Cұрақ :“Құранның бір сөзіне қарсы келу мүмкін емес, қарсы келмеген де”. Бұл, асыра сілтеу секілді, ақылға сыймайды. Өйткені адамдар арасында өзара пайдаланатын сөз Құранда да кездеседі, ауыз екі сөз, сөйлемдер бар.Ғұламалар айтқан сөздің астары неде?
Жауабы: Құранның мұғжизалығы туралы екі көзқарас, екі пікір қалыптасқан. Басым көпшілік мойындаған көзқарас мынау:
Құранның күрделі шешендігі мен мағыналарының терең әрі қасиеттілігі сондай адамның қолынан келмейтіндей дәрежеде тым жоғары.
Екінші көзқарас. Құранның бір сүресімен қарсыласып, айтысу адамның қолынан келеді. Бірақ Хақ Тағала,Ахмедтің (с.ғ.с) мұғжизасы ретінде оған тиым салған. Мысалы, біреу өз аяғымен жүріп-тұра алады. Бірақ Ардақты Пайғамбарымыз: “Сен жүре алмайсың!” десе жүре алмай қалады. Бұл мұғжиза.
Осы екінші көзқарасты Сарфе мәзхабы қабылдаған. Яғни, Хақ Тағала Құранның бір сүресімен айтысып, тартысуды жын мен адамзатқа тыйым салған. Егер тыйым салмағанда жындар мен адамдар бір сүресіне қарсы келе алар еді. Сонымен осы мәзhаб бойынша, “Бір сөзіне де қарсы келе алмайды” деген ғалымдардың сөздері ақиқат. Өйткені, расында Хақ Тағала мұғжиза ретінде оларға тыйым салған. Сондықтан қарсы келіп, ауыздарын аша алмайды. Ауыздарын ашса да Аллаh рұқсат етпесе сөйлей алмайды. Алайда көпшілік қабылдаған әуелгі мәзhаб бойынша әлгі ғұламалардың баяндаған пікірінің мынадай астары бар:
Құран Кәрімнің сөздері жаппай бір-бірімен тығыз байланыста, өзара кіндік тесіп жатыр. Кейде бір сөзінің он жерімен қатысты екені байқалады.
Мысалы, бір әшекейленіп салынған сарайдың сан алуан түрлі нақыштарының түйіні ретіндегі шағын ою-өрнек, ол тасты жалпы ою-нақыштарымен жаппай байланыстырып дәл өз орнына қою үшін бүкіл қабырғаны толық қамтып, нақыштарымен бірге көріп-білуі керек. Және тағы бір мысал, көздің қарашығын өз орнына қою үшін бүкіл дененің өзара байланысын, күрделі де ғажап міндетін әрі көздің сол міндеттерге қатысты қызметтерін білу қажет.
Дәл сол сияқты, ақиқатшыл жандардың тым терең кеткен тобы, Құранның сөздеріндегі көптеген жан-жақты байланыстарды және басқа аяттармен қатысты жақтарын, қыр-сырларын көріп басқаларға да көрсеткен. Әсіресе әріптерін зерттеген ғалым-ғұламалар одан да терең кетіп Құранның бір әрпінде бір парақтай мағына жатқанын мамандарға баяндап дәлелдеп берген. Өйткені Құран бүкіл әлемнің Жаратушысының сөзі болғандықтан әрбір сөзі адамның жүрегі немесе ағаштың дәні секілді. Яғни, айналасы құпия-сырдан тұратын рухани бір дененің жүрегі немесе рухани бір ағаштың дәні іспеттес. Міне, адамның сөздерінде, Құранның аяттары секілді сөздер, тіпті ұқсас сөйлемдер кездесуі мүмкін. Дегенмен Құранның көптеген сырға толы, өзара байланысып әдейілеп орналастырылған сөздеріне тең келуі мүмкін емес. Ол үшін шексіз ілім, ауқымды назар қажет.