(Құранға) Ешкім қарсы шықпағанын және қарсыласу мүмкін еместігін қалай білеміз?
Жауабы: Егер қарсы шығу мүмкін болғанда міндетті түрде қарсыласып, тырысып бағар еді. Өйткені қарсыласуға аса мұқтаж болатын. Себебі діндері мен мал-мүлкіне, жандары мен бала-шағаларына қауіп төніп тұрған-ды. Қарсыласып, айтысуына ешбір кедергі де жоқ еді. Егер сөз таластырғанда сөзсіз жақтастар табар еді. Өйткені ол кезде кәпірлер, мұнапық екіжүзділер көп болғандықтан оларды қолдаушылар да дереу табыла кетер еді. Сөйтіп таласқаны жайлы әлемге жар салынып, шартарапқа жайылар еді. Кәпірлердің Ислам дініне күйе жақпақ арам пиғылдары жасырын қалушы ма еді?
Егер қарсыластар ілік тапқанда қайткенде де тарих кітаптарына еніп тартыс-айтыстары ел-жұртқа тарап, тарих беттеріне ойып тұрып жазар еді. Тарих кітаптарының ешқайсысында Мүсейлемә-и Кәззабтың бірнеше өлең шумағынан басқа жазба жоқ.
Ал, Құран Хаким жиырма үш жыл бойы тынбастан кәпірлердің намысына тиіп, ашуын қоздырып, оларға былай деп айтысқа шақырып келді: “Мұхаммедүл Әминге ұқсаған оқу-жазу білмейтін біреулерің осы Құранға тең келер кітап жазсын, көрейік. Жарайды, бұны жасай алмайды екенсіңдер, ол оқымаған сауатсыз болмасын өте оқымысты ғалым, жазушы әрі ақын болсын. Жарайды, бұл да қолдарыңнан келмесі анық, онда бір ғана кісі емес, бүкіл ғалымдарың, сөзге шешен ділмарларың жаппай жиналып, бір-біріне көмектесіп, тіпті табынып жүрген Тәңірлеріңді де көмекке шақырып демеуші болсын. Жарайды, одан да түк шықпайды екен. Ертеде жазылған өздерінше керемет көне кітаптарыңды пайдаланып, тіпті енді келетіндерді де көмекке шақырып Құранға тең келер кітап жазыңдаршы қане!.
Әрине бұны да жасай алмайсыңдар. Жарайды, Құранның толық нұсқасындай болмай-ақ қойсын, тек он сүресіне тең келер кітапша жазыңдар! Жарайды, он сүресіне тең келер, ұқсас бір нәрсе жасай алмайды екенсіңдер, онда хикаялардан, негізі жоқ аңыз-ертегілерден болсын. Аяттың тек өзара ұқсастығына, шешендігіне ғана тең келсе жетеді. Жарайды, бұны да жасай алмайды екенсіңдер, онда бір ғана сүресінің ұқсасын әкеліңдерші. Мақұл, сүре ұзын болмай-ақ қойсын, қысқа сүреден болса жарайды...
Әйтпесе, діндеріңе, бала-шаға, мал-мүліктеріңе қауіп төніп, дүниеде де ақыретте де оңбайсыңдар!”
Міне, сегіз мәрте қапсыра соққы беріп, үндерін өшірген Құран Кәрім жиырма үш жыл емес, мың төрт жүз жылдан бері бүкіл адамзат пен жындарға майдан ашып күні бүгінге дейін айтысқа шақыруын жалғастырып келеді. Неліктен, сол заманғы кәпірлер оп-оңайғ қысқа жол тұрғанда малжанын, бала-шағасын қатерге тігіп ең қиын, қауіпті жолды, яғни соғысуды жөн көрді?!. Не үшін сөз таластырып, айтыспен жеңе салудан бас тартты? Демек мүмкін еместі...
Иә, өзің ойлашы! Ақылы бар адам әсіресе Арабия түбегін мекендеген сол кездің халқы, оның ішінде Құрайыштар сияқты зерек жандар араларынан бір шешен ақынды шығарып, Құранның бір ғана сүресіне тең келер жазу жазып Құранның қаhарынан құтылу дейтін қысқа әрі оңай жол тұрғанда мал-жанын, бала-шағасын қатерге тігіп ең қиын әрі қауіпті жолды таңдай ма?