Хикмет
February 10, 2023

Бұл зілзаланы қателіктердің жазасы яғни күнәдан арылу "кәффарат‑уз зунуб"дедіңіз.                Ал, бейкүнә, қате істемегендердің не жазығы бар? Олар да пәлекетке ұшырады емес пе? Аллаhтың әділдігі мұндайға неге рұқсат береді?

Мұның мағынауи жақтан келген жауабы: Бұл мәселе тағдырға қатысты болғандықтан, оны тағдыр туралы жазылған Жиырма Алтыншы Сөзге сілтеп, қазір қысқаша былай деп айтылды:

Сендер тек залымдарды ғана емес бейкүнә, жазықсыз жандарды да оңдырмайтын апат‑пәлекеттен сақтаныңдар! (аят)

Бұл аяттың сыры мынау: Бұл дүние сынақ алаңы, емтихан жері, "тәклиф" пен күрес орны. Ал, емтихан мен "тәклиф " болса, ақиқаттардың жасырын қалып, нәтижесінде өзара жарыс пен күрес болып, Әбу Бәкірлер жоғары өрлеп, Әбу Жаhилдер төмен құлдырап, жаман мен жақсының бір-бірінен айырылуын талап етеді. Егер, бейкүнә жандар мұндай пәлекеттерден әрдайым аман қала берсе, Әбу Жаhилдер де Әбу Бәкірлер сияқты ақиқатты мойындар еді. Ақырында күреспен болатын рухани даму жүзеге аспай, Иләhи тәклифтің мәні қалмас еді.

"Жарайды, зұлымдыққа ұшыраған жазықсыз жан, залыммен бірге пәлекетке ұшырауы Иләhи хикметтің талабы дедіңіз. Ал, енді сол бейшаралардың Иләhи рахым мен әділдіктен алар үлесі не болмақ?"

Бұл сұраққа жауап былай болды: Әлгі пәлекет, Иләhи қаhар мен ашудың көрінісі болғанымен, оның ішінде де бейкүнә жандарға мол мейірімнің бір шуағы бар. Өйткені, олардың фәни дүние-мүлкі бір садақа болып бақиға айналады. Сонымен қатар фәни өмірлері мәңгі өмірге қол жеткізетін нәтиже береді. Яғни белгілі бір мағынада шейіт болып, аз әрі уақытша машақат арқылы мәңгі, зор табысқа қол жеткізеді. Міне, бұл зілзала оларға қаhарлы азап болғанымен, астарында рахымдылықтың нышаны байқалады.


Тәклиф – ауыр жұмыс тапсыру, жауапкершілігі мол, белгілі бір міндет жүктеу. Аллаh Тағаланың пенделеріне жұмаққа апарар құлшылық міндетін тапсыруы. Ауд.