Егіншілік кәсібі
Деректермен жұмыс ауыл шаруашылығының тиімділігін қалай арттырады
Аграрлық сала дәстүрлі түрде экономиканың жоғары технологиялық секторларына қарсы салыстырылады. Бірақ таяу жылдары бұл жағдай өзгеруі мүмкін. Жоғары дәлдікті егіншіліктің (precision agriculture) дамуы нәтижесінде ақпаратпен жұмыс істеу ауыл шаруашылығы саласының тиімділігін арттыруға мүмкіндік береді.
Ауыл шаруашылығының кәсіпорындарын басқарудың мұндай тәсілінде ақпараттық технологиялар маңызды рөл атқарады, олардың көмегімен шынайы режимде егістіктердің, топырақ пен ауаның жай-күйі, жүргізілетін жұмыстар мен олардың құны туралы деректер жинақталады. Алынған ақпаратты талдағаннан кейін фермер иесі ауыспалы егіс, отырғызудың оңтайлы мерзімдері, астықты жинау және топырақты өңдеу туралы ұсынымдар алады. Нәтижесінде өнімділік артып, шығындар қысқарады.
Grand View Research 2021 жылы жоғары дәлдікті егіншіліктің жаһандық нарығын $6,7 млрд-қа бағалады. 2030 жылға дейін индустрияның орташа жылдық өсу қарқыны 12,8% деңгейінде болады деген болжам бар.
Егістіктерде және мониторда
Өнімді шешімдер тұрғысынан нақты егіншілік нарығы негізгі үш сегментке бөлінеді: жабдық (автоматтандыру және басқару жүйелері), бағдарламалық жасақтама (web және бұлтты шешімдер), көрсетілетін қызметтер (жүйелі интеграция, консалтинг, басқару). Trimble компаниясы (TRMB) экономиканың әртүрлі салалары үшін жабдықтар мен софт әзірлейді. Агроөнеркәсіпте қолданылатын шешімдер топырақ, ландшафт және ауа райы, техниканың жұмысы және пайдаланылатын ресурстар мен жүргізілетін жұмыстардың түрлері туралы деректерді бірыңғай платформада жинақтауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге компания техниканы автопилоттауға арналған жабдықтарды, GPS-сезбектер мен жұмыстардың дәлдігін, сәйкесінше егіншіліктің тиімділігін арттыруға жәрдемдесетін басқа құрылғыларды сатады.
Аталған саланың тар шеңберде мамандандырылған ойыншылары негізінен жария етілмейді. Олардың қатарында машиналардың жұмысын мониторингілеуге арналған дисплейлер мен софт, сондай-ақ навигациялау жабдықтарын ұсынатын Ag Leader Technology компаниясы бар. AgJunction ауыл шаруашылығының техникасын автоматты түрде басқару шешімдерін ұсынады. Бұрын эмитенттің акциялары биржада сатылатын, бірақ 2021 жылы компанияны жапондық өндіруші Kubota (TSE: 6236) сатып алды.
Valmont Industries (VMI) корпорациясына тиесілі америкалық AgSense суаруды және температуралық шарттарды мониторингілеу жүйелеріне мамандандырылған. Ауыл шаруашылығы техникасының ірі жария өндірушілері нақты егіншілік технологияларын белсенді қолданады. Deere & Co. (DE) өзін-өзі басқаруға, қашықтан мониторингілеуге және жұмыстарды жоспарлауға, сондай-ақ сараланған егін егуге арналған шешімдерді ендіреді. AGCO Corporation (AGCO) ауыл шаруашылығына арналған технологиялық шешімдерді әзірлеушілермен бірге жаһандық әріптестіктің ашық платформасы — меншікті Fuse инновациялар орталығын қаржыландырады.
Келешектегі агроөнеркәсіп
Нарықта өз уақытын басып озатын өнімдер ұсынылған. Мәселен, британдық CNH Industrial NV (CNHI) компаниясына тиесілі Raven Industries автономиялы ауыл шаруашылығының техникасын жасаумен шұғылданады. Raven машинаны күні бұрын жоспарланған тапсырмаларды орындауға бағдарламалайтын құрылғыларды әзірлейді. Кейбір жүйелерді алқапта жұмыс істеп жүрген техникаға кіріктіруге болады. Ең қызықты шешімдер әзірге коммерциялық емес даму сатысында жатыр. Арамшөптерді жою үшін компьютер арқылы көруді (Blue River Technology) пайдалану, жасанды интеллектінің және дрондардың (Aerobotics) көмегімен зиянкестердің және аурулардың бар-жоғын мониторингтеу немесе бірыңғай платформадан алқаптардағы техниканың жұмысын, өнімнің жай-күйі мен ауа-райы шарттарын (The Climate) көзбен шолу таяу жылдары ірі компаниялардың өнімдеріне кіріктірілуі немесе дербес АТ-шешімдер ретінде қолжетімді болуы мүмкін.
Шағын фермерлік шаруашылықтар мен ірі холдингтер өнімділікті ұлғайтып, шығындарды қысқартуға ұмтылуда. Жоғары дәлдікті егіншілік осы сұраныстарды қанағаттандыруға жәрдемдеседі әрі инвесторларға экономиканың байырғы саласының технологиялық әлеуетіне жаңаша көзбен қарауға мүмкіндік береді.