Үкім
September 9, 2020

Бүкіл жаман мінез-құлықтың анасын, қайнар көзін де бір ауыз сөзбен жеткізген. Ол не сөз дейсіңдер ғой?

Бірінші сөз: "Менің қарным тойса болғаны. Басқалар аштан қырылып қалса да шаруам жоқ". Екінші сөз: "Сен жұмыс істе, жемісін мен жейін". Иә, қоғамдық өмірде жоғары топ пен қарапайым халық яғни бай мен кедей, өзара теңдестіктің саясында және таразының екі басын тең ұстау арқылы ғана тыныш өмір сүреді. Ал, мұндай теңдестік орнауы үшін жоғарғы топ төменгі топқа жанашырлық жасап, мейірімділік қылуы және төменгі топтың да жоғары топқа құрмет көрсетіп, бағынуы шарт. Енді, жоғарыда аталған бірінші сөз, жоғарғы топты зұлымдыққа, азғындыққа, мейірімсіздікке итерді.

Ал, екінші сөз, қарапайым халықты өш алуға, қызғанып көре алмаушылыққа итеріп, наразылықтарын туғызды. Сөйтіп, бірнеше ғасырдан бері адамзат тұрмысының берекесін алғаны секілді, соңғы заманда еңбек пен капиталды соғыстырып, нәтижесінде мәлім Еуропада үлкен төңкеріс болды. Міне, мәдениет адамзаттың әлгі екі тобын келісімге шақырып, татуластыруға көптеген қоғамдық ұйымдар ашып, оқу орындарын салып тырысса да, оған қоса қатаң тәртіп орнатып, жіті қадағалап, жүйелі түрде жұмыс істесе де ол іс-шараларынан түк шықпады. Сондай-ақ, әлеуметтің әлгі екі жарасын яғни екі мәселесін шеше алмай дал болды. Ал, Қасиетті Құран болса, бірінші сөзді, зекетті парыз қылу арқылы түбегейлі шешіп, жараны емдейді. Екінші сөзді де өсімқорлықты харам қылу арқылы шешіп, шипа береді. Иә, Құранның аяттары бүкіл әлемге жар салып: "Өсімқорлыққа жол жоқ!" дейді. Адамзатқа: "Өзара қырқысу тоқтасын десеңдер банкі қызметін доғарыңдар!" деп бұйырады. Шәкірттеріне де "Банкіге жоламаңдар!" деп әмір береді.