктың кедей ауданында тұратын еврейлер отбасында дүниеге келген. Карл Принстон университетінде «философия» мамандығы бойынша бакалавр дәрежесін алып шығады, кейін екі жыл медициналық колледжде оқиды. Бірақ оны тастап, әскерде қызмет етуге кетеді. Бокс пен покерге аңсары ауады. Алдау өнері әрі қарай оған назарына іліккен компаниялардың өкілдерімен келіссөздер жүргізуге көп көмегін тигізді. Айтпақшы, университетке төлейтін оқу қаражатын ол осы покерден тапты.
1961 жыды Карлдың нағашысы, бай бизнесмен Эллиот Шнолл жиеніне Dreyfus & Co-ға брокер болып жұмысқа тұруына жәрдемдесті. Мұнда ісін жаңадан бастаған инвестор қосылу мен қосып алу мәмілелерінің тетіктерін ұғынып, төрелік сот пен опциондарды оқып үйренеді. Жеті жылдан кейін тағы бірнеше компанияларда жұмыс істеген Айкан нағашысына қайта келіп, одан Уолл-стриттен өз кеңсесін ашуға $400 мың сұрайды. Жас қаржыгер Icahn & Co. компаниясын тіркеп, NYSE қор биржасынан орын сатып алады. Нағашысы жаңа бизнестен 20 пайыздық үлесті иеленеді, оны қаржыгер 1974 жылы сатып алды.
Ұлы бопсалаушы
Айканның биржалық стратегиясының негізінде гринмейл (ағыл. greenback, «долларлық банкнот» + blackmail, «бопсалау») жатты.Бұл схемасыөзінеірі акциялар пакетін сатып алып, эмитент компанияның менеджементіне қаскөйлікпен қосып алу немесе бизнесін тоқтату қаупін төндіріп, оларды нарықтағыдан әлдеқайда жоғары бағаға сатып алуды ұсынуды қамтитын корпоративтік рейдерліктің түрі.
Карл Айкан гринмейлдің пионері болып есептеледі. Оның шабуылына 30-дан астам компания ұшырады, әрі әрбір «жорық» оған жақсы пайда әкелді. Биржалық жыртқыштың алғашқы құрбаны 1976 жылы Highland Capital Corp. болды. Компания басшылығы рейдерге шегінбелі ақша төледі. Одан кейін Tappan (пайда — $2,7 млн), Saxon Industries ($2 млн), Hammermill Paper Company ($9 млн) акцияларымен, Marshall Fields ($17,6 млн), сондай-ақ American Can, Owens-Illinois, Dan River және Gulf+Western ретейлерімен айла-шарғылар болды.
Бұл компаниялардың басшылары Манхэттендегі GM ғимаратының 47-қабатындағы инвестордың салтанатты кеңсесіне шақырылды. Келіссөздер бөлмесіне барар жолда олар Фридланд түбіндегі орыстармен шайқаста жеңіске жеткен Наполеон бейнеленген ХІХ ғасырдың алып суретінің жанынан өтеді. «Әлемдегі ең сараң адам» — бизнесін биржалық құзғынның шабуылынан қорғаған директорлардың бірі Айканға осындай мінездеме берген. Ол Оливер Стоунның «Уолл-стрит» фильмінің кейіпкері - атақты қаскүнем Гордон Гекконың прототиптерінің бірі болған деседі. Рөлді сомдаған Майкл Дуглас үздік ерлер рөлі үшін «Оскар» сыйлығына ие болды, ал актер сомдаған образ инвесторлардың тұтас буыны үшін еліктеу мысалына айналды.
Айканның өмірбаянында оның Trans World Airlines-пен күресінің орны ерекше. 1985 жылы ол әуе тасымалдаушысының 20%-дан астам акцияларын сатып алды, содан кейін компанияны жекеменшікке айналдырып, бұл мәміледен $469 млн. тапты. Trans World Airlines-тің орнына $540 млн. көлемінде қарыз алды.
1993 жылы әуе тасымалдаушысы қытымыр инвестордан арылуға тырысты, бірақ ол айлалы болып шықты: Айкан кетерінде «Карабу мәмілесі» деген атауға ие болған келісімге қол қояды. Құжат оған Сент-Луис арқылы ұшуға кез келген билеттерді 50 процент дерлік жеңілдікпен сатып алып, қайта сатуға мүмкіндік берді.
Бұл мақсатқа қаржыгер Lowestfare.com интернет-сервисін жасақтады. Компания толық күйреп, 2001 жылы American Airlines-қа қосылғанға дейін әуе билеттерін қайта сату Айканға жылына $100 млн әкеліп тұрды.
Билл Экманмен текетірес
2003 жылы Айкан әйгілі инвестор Билл Экманнан Hallwood Realty акцияларының әр қағазын $80-ға сатып алды. Бұл кезде Экманның Gotham Partners компаниясы АҚШ-тың Бағалы қағаздар және биржалар жөніндегі комиссиясының (SEC) тергеуінің қатысушысы болды, қаржыгер өз активтерін мәжбүрлі түрде қысқартты. Екі шонжардың мәмілесі «ақымақтың сақтандыруы» (schmuck insurance) деген атпен мәлім ерекше сақтандыру шартымен бірге жүрді. Келісім-шарттың талаптарына сай егер үш жылдың ішінде Айкан акцияларды пайдамен сатса, ол онымен Экманмен бөлісуге міндетті болды.
2004 жылы Айкан Hallwood Realty-ді HRPT Properties Trust-пен біріктіріп, жаңа компанияның акцияларын бірлігі үшін $137,9 ға сатты. Экман сотқа берді, жеті жылдық талқылаудан кейін бәрібір серіктесінен $9 млн алды. Айкан ұтылғанын қайта ұтып алу үшін қолайлы сәтті күтті. Міне, сәті келді!
2012 жылғы желтоқсанда бұл кезде Pershing Square Capital Management хедж қорын басқаратын Экман Herbalife (HLF) акцияларында $1 млрд-қа қысқа жайғасымды ашты, бұл осы сәтте эмитенттің капиталының шамамен ширек бөлігін құрайтын. Осыдан кейін қаржыгер БАҚ-та Herbalife бизнесіне қарсы белсенді антипиар науқанын өрістетіп, бұл қаржы пирамидасы деп тұжырымдады.
Айкан есептесетін сәл келді деп ұйғарып, Herbalife-тың құлдырап кеткен қағаздарын сатып ала бастады. Бұл бастамада оған атышулы Джордж Сорос қосылды. Текетірес 2018 жылға дейін жалғасып, нәтижесінде Экманның жеңілісін мойындап, шоттарын жүздеген миллион доллар залалмен жабуына тура келді. Есесіне, Айкан мен Сорос әжептәуір пайда тапты!
Белсенді инвестициялар
Аты шулы биржашының соңғы әйгілі мәмілесінің бірі Twitter-дің акцияларын сатып алумен байланысты болды. Осы мәміленің нәтижесінде ол $250 млн-ға жуық алды. Айкан 2022 жылғы шілдеде әлеуметтік желіні сатып алудан бас тартатыны туралы мәлімдеген Илон Масктың өтірігіне сенбеді, содан кейін оның акциялары арзандады. Айкан бұл қағаздарды $500 млн-ға, яғни данасына $32-дан сатып алды, ал күздің өзінде олар шамамен $52-ден саудаланды.
Дегенмен, осы мәміленің аясында қаржыгер өзіне тән адуындылық танытпады. Айта кетерлігі, Айканға өзін рейдер деп есептеген мүлдем ұнамайды. Ол өзін белсенді инвестор (Activist Investor) деп атағанды тәуір көреді. Термин сіңісті болып кетті, қазір жария компанияның корпоративтік басқару тәсілін өзгерту үшін ондағы едәуір үлесті сатып алатындардың бәрін осылай атайды. «Белсенділер» қатарына Elliott Management, Third Point Partners, ValueAct Capital, Trian Partners, JANA Partners, және басқалар секілді танымал ірі қорларды жатқызуға болады. Олардың бәрі бір нәрсеге: артық сантиментсіз құрбанның барлық нәрін сығып алуға ұмтылады. Айканның өзі айтқандай, «Уолл-стритте досың болғанша, ит асырағаның жақсы».