мұғжиза
October 26, 2022

Неге МҰХАММЕД ПАЙҒАМБАРДЫҢ (с.а.у.) мұғжизалары туралы оқу керек? Сияр Нәби жетпей ме?

Расулуллаһ Алейhиссалату Уәссаламның ахуалы, сын-сипаттары «Сияр-ы Нәби», яғни, өмірбаяны жайлы кітаптарда жазылған. Алайда ол жердегі сипаттаулар мен хал-ахуалының басым көпшілігі адами жағына назар аудартады. Ал, Ол мүбәрәк Кісінің (с.а.у) рухани ахуалына, мағынауи жағына, тап-таза мөлдір жан дүниесіне, асқақ мінезіне, нұрлы рухына баса назар аударған жөн. Өмірбаяны мен сияр кітаптарында баяндалған сипаттары оның жоғарғы дәрежелі асқақ абыройын толық суреттеп, лайық бейнесін сызып бере алмайды. Өйткені, кімде-кім бір іске себеп болса ол оны атқарғанмен тең дегендей, Пайғамбарымыздың (с.а.у) амал дәптеріне әрқашан бүкіл үмметінің жасаған жаппай ғибадат құлшылықтарының шамасындай сауап, ғибадат жазылуда. Аллаhтың шексіз мейіріміне шексіз бөленуде. Сонымен қатар, күн сайын сансыз үмметі сансыз салауат, дұға-тілектерін арнауда. Және Әлемнің соңғы нәтижесі, ең кәміл жемісі, жаратқан Жаббардың пенделеріне аудармашы, тілмашы және сүйіктісі болған мүбәрәк Кісінің (с.а.у) толық болмысы мен кемел дәрежесін тек өмірбаянын ғана оқып, адами хал-ахуалына қарап лайық баға беру мүмкін емес.

Мәселен, бір құрма ағашының дәнегін алайық. Дән топыраққа егілгеннен кейін, өсіп-өніп үлкен ағашқа айналады. Уақыт өте бұтақтары тарам-тарам болып жеміс береді. Немесе тауыс құсының жұмыртқасын алайық. Жұмыртқаға жылу беріліп, одан тауыс құсының балапаны шықты делік. Енді оны құдірет сәндеп, әсем де кәміл бір тауыс құсына айналды. Әрі барған сайын көркейіп, құлпыра түсті. Әлгі дәнектің немесе жұмыртқаның жерде қалған қабықтарының өзіне тән заттық сипаттары, хал-ахуалы, өзіндік ерекшеліктері бар. Дегенмен одан шыққан ағашқа немесе құсқа, ұқсамайды, оның қарапайым сипаттарымен мүлдем үйлеспейді, арасында үлкен айырмашылық бар. Енді, әлгі дәнек пен жұмыртқаның сипаттары ағаш пен құстың сипаттарымен араласып айтылған кезде тыңдарманның назары дәнекке емес ағашқа, жұмыртқаға емес құсқа ауып солай қабылдап, мән берілуі тиіс. Сонда ғана сипаттама орынды болып ақылға қонбақ. Әйтпесе, «бір грамм дәнектен мың батпан құрма алдым» немесе «мына жұмыртқа құстардың ең әдемісімен пара-пар» десе, ақылға симай, сену қиын болар.

Міне, сол сияқты Расулуллаһтың (с.а.у) адами болмысы, өмірбаяны әлгі дәнекке немесе жұмыртқаға ұқсайды. Ал, атқарған қызметі, Пайғамбарлық ұлы міндеті,Оның жарқыраған нұрлы жан-дүниесі, рухани болмысы Жәннаттағы Туба ағашы, бақыт құсы тәрізді әрі әрдайым кемелденіп, құлпыра түсуде. Сол үшін базарда бір арабпен дауласқан Кісіні (с.а.у) ойлаған кезде дереу, көкке көтеріліп пыраққа мініп, Жәбірейіл (а.с.) періштені артта қалдырып, Қаб-ы Қәусейінге, одан әрі самғап ұшқан нұрлы Кісіні (с.а.у) елестетіп, қиялды шарықтатып, назарды асқақтату қажет. Әйтпесе, құрметсіздік жасаған болады яки менмен нәпсі сеніңкіремей күмәндануы мүмкін.