Хз Пайғамбарымыздың (с. а. у.) Зейнепке үйленуі.
Біріншісі: Хазіреті Пайғамбарымыздың (с. а. у.) Зейнепке үйленуі. Бұрынғы заманның мұнафықтары секілді қазіргі азғындар да Әз Пайғамбарымызды (с.а.у.) мінеп, мұны сөз қылуда. Нәпсіқұмарлықтан туындаған оқиға деп айтады. Бұған не дейсіз?
Жауап: Құдай сақтасын! Олай емес! Жүз мың рет қайталайын, олай емес! Азғындардың өте төмен, пәс күмәндарының қолы асқақ абырой, кіршіксіз ар Иесінің маңайына да жуымайды. Он бес жасынан қырық жасына дейінгі жастықтың жанып тұрған кезінде, нәпсінің әуестігі басым шақта, дос-дұшпанға мәлім, абыройлы да бейкүнә ғұмыр кешіп, Хадишатул Күбра (р.а.) анамыздай жасы ұлғайған бір ғана әйелге қанағат еткен Кісінің қырықтан кейін, яғни нәпсінің әуестігі басылған кезде, көп әйелмен некелесуі нәпсіқұмарлықтан емес, басқа маңызды хикметтерге байланысты екені айдан анық. Бұл аз ғана нысаппен қараған жанның көзі жетерліктей дәлел.
Осы хикметтердің бірі де мынау: Пайғамбарымыздың сөздері де, әрекеттері де, хал-ахуалы да Діннің іргесін қалайтын қайнар көзі, Шариғат үкімдерінің негізі. Бұлардың жұртқа белгілі жақтарын жеткізуді, түсіндіруді сахабалар мойынына алған болса, жеке өмірдегі, көпшілікке ашық айтыла бермейтін ерекше жағдайларды, шариғат үкімдерін түсіндіріп, таныстыруды да Пайғамбарымыздың (с.а.у.) пәк жұбайлары өз мойындарына алған еді.
Дініміздің жеке өмірге қатысты, отбасылық жағдайдағы нәзік үкімдерінің жартысына жуығын сол кісілер жеткізіп отырған. Демек осындай аса маңызды міндеттерді атқару үшін әр түрлі мінез-құлықты, түрлі деңгейдегі дүниетанымы бар бірнеше пәк әйелдер керек еді. Енді, Хазіреті Зейнеппен некелесуіне келетін болсақ: Жиырма бесінші сөздің бірінші тармағының үшінші шуағындағы мысалда
مَاكَانَ مُحَمَّدٌ اَبَۤا اَحَدٍ مِنْ رِجَالِكُمْ وَلٰكِنْ
رَسُولَ اللهِ وَخَاتَمَ النَّبِيِّنَ
/Ахзаб, 33: 40-Мұхаммед (Ғ.С.) сендерден ешбір еркектің әкесі емес. Бірақ Алланың Елшісі және пайғамбарлардың соңы. Алла әр нәрсені толық білуші./
аятына қатысты былай делінген болатын: Адамдардың дәрежелеріне, әр кімнің түсінігіне қарай бір ғана аят әр қырымен әр қилы мағына білдіреді. Кейбіреулер бұл аятты былай деп түсінген: Расулуллаһтың қызметшісі болған және «балам» деп шақырылатын Зәйіт (р.а.) абыройы асқақ жұбайының өзіне (куфуф) тең емес екендігін мойындап, талақ еткен. Яғни Хазіреті Зейнептің болмысы мен мінез-құлқы мүлдем ерекше болатын. Ол Пайғамбарға жар болатындай керемет нәзік жан еді. Мұны Зәйт (р.а.) өзінің парасаттылығымен сезіп, өзінің оған күйеу боларлық жаратылыста, куфуф (тең) еместігін біліп, әрі мұндай жағдай рухани үйлесімсіздікке себеп болғандықтан талақ қылған. Аллаһтың әмірімен Расулуллаһ Алейһиссалату Уәссәлам алған.
Яғни زَوَّجْنَاكَهَا /оны саған некелендірдік- Ахзаб, 33: 37/аятының ишара етуімен бұл неке көктен түскен келісім шарт екендігі нақтылана түседі. Бұл әдеттен тыс оқиға, үйреншікті әдет ғұрыптан әлдеқайда жоғары, тағдырдың үкімі болатын. Расулуллаһ (с.а.у.) сол тағдырдың үкіміне мойынсұнуға мәжбүр еді. Нәпсінің қалауымен болған жоқ. Тағдырдың бұл шешімі өте маңызды бір шариғи үкімді, жалпыға ортақ бір хикметті, ауқымы кең бұқаралық мәселені қамтиды.
Яғни
لِكَىْ لاَ يَكُونَ عَلَى الْمُؤْمِنِينَ حَرَجٌ فِى اَزْوَاجِ اَدْعِيَۤائِهِمْ
/Ахзаб, 33: 37-Мүміндерге, асырандыларынан босаған әйелдерді алуда бір кінә болмауы үшін./
аятының ишараты бойынша: Үлкендердің кішілерге «балам» деуі, шариғаттағы «зыхар» мәселесіндегі өз жұбайына «Сен анам сияқтысың» десе, әйелінің оған харам болып кететіні сияқты емес. Яғни үкім жүріп кетпейді. Сондай-ақ Ұлы тұлғалардың өз халқына немесе Пайғамбарлардың өз үмбетіне әкелік назармен қарап, әке секілді сөйлеуі жеке адам тұрғысынан емес, рисалет уәзипасы, яғни пайғамбарлық міндеті тұрғысынан болғандықтан, өз үмметінен әйел алуының ешқандай үйлесімсіз жағы жоқ.
Енді, ой-өрісінің деңгейі басқа адамдар мұны былай түсінеді: Бір ұлы әмірші халқына әкедей қамқор болады. Егер сол әмірші ішкі-сыртқы істердің бәрін білетін рухани көсем-патша болса, онда оның қамқорлығы әкелік қамқорлықтан жүз есе асып түседі. Сондықтан, халқы оның өз баласындай болып, оған әкесіндей қарайды. Халқының «әкеміз» деуі «күйеу» деген мағынаға ауыса қоймайды және қызым деп қарау «жұбайым» деп қарауға бірден өзгере салмайды. Сондықтан халықтың назарында Пайғамбардың мүминдердің қыздарымен некелесуі осы көзқарасқа жат келетіндіктен, бұл түсінікті жою мақсатында Құран былай дейді: Пайғамбар, Иләһи рақымдылық атымен сендерге қамқорлық етіп, әкедей мейірімділік етеді. Рисалет тұрғысынан сендер оның балалары сияқтысыңдар. Бірақ кісілік, жеке тұлғалық жағынан ол сендердің әкелерің емес. Сендерден әйел алуында тұрған еш нәрсе жоқ, орынды. Сендерді «балам» десе де, шариғат үкіміне қарай сендер оның баласы боп саналмайсыңдар.
мектубат-24 бет