2024 жылы жалпыға бірдей декларация туралы білу керек ақпарат
1-бөлім — Білуіңіз керек негізгі ақпарат
2-бөлім — Декларацияда не көрсетіледі?
3-бөлім — Қанша қолма-қол ақша көрсетуге болады?
4-бөлім — Kaspi мен Halyk арқылы тапсыру бойынша нұсқаулықтар
Алғы сөз: Декларацияны тапсыру қиын емес екенін айта кеткен жөн. Адамдардың 80-90%-ы 3-4 минутта тапсырып тастай алады, себебі онда Қазақстандағы мүлік пен активтерге қатысты деректердің барлығы дерлік КӨРСЕТІЛМЕЙДІ: пәтер, көлік, картадағы ақша, депозит, шот, жалақы мен т.б. Сондай-ақ несиелер, ипотека, бөліп төлеу мен банктер мен микроқаржы ұйымдарындағы басқа да қарыздарды көрсетудің қажеті ЖОҚ.
Дегенмен, есте ұстау қажет маңызды тұстары бар, сондықтан біз («Тиімді Қазақстан» Telegram арнасы) жалпыға бірдей декларациялау бойынша нұсқаулық жазып шықтық. Біз салық кеңесшілері немесе қаржылық сарапшылар емеспіз, бірақ осы мақаланы жазу барысында біз маңызды ақпаратты түсінікті әрі қарапайым тілмен жеткізу үшін және сіздердің сұрақтарыңызға толық жауап беру үшін сарапшылар ұсынған көптеген материалдарды қарап шықтық.
Егер қате кеткен немесе дұрыс емес ақпарат көрсеткен жерімізді байқасаңыз, бізге жеке хабарламалар арқылы жазуыңызды сұраймыз. Біз бәрін қайта тексеріп, өзгерістер енгіземіз.
Білу керек басты ақпарат
• Бұл не? – Сіз бірінші рет толтырғалы тұрған құжат «250 нысаны бойынша активтер мен міндеттемелер туралы декларация» деп аталады немесе басқаша оны «кіріс декларациясы» деп те атайды. Ол өміріңізде 1 рет қана тапсырылады. Ары қарай әр келесі жыл сайын 270 нысаны бойынша «Кіріс пен мүлік туралы» басқа декларацияны тапсыру керек.
• Жай сөзбен айтқанда: 250-нысаны арқылы сіз өзіңізде бар қарыздарыңыз бен активтеріңізді көрсетесіз, яғни декларациялау жүйесіне кіресіз, сосын жыл сайын 270 нысанын тапсырасыз, онда қандай жаңа мүлік/активтер пайда болғанын және нені сатқаныңызды көрсетесіз.
• Декларацияны кім тапсырады? Өткен жылы барлық мемлекеттік қызметкерлер, квазимемлекеттік сектор қызметкерлері мен олардың жұбайлары 250 нысанын тапсырған болатын. Биыл (2024 ж.) жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ ЖШС құрылтайшылары немесе басшылары, басқа да заңды тұлғалар мен олардың жұбайлары есеп береді. Ал 2025 жылы ҚР-ның 18 жасқа толған барлық жеке азаматтары жалпыға бірдей декларациядан өтеді.
• Кім декларация ТАПСЫРМАЙДЫ? Биылғы жылы декларацияны коммерциялық емес ұйымдардың қатысушылары мен акционерлеріне тапсырудың қажеті жоқ. 2024 жылдың шілдесінде резидент емес азаматтардың декларация тапсырудан босатылғаны туралы жаңалық шықты. Сондай-а 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін жеке кәсіпкерліктерін немесе ЖШС-ін толығымен жапқандарға биыл 250 нысанын тапсырудың қажеті жоқ - 2025 жылы басқалармен бірге тапсырасыз. Бірақ егер сіз жай ғана қызметіңізді тоқтатқан болсаңыз немесе айналымыңыз нөлде болса да, декларацияны тапсыру керек.
• Биылғы декларация тапсырудың соңғы мерзімі – 15 қыркүйек. Алайда, тақағанға дейін кейінге шегермеген жөн, себебі жүйе бәрі бірден тапсыруға көшкен кезде ауыр жүктемеге төтеп бере алмай, декларацияны уақытында тапсыра алмай қалу қаупі бар.
• Қалай тапсыруға болады? – egov.kz сайты немесе cabinet.kgd.gov.kz арқылы электронды цифрлық қолтаңба арқылы, Kaspi, Halyk немесе e-Salyk azamat қосымшалары арқылы онлайн тапсыруға болады. Сондай-ақ 250 нысанын тіркеу орны бойынша Мемлекеттік кірістер комитетінде тапсыруға болады.
• Барлық деректерді өткен жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша көрсету керек. Яғни, егер сіз жеке кәсіпкер болсаңыз және 250 нысанын биыл тапсырсаңыз, онда ақпаратты 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша көрсетуіңіз керек. Мұны АЕК есептеу кезінде де есте ұстау керек. 2023 жылы 1 АЕК 3450₸ болды.
• Негізгі қағида: мемлекеттік кірістер комитеті БІЛМЕЙТІН деректерді декларациялау керек. Қазақстандық базаларға қатысты барлық нәрсе: пәтеріңіз, көлігіңіз, ипотекаңыз, шотыңыз, банктегі салымдарыңыз, несиелеріңіз, жалақыңыз, бірыңғай зейнетақы қорындағы жинақтарыңыз, бөліп төлеу - бұл туралы салық басқармасы онсыз да біледі немесе біле алады, сондықтан бұның бәрін декларацияда көрсету қажет емес.
• Бұл бізге не үшін қажет? – Болашақта салықтан құтылу үшін. Мысалы, сіз құны 4 миллион ₸ тұратын зергерлік бұйымдар немесе криптовалютаны декларацияладыңыз делік, ал 10 жылдан кейін оны 20 миллион ₸-ге саттыңыз. Бұл жағдайда сіз 0₸ салық төлейсіз. Ал егер декларацияламасаңыз, 10%-ын, яғни 2 миллион ₸ төлеуге тура келеді.
• Бұл мемлекетке не үшін қажет? Жалпыға бірдей декларация – көлеңкелі экономика мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің әлемдегі ең тиімді әдістерінің бірі. Елдің барлық азаматтары кіріс декларациясын тапсырып, содан кейін 270-формада жылдық есеп тапсырып отырса, теориялық тұрғыдан екі нәрсе орын алуы керек: а) сыбайлас жемқорлықпен айналысатын шенеуніктер бұдан былай заңсыз сатып алынған мүліктерін туыстарының немесе қандай да бір үшінші тұлғаның атына тіркей алмайды, себебі бәрі көрініп тұрады; б) қазынаға көбірек салық түседі, себебі кірісті жасыру іс жүзінде мүмкін болмайды. Бұл, әрине, дұрыс шара. Бастысы, оны қажетінше жүзеге асыру.
• Декларацияны тапсырғаннан кейін маған қандай да бір салық салына ма? – Аталмыш сала мамандарының бәрі салық болмайды деп отыр. Керісінше, кейбір қаржыгерлер кіріс декларациясын – заңдастыру дейді. Сондықтан кейін сатуға болатын барлық нәрсені көрсеткен дұрыс. Бұл еш алаңсыз ақша жұмсау үшін қажетті шара. Алайда егер үйіңізде қирайын деп тұрған ескі үстел болса, оны 1-2 жылдан кейін лақтырып жіберуді жоспарласаңыздар, оны көрсетудің қажеті жоқ.
Бұл жайлы салық жөніндегі кеңесші Айдар Масатбаев былай дейді:
«Көптеген адамдарда: "Егер мен бұрын ешқандай декларация тапсырмаған болсам, 20-шы, 21-ші, 22-ші және 23-ші жылдары сатып алған бағалы қағаздарымды декларацияға енгізуім керек пе?" деген күмән болды. Алайда енді жалпыға бірдей декларация оны тапсырғанға дейінгі уақытқа емес, болашаққа бағытталатыны белгілі болды. Бұл дегеніміз: осы сәттен бастап біздің болашақтағы шығындарымыз есепке алынатын болады, ал өткеннің табысы, менің білуімше, тексерілмейді».
• Қандай жағдайда салық органдары қызығушылық танытуы мүмкін? – Біз көріп шыққан сарапшылармен болған сансыз сұхбаттардан түйгеніміз, бұл келесідей жағдайда орын алады. Мысалы, сіз биылғы жылы 250-формада сізде 20 миллион ₸ көлемінде қолма-қол ақша бар екенін және қымбат мүлкіңіз жоқ екенін көрсеттіңіз делік. Бұл ретте салық басқармасы сіздің ресми кірісіңіз жылына 5 миллион ₸ екенін және жеке үйіңіз/көлігіңіз жоқ екенін біледі. Ал келесі жылы Қазақстаннан 60 миллион ₸ тұратын үй сатып алсаңыз, мұндай ақшаны қайдан алдыңыз деген сұрақтар туындайды. Яғни, жүйе сіздің шығындарыңызды қарайды.
Яғни, 250-нысанындағы декларацияны тапсырғаннан кейін бірден сұрақтар туындамауы керек. Бұл 270-нысанын тапсырған кезде, яғни келесі жылдар ішінде және сіздің шығындарыңыз бастапқыда көрсетілген кірістер мен активтерге сәйкес келмеген жағдайда ғана орын алуы мүмкін.
Бұл туралы сарапшы Дмитрий Казанцев былай дейді:
«Қаржы министрлігі қазіргі таңдағы ең цифрландырылған мемлекеттік орган. Олар біз туралы шынымен де бәрін біледі. Бұл тексеру қандай да бір салық инспекторы отырып, әр нәрсені жеке тексеріп отырады дегенді білдірмейді. Қаржы министрлігі деңгейінде камералдық бақылау мен тексеру үдерісі басталады. Оларда бар барлық дерекқорлардағы деректерді пайдалана отырып, сәйкессіздіктер анықталған жағдайда хабарландырулар автоматты түрде жіберіледі. Сіздің кім екеніңіз маңызды емес — қарапайым қызметкер болсаңыз да, кәсіпкер болсаңыз да. Егер сізде сәйкессіздіктер болса, хабарлама автоматты түрде жіберіледі. Содан кейін сіз жағдайды түсіндіруіңіз керек немесе түсіндіре алмауыңыз да мүмкін.
Салық органдары деректерінің мұндай үлкен көлемін тексере алмайды деп ойлау - бұл жай ғана босаңсу мен бағыңыз шабатынына үміт арту ғана. Ондай уақыт өтті. Көптеген кәсіпкерлер "сәттілік серігім болатын шығар" деген қағидамен өмір сүреді, бірақ бұл істе ондай қағида көмектеспейді. Сәйкессіздіктер болса - хабарлама да болады, тексерулер де болады».
• Декларация тапсырмасам не болады? Бірінші ретте ескерту беріледі, егер бір жыл ішінде қайталанса, 51 750 ₸ (15 АЕК) айыппұл салынады. Декларацияда толық емес немесе жалған ақпарат ұсынғаны үшін бірінші ретте ескерту жасалады, бір жыл ішінде қайталанса, 10 350 ₸ (3 АЕК) көлемінде айыппұл салынады. Ал егер сіз салық объектісін жасырған болсаңыз, онда бірінші ретте айыппұл төленбеген салық сомасының 200%-ын құраса, қайталанған жағдайда 300% айыппұл салынады.
• Егер адам декларация тапсырғысы келмесе және жыл сайын әкімшілік айыппұл төлеуге дайын болса не болады? Мәселе мынада, егер сіз декларация тапсырмаған болсаңыз, демек сізде ештеңе жоқ деген сөз, демек еш табыс таппадыңыз, кіріс кірмеді дегенді білдіреді. Ал бұл кірісті жасыру деген сөз. Мұндай жағдайда жоғарыда аталған айыппұлдардан бөлек, зиян мөлшері 150 миллион ₸ асатын болса, қылмыстық жаза қолданылуы да мүмкін. Бұл жағдайда қылмыстық жауапкершілікке тартылу ықтималдығы бар, оның мерзімі 5 немесе 8 жыл болуы мүмкін.
• Деректерді түзетуге немесе толықтыруға бола ма? Егер қандай да бір мүлікті көрсетуді ұмытып кетсеңіз, үш жыл ішінде қосымша декларация тапсыруға болады, яғни өзгертулер енгізе аласыз. Алайда, «Қарыздар» бөліміне өзгертулер енгізу мүмкін емес. Егер сіз жеке немесе заңды тұлғаға қарыз болсаңыз (немесе олар сізге қарыз болса), онда аталмыш қарызды 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін нотариалды куәландыруыңыз қажет. Үлгермесеңіз, онда бұл бөлімге өзгертулер енгізілмейді. Сондай-ақ ақшаны аудару 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін жасалған болуы тиіс.
• Тапсыруға қандай да бір дайындық керек пе? Егер сізде қымбат мүлік болса (бір данасы 3 450 000 ₸-ден жоғары). Бұл зергерлік бұйымдар, картиналар, техника, тарихи жәдігерлер және т.б., яғни көлік пен пәтерден басқаның бәрі. Бұл кезде де мүлікті 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін бағалап үлгеру керек.
Декларацияда не көрсетіледі?
• Жалпы сомасы 1 000 АЕК-тен (3 450 000₸) асатын шетелдік банктердегі шоттар мен депозиттердегі ақша. Егер жалпы сома бұдан аз болса, онда оны көрсетудің қажеті жоқ
• ҚР-нан тыс жерлердегі жылжымайтын мүлік: жер телімдері, үй, пәтерлер, ғимараттар және т.б.
• ҚР-нан тыс жерлердегі көліктер: жеңіл немесе жүк көліктері, мотоцикл, квадроцикл және т.б.
• ҚР-нан тыс жерлердегі компаниялардағы меншік үлестері
Қазақстанда да, шетелде де:
• Қазақстандағы 10 000 АЕК (34 500 000₸) аспайтын сомадағы қолма-қол ақша
• Қазақстан мен одан тыс жерлердегі тұрғын үй салуға үлестік қатысу келісімі (ҮҚК).
• Қазақстан мен одан тыс жерлердегі бағалы қағаздар мен цифрлық активтер: акциялар, облигациялар, вексельдер, криптовалюта мен токендер.
• Қазақстан мен одан тыс жерлердегі инвестициялық қорлардағы үлестер
• Қазақстан мен одан тыс жерлердегі зияткерлік меншік: авторлық құқық, патенттер және т.б.
• Қазақстан мен одан тыс жерлердегі құны бір данасы үшін 3 450 000₸-дан қымбат кез келген құнды мүлік: картиналар, зергерлік бұйымдар, техника, асыл тұқымды жануарлар мен құны 1000 АЕК-тен асатынның бәрі.
• Қазақстан мен одан тыс жерлердегі инвестициялық алтын: 900 сынамалы монеталар, 995 сынамалы алтын құймалары, делдалдық шоттардағы алтын мен т.б.
• Қазақстан мен одан тыс жерлердегі сенімгерлік басқаруға берілген мүлік
• Қазақстандағы жеке тұлғалар мен компаниялар алдындағы қарыздар (оған КІРМЕЙТІНДЕРІ: несиелер, ипотека, банктерге бөліп төлеу)
• Қазақстандағы жеке тұлғалар мен компаниялардың сізге қарыздары.
Егер сізде аталмыш тізімде көрсетілгендердің ешқайсысы жоқ болса, 250 нысаны бойынша декларацияны Kaspi немесе Halyk қосымшаларындағы «Мемлекеттік қызметтер» бөлімі арқылы 3-4 минут ішінде тапсыра аласыз (барлық жерде ЖОҚ дегенді белгілейсіз). Тереңірек зерттеу керек жалғыз сұрақ - қанша қолма-қол ақша бар деп көрсеткен дұрыс.
Қолма-қол ақша бойынша сұрақты талдайық
Қаржы министрлігінің ережелеріне сәйкес, декларацияда көрсетуге болатын қолма-қол ақшаның шекті мөлшері - 10 000 АЕК (34 500 000 ₸). Осы сомадан жоғары қаражатты ағымдағы жылдың 31 желтоқсанына дейін шотқа салу керек.
Бұл соманы (10 000 АЕК) әрбір адам көрсетуге құқылы. Соның ішінде, күйеуі де, әйелі де декларацияда бұл сома бар деп көрсете алады.
Егер сізде қолма-қол ақша болмаса, бұл сұраққа «Жоқ» деп жауап беруге болады. Бірақ сарапшылар болашақта сатуға болатын құнды мүлкіңіз бар болса (зергерлік бұйымдар, техника және т.б.), мұқият ойлануды ұсынады.
Бұл жағдайда қолма-қол ақша туралы сұраққа «Иә» деп жауап беріп, барлық құнды заттарыныңызды сатқан жағдайда шығатын сомаға баламалы (шамамен) соманы көрсету ұсынылады. Осылайша, заттарыңызды сатсаңыз, алған ақшаның қайдан шыққанын түсіндіру оңай болады. Мысалы, сізде жалпы құны 3 миллион ₸ шығатын техника мен зергерлік бұйымдар болса, онда 250-нысандағы декларацияда 3 млн ₸ қолма-қол ақша бар деп көрсеткен дұрыс, сонда кейін ол мүлікті сатқанда, салық органдары тарапынан артық сұрақтар туындамайды.
Маңызды ақпарат: қолма-қол ақшаны депозиттердегі жинақтармен шатастырмаңыз. Депозиттерді декларацияда көрсетудің қажеті жоқ.
Менде қолма-қол ақша шынымен бар ма және оның қайдан келгенін тексере ме? 250-нысанды декларацияда активтеріңіздің шығу көзі көрсетілмейді. Сондықтан бұл қаражаттың қайдан шыққанын тексермейді. Сондай-ақ аталмыш сомаға салық салынбайды.
Салық сарапшысы Дмитрий Казанцев: Бұл жерде сіздің 34 500 000₸ ақшаңызды ешкім тексермейтінін және оны санау үшін сізді ешқайда шақырмайтынын түсіну керек. Сондықтан бұл жерде мемлекет тәуекелді өз мойнына алды деуге болады. Яғни, олар өздері кеңшілік беріп тұр. Оның үстіне, мемлекеттің айтуынша: «Біз кіріс есебін тексере алмаймыз» дейді. Сондықтан оны есепке қоса беруге болады деп ойлаймын, қандай да бір сұрақтар туындамауы керек. Әрине, бұған дейін жұмыс істемеген он сегіз жастар балаларға ондай сома көрсетудің қажеті жоқ. Бұл күдік тудырады. Жалпы, мен есеп тапсыратын әрбір адамға (кіріс есебін де, келесі кезекті есепті де) логикалық тұрғыдан ойлануды ұсынар едім. Өйткені көп жағдайда қандай да бір себептермен дәл салық мәселесіне келгенде логикаға салып қарамаймыз. Елеп-өлшеп көру керек. Мен мұны қайдан алдым? Ол қайдан шықты деген сияқты. Салық органдарын бағаламау дұрыс емес. Есепке енгізген мүлкіңіз бен қаржыңызға қарап, оны қайдан алғаныңыз жайлы ойланып көріңіз. Ата-анаңыз көмектесуі мүмкін деген сияқты. Мың түрлі нұсқасы бар, сондықтан жақсылап ойланып көріңіз.
Кейбір сарапшылар қолма-қол ақша түрінде барлық рұқсат етілген сома (10 000 АЕК) бар деп көрсетуді ұсынады, алайда, егер жақын арада қомақты сауда жоспарламасаңыз, оның қажеті жоқ.
Мен миллиондаған теңге қолма-қол ақшам бар деп көрсетсем, ұры түсуі мүмкін емес пе? Деректерімнің жария болу ықтималдығы бар ма? Жоқ, ондай ықтималдық жоқ деп сендіреді. Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелері интернетке қосылусыз, тұйық жүйеде жұмыс істейді. Бұл салық төлеушілерден алынған барлық ақпараттың қауіпсіз сақталуын қамтамасыз етеді.
Мемлекеттік техникалық қызмет тоқсан сайын Мемлекеттік кірістер комитеті жүйелерінің ақпараттық қауіпсіздігіне мониторинг жүргізеді. Сондай-ақ, декларациялар қызметкерлердің шектеулі санына қолжетімді, оларға жеке жауапкершілік, соның ішінде әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік артылады.
Соған қарамастан сарапшылар былай дейді: 90% жағдайда кейбір ақпарат қаржылық сауатсыздық кесірінен жария болып жатады. Көп жағдайда адамдар өздерінің цифрлық қолтаңбасын бейтаныс адамдарға оп-оңай бере салады, ал құпиясөздері әдетте өте қарапайым болып келеді.
Қолма-қол ақша мәселесі бойынша сарапшы дереккөздер: Айжан Әбдірәсілова / Дмитрий Казанцев / Samira Audit.
250 нысаны бойынша декларация тапсыру нұсқаулығы
Егер сізде декларацияда көрсетілген тізімнен қандай да бір тармақ бар болса, біздің Kaspi мен Halyk банктік қосымшалары арқылы тапсыру бойынша нұсқаулықтарымызды қарап шыққаныңыз жөн. Біздің ойымызша, бұл 250 нысанын тапсырудың ең оңай әрі жылдам тәсілі, себебі ол үшін ЭЦҚ қажет емес, әрі көбі аталмыш қосымшаларды қолданып үйреніп қалған.
Kaspi | Halyk қосымшалары бар адамдарға арналған нұсқаулықтар.
Сарапшылар кеңестері:
Егер аталмыш процедурамен алғаш рет бетпе-бет келіп тұрсаңыз, декларацияны қалай толтырған дұрыс?
Дмитрий Казанцевтың жауабы мынадай: «Бастысы - көп созбау. Жүйе кейде істен шығып жатады. Қарбалас пен нотариалдық қызметтердің қымбаттауына тап болмас үшін, уақытылы тапсырған жөн.
Есепті бүгін тапсырғалы отырған адамдарға не айтар едім? Біз қазір есепті 15 қыркүйек тапсыру керек кезде өмір сүріп жатырмыз. Бірақ көп адамдар маңызды тұсын елемей жатады: бізге 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап жаңаша өмір сүруге дағдылану керек. Қазір біз өткен уақыт үшін есеп тапсырамыз, алайда келесі жылы 2024 жыл үшін кезекті есеп тапсыру керек болады, яғни барлық жүріс-тұрысымызды осыған ыңғайлауымыз керек. Әйтпесе келесі жылы есепті дұрыс құру мүмкін болмай қалады, себебі келесі жылы қайтадан есеп беруіміз керек: қандай қымбат зат сатып алдық, нені саттық, нені қайта сата аламыз деген сияқты басқа да әрекеттер. Мысалы, қазір біреуге қарыз берсеңіз, оны нотариалды түрде рәсімдеу керек - тура келісім болған сәтте, әйтпесе кейін есеппен сәйкестендіру қиынға соғады. Бұны көбі назарға іле бермейді: маңызды күн қыркүйекте емес, 1 қаңтарда туған болатын.
Қазірдің өзінде картаңызды достарыңыз, таныстарыңыз бен туыстарыңыз үшін пайдалануды тоқтатуыңыз керек. Бізде әдетте мынадай жағдайлар болып тұрады: «Ой, менің есеп-шотым бұғатта жатыр, картамды бұғаттап тастады, ақшаны қабылдап ала салшы, сосын оны шешіп алып, маған қолма-қол ақша түрінде берші және т.б.» деп жатады. Алайда сіз карта - ол сіздің жеке картаңыз екенін түсінуіңіз керек. Оған қаражат жібере алатындар қатарында тек жақындарыңыз бола алады: ата-анаңыз, әйеліңіз, күйеуіңіз, балаларыңыз бен жақын туыстарыңыз ғана. Ал басқа аударымдар мен қаражат есебін түсіндіруге тура келеді, оны не үшін және қандай мақсатта алғаныңызды.
Бірінші кезекте - өз картаңызды бақылауға алу.
Екінші - өз шығындарыңызды бақылау. Біз жыл соңында өз картамыз бойынша есеп алғанда осынша ақшаны қайдан алғанымызды түсіндіре алуымыз керек. Қазір көпшілігінде сәйкессіздік туындайтыны анық: 2023 жылғы кез-келген есепті алып қарап көріңізші, өзіңіз таң қаласыз: "Мен мынанша ақшаны қалай жұмсап үлгердім, мен осынша таппаймын ғой" деп ойлауыңыз мүмкін. Себебі біз қарыз береміз, қарыз аламыз, аударамыз, аудармаларда нағыз хаос болып жатқан шығар. Ал 31 желтоқсанда сіз осының бәріне жауап бере алуыңыз керек.
Үшінші - қандай да бір қомақты сауда жасағанда, түбіртектерін міндетті түрде сақтап қойыңыз. Егер қандай да бір басқа мүлік туралы айтатын болсақ, онда сол затты кейін сатуға бола ма, жоқ па, соған байланысты. Оны сату арқылы табыс таба аласыз ба, жоқ па. Ертең сол келісімдер бойынша ақша алсаңыз, одан да түбіртек алып, сақтап қою керек, себебі 2025 жылы соның барлығын түбіртек негізінде есепке қосамыз. Бұл тіпті кіріс есебіне қарағанда да маңыздырақ - сондықтан жаңаша өмір сүріп үйренуіміз керек.
Декларация үшін кеңесшілер жалдау керек пе? - Мен көп жағдайда есеп беруге өз бетіңізше дайындалуды ұсынар едім. Неге екені белгісіз, көпшілігі олар үшін есепті есепші тапсырады деп ойлайды. Бұл қате түсінік, себебі сіздің есепшіңіз, бұл фирма есепшісі, ал мұнда барлығы жекеленген. Есепшіге қандай да бір шотыңызда осынша ақша жатқанын немесе қандай да бір елде қаражатыңыз бар екенін оп-оңай айта салмайсыз ғой. Бұл жеке, құпия ақпарат. Оның үстіне мұны қалай біреуге сеніп тапсыруға болады? Жеке тұлғаларға ештеңенің қажеті жоқ, олар өздері-ақ тапсыра алады. Есеп тапсыру барысы сондай қиын емес. Ең қиыны - жеке тұлғаның дебет-кредит процедурасы, бастысы сол сәйкес болса болды, ал бұл қарапайым арифметика ғана.
Сұрақ-жауап:
Жіберілген декларациядағы қатені қалай түзетуге болады?
Есепті онлайн келесі жолдармен түзетуге болады:
- салық төлеуші кеңсесі;
- электрондық үкімет порталы;
- eSalyq azamat мобильді қосымшасы.
Кез келген қате немесе сәйкессіздікті үш жыл ішінде қосымша декларация беру арқылы түзетуге болады.
Алайда қарыз бөліміне өзгертулер мен толықтырулар енгізу мүмкін болмайды.
Күйеуі әйелі үшін декларация толтыра ала ма?
250-нысан бойынша активтер мен міндеттемелер туралы есепті тек өз атыңыздан бере аласыз. Алайда, күйеуі әйеліне есепті қалай толтыру керектігін түсіндіре алады.
Қолма-қол ақша мен депозиттегі ақша екі түрлі нәрсе, солай ғой?
Иә. Депозиттердегі ақшаңыз жайлы мемлекет онсыз да біледі, оларды декларацяилаудың қажеті жоқ. Қолма-қол ақша декларациялануы керек.
Егер 34 500 000₸ бар деп декларация тапсырсақ, бірақ іс жүзінде ол жоқ болса, мұндай соманың бар-жоғы мен оның шығу тексереді ме?
Жоқ, сіздің қолма-қол ақшаңызды ешкім санамайды, бірақ соманы көрсету кезінде мұқият болған жөн. Қолма-қол ақшаны көрсету туралы толығырақ нұсқаулықтан оқыңыз.
Зейнеткерлер декларация тапсырады ма?
2024 жылы декларацияны жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ ЖШС құрылтайшылары немесе басшылары, басқа да заңды тұлғалар мен олардың жұбайлары тапсырады. Зейнеткер кәсіпкерлік қызметпен (соның ішінде патент бойынша) айналысатын болса, онда ол декларация тапсырады.
Жеке кәсіпкерлік 2024 жылы ашылған болса, 250 нысанын 2024 жылы тапсыру керек пе?
Жоқ. Егер компанияны 2024 жылы ашсаңыз, декларацияны 2025 жылы тапсыруыңыз керек.
Мен инвестормын және биыл 240 нысанын тапсырдым, 250 нысанын тапсыруым керек пе?
Иә. Егер сіз 240 формасын тапсырсаңыз, 250-ні де тапсыруыңыз керек. Келесі жылдарда 250-нысан бойынша декларацияны тапсыру арқылы Жалпыға бірдей декларация жүйесіне кірген кезде 240-нысанын тапсыру қажет болмайды. Ол 270-нысанына ауыстырылады.
Есепке мүйізді ірі қара малды қосу керек пе?
Иә, бір данасының құны 3 миллион 450 мың ₸-ден асса. Егер бұл сомадан аз болса, малды сату кезінде қанша шығатынын қолма-қол ақша түрінде қоса аласыз.
Барлық жерде ештеңе жоқ деп көрсетсем не болады?
Егер бұл рас болса, ештеңе болмайды.
Егер ұлым Ресейде оқып жатса, бірақ азаматтығы Қазақстанда болса, ол басқа мемлекетте алған табысы туралы декларацияны қалай тапсыра алады?
Егер ұлыңыз кәсіпкер болса, онда ол декларацияны биыл тапсыруы керек. Егер кәсіпкер болмаса, онда ол (ҚР-ның барлық азаматтары сияқты) 2025 жылы активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырады.
Егер менде акциялар болса және сол арқылы дивидендтер алып отырсам, кірісімді декларациялауым керек пе?
250 нысанды декларацияда тек акциялар мен басқа да бағалы қағаздардың өзін ғана көрсету керек. Бағалы қағаздарды декларациялау туралы толығырақ мына мақаладан оқыңыз.
Егер 2023 жылдың соңында маған қарыз болып, оны тек 2024 жылы қайтарса ше? Бұл декларацияда көрсетілуі керек пе?
Биыл жұмыстан шықтым, декларация тапсыратындар қатарына кірмеймін. Биыл декларация тапсыруым керек пе?
Егер 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша осы жылы декларация тапсыратын азаматтар санатына жатқан болсаңыз, онда тапсыруыңыз керек. Мысалы, олар жеке кәсіпкер болсаңыз болды.
Ерлі-зайыптылар қанша қолма-қол ақша көрсете алады?
Әр адам (ерлі-зайыптылардың екеуі де) декларацияда 10 000 АЕК-ке дейін қолма-қол ақша көрсетуге құқылы. Яғни, ерлі-зайыптылардың әрқайсысы өз декларациясында 34 500 000₸ аспайтын кез келген соманы көрсете алады.
Егер декларацияны 15 қыркүйекке дейін тапсыру керек болса, неге күнде хабарласып, есіме сала береді?
Қарбаласқа түсіп қалмас үшін, есепті ертерек тапсырған жөн. Оның үстіне егер 15 қыркүйек күні миллиондаған адам бір уақытта декларация тапсыруды шешсе, жүйе мұндай ауыртпалықты көтере алмай қалуы мүмкін. Сонда есепті уақыты тапсырып үлгермей қалуыңыз ықтимал.
Декларацияда тикерлер жоқ – бағалы қағаздарды қалай көрсетуге болады?
Кіріс декларациясында бағалы қағаздарды саны мен сатып алу бағасы бойынша сұрыптау қажет. Басқаша айтқанда, егер бағалы қағаздар түрлі бағамен сатып алынған болса, онда әрбір сауда жеке жолға енгізілуі керек.
250 нысанында өмірді сақтандыру полисін көрсету қажет пе?
Жоғары лауазымды шенеуніктер табысы мен мүлкі туралы декларацияны қашан жариялайды?
Аталмыш ақпаратты жариялау 2025 жылдың 1 қаңтарынан кейін басталады. «А» корпусындағы саяси және әкімшілік мемлекеттік лауазымдар атқаратын тұлғалар, Парламент депутаттары, Адам құқықтары жөніндегі уәкіл мен судьялар мәліметтерін жариялауы керек.
Басқа елде тұрып, жұмыс істейтін қазақстандықтар декларацияны қалай тапсыра алады?
Белсенді электрондық цифрлық қолтаңбаңыз болмаса, банк қосымшаларын жүктеп алыңыз (Kaspi, Halyk). Картаны онлайн режимінде ашып, «Мемлекеттік қызметтер» бөліміне қол жеткізе аласыз. Сол арқылы есебіңізді тапсыра аласыз.
Егер жеке кәсіпкерлігім болса, бірақ қазір жоқ болса, онда қай күннен бастап тіркелген ЖК декларация тапсыруы керек?
Егер сіз жеке кәсіпкерлігіңізді 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін жапсаңыз, онда есепті жеке тұлға ретінде тек 2025 жылы тапсыруыңыз қажет.
Қазір қолданыстағы жалпы көлемі ауқымды, құны жоғары, бірақ бір данасы үшін декларациялауға жатпайтын мүлікті қалай декларациялауға болады?
Мүлкіңізді сатқан жағдайда жиынтық құны қанша шығатынын есептеп, «Қолма-қол ақша» бағанында шамамен құнын көрсетіңіз. Мысалы, сізде 500 мың ₸ тұратын үстел мен 1 миллион ₸ тұратын диван бар делік. Сонда өз декларацияңызда 1,5 миллион ₸ қолма-қол ақшам бар деп көрсете аласыз.
Жол-көлік оқиғасынан кейін сақтандыру құнын алсам, оны көрсетуім керек пе?
Аталмыш соманы қолма-қол ақша қатарына қосыңыз.
Компания директоры (құрылтайшысы емес) декларация тапсыруы керек пе?
Иә, егер 31.12.23 күні компания басшысы болсаңыз, онда тапсыруыңыз керек.
Шетелде оқыдым, менде әлі есепшот бар. Оны көрсетуім керек пе?
Жоқ. 250-нысанында ҚР тыс жерлерде орналасқан шетел банктеріндегі банктік шоттардағы АЕК-тің 1000 еселенген жиынтығынан асатын ақша туралы мәліметтер көрсетіледі – бұл 3 450 000 ₸ құрайды. Бұл сома бір шотта емес, бірнеше шотта болуы мүмкін.
Авторлық құқық туралы куәлік бар болса, оны 250 нысанды декларацияда көрсету қажет пе?
Иә. Зияткерлік меншікті декларациялау туралы мына мақаладан оқыңыз.
2024 жылы 250 нысанын тапсырсам, 2025 жылдың сәуірінде 240 нысанын тапсыру керек пе?
Жоқ. 2025 жылы 270-нысанын тапсырасыз. 250-нысан бойынша декларацияны тапсыру арқылы Жалпыға бірдей декларация жүйесіне кіргеннен кейін, келесі жылдары 240-нысанын тапсырудың қажеті жоқ. Ол 270 нысанымен ауыстырылды.
Шетелдік компаниялардың акцияларын қалай дұрыс декларациялау керек?
Акцияларды, облигациялар мен криптовалюталарды декларациялау туралы мына мақаладан оқыңыз.
Аутсорспен айналысып, шетелдік компанияда жұмыс істейтініңді қалай декларациялау керек?
250 нысанды декларацияла тек активтеріңіз бен қарыздарыңызды көрсетесіз. Табыс пен оның көздері кіріс декларациясында көрсетілмейді, бұл келесі жылы тапсыратын 270 нысанда болады.
Нотариустар қағаз түбіртектердің орнына нотариалды қарыз шартын беруден бас тартқан борышкерлерді қалай декларациялауға болады?
Декларацияда борышкердің мәліметтері мен қарыз алған валютадағы соманы көрсету керек. Растау үшін борышкерден көрсетілген сомамен қолхат алып, оны 15.09.2024 жылға дейін нотариус арқылы куәландырыңыз. Бұл мүмкін болмаса, қарызды қолма-қол ақша ретінде көрсетіңіз.
Салық органы декларацияда көрсетілмеген мүлікті тапса не болады?
Салық органы хабарлама жіберіп, қосымша декларация тапсыруға сізге 30 жұмыс күнін береді.
Егер 2023-2024 жылдары ақпан айына дейін директор болып, сосын лауазымымды басшылықтан басшылық емес қызметке ауыстырсам, сонда да декларация тапсыруым керек пе?
Егер 31.12.2023 ж. жағдай бойынша жеке кәсіпкер, ЖШС иесі немесе басқарушысы, басқа да заңды тұлғалардың басшысы немесе олардың жұбайы болсаңыз, 250-нысан бойынша декларация тапсыруыңыз керек.
Бірнеше ай ғана басшылық қызметте болсам, декларация тапсыруым керек пе?
Егер 31.12.2023 ж. жағдай бойынша жеке кәсіпкер, ЖШС иесі немесе басқарушысы, басқа да заңды тұлғалардың басшысы немесе олардың жұбайы болсаңыз, 250-нысан бойынша декларация тапсыруыңыз керек.
Мен ЖШС директорымын, жолдасым екеуміз азаматтық некедеміз, ол декларация тапсыру керек пе?
Жоқ, бұл тіркелген некедегі ерлі-зайыптыларға ғана қатысты.
Менің шетелде оқитын, сонда жұмыс істейтін және шетел банктерінде есепшоттары, шетел валютасында ақшалары бар студент балаларым бар. Бастапқы декларацияда олар өздерінің шоттары мен қаражатының бар-жоғын қалай көрсете алады?
Минимум 3 450 000 ₸-ні декларациялауға болады. Бұл сома бір шотта емес, бірнеше шотта болуы мүмкін. Бұл жағдайда балалар барлық шетелдік шоттарын көрсетуі керек.
31.12.2023 ж. жағдай бойынша мен Алматы қаласында тұрсам, ал қазір Астана қаласында тұрсам, декларацияны қайда жіберуім керек?
Декларация оны жіберу кезіндегі тұрғылықты жері бойынша ұсынылады.
Әйелім екеуміз ажырасу сатысындамыз, оған декларация тапсыру керектігі туралы айтайын десем, байланысқа шықпайды. Егер мен декларацияны тапсырсам, ал ол тапсырмаса, оның салдары қандай болады?
Бұл жағдайда әркім өзі үшін жауапкершілік алады. Сондықтан, ең бастысы, декларацияны өзіңіз тапсыруға үлгеріңіз керек. Әйеліңіз декларация тапсырмаса, сіз үшін ешқандай салдары болмайды. Ал оған бірінші рет ескерту жасалады, ал егер бір жыл ішінде қайталанса, 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады.
Егер ЖШС жұмыс істемесе, айналым болмаса, күйеуім екеуміз декларация тапсыруымыз керек пе?
Иә, тапсыру керек. Биыл 2023 жылдың соңына дейін өз кәсіпорындарын жапқан тұлғалар ғана декларация тапсырудан босатылды. Егер айналым болмаса немесе қызметі тоқтатылған болса да, бәрібір тапсыру керек.
Алтын монеталарды декларациялауымыз керек пе?
Алтынды декларациялау туралы мына мақаладан оқыңыздар.
250 нысанын тапсырғанда жылды қате енгізіп қойдым. Қатені қалай түзетуге болады?
Салық төлеушінің кеңсесі арқылы. Салық өтініштері → ауыстыру әдісімен салық есебін қайтарып алу → F бағаны → салық кезеңі қате көрсетілген.
Қазір үй салынып жатса, бірақ құрылысы аяқталмаған болса, 250 декларациясында көрсетілуі керек пе?
Қазақстандағы жылжымайтын мүлік 250-нысанда көрсетілмейді.
Менің жеке кәсіпкерлігім жабылғанын қалай тексеруге болады?
Жеке кәсіпкерлердің жабылғанын Мемлекеттік кірістер комитеті сайтындағы салық төлеушілерді іздеу бөлімінен тексеруге болады.
Бағалы мүліктің құнын бағалау жүргізбей, түбіртек негізінде көрсетуге бола ма?
Жоқ. Бұл заңды әрекет ретінде танылмайды. Қалай болғанда да бағалаушы қажет.
Егер әйелінің жеке кәсіпкерлігі болса, күйеуі де декларация тапсыруы керек пе?
Номиналы көрсетілген алтын құймаларының құнына сараптамалық қорытынды қажет пе?
Алтынды декларациялау туралы мына мақаладан оқыңыздар.
Жол көлік оқиғасынан кейін көліктің тауарлық түрін жоғалтқаны үшін алған өтемақыны көрсетуім керек пе?
Бұл соманы қолма-қол ақшаға қосуға болады.
Үлескерлер мен олардың жұбайлары декларация тапсыра ма? Олардың жерлерін ЖШС пайдалануда.
Егер заңды тұлға қатысушысы ретінде тіркелген болсаңыз, 250 нысанын тапсыруыңыз қажет.
Жылжымайтын мүлікті бағалауды жүргізу қажет пе?
Декларацияны толтыру кезінде ЖШС пен жеке кәсіпкерліктердің барлық атаулары мен олардың БСН-ін көрсету қажет пе?
Жоқ, 250 нысаны бойынша декларацияны толтыру кезінде бұл ақпарат көрсетілмейді.
Акцияларды, облигациялар мен басқа да бағалы қағаздарды қалай декларациялауға болады?
Мына мақаладан оқыңыз.
Өткен жылы мемлекеттік қызметкердің әйелі ретінде 250 нысанын тапсырғанбыз, биыл 270 нысанын тапсыруымыз керек, ал салық басқармасы биыл жеке кәсіпкер ретінде 250 нысанын тапсыру керек дейді.
Егер бұған дейін 250 нысаны бойынша декларация тапсырған болсаңыз, онда сіз жалпыға бірдей декларациялау жүйесіне кірдіңіз деген сөз, демек енді жыл сайын 270 нысаны бойынша декларация тапсыруыңыз керек.
Декларацияда жылжымайтын мүлікті брондау шарты қалай көрсетіледі?
Жылжымайтын мүлікті брондау шарттары бойынша салынған қаражат сомасы қолма-қол ақша ретінде көрсетіледі.
Алдын ала сатып алу-сату шарты бойынша 2023 жылы сатып алынған, бірақ 2024 жылы тіркелген пәтерді қандай да бір түрде көрсету қажет пе?
Иә, оны үлестік қатысу келісімінде көрсету керек. Сатып алғаныңызды 2025 жылы 270-нысанда көрсетесіз.
Қарыздарымның бәрін көрсетуім керек пе?
Иә. Декларацияны тапсырмас бұрын оларды нотариалды түрде куәландыру керек.
Егер директор мен ЖШС арасында қаржылық көмек туралы келісім болса, оны көрсету керек пе?
Кейін сатып алуға болатын жалға алынған тұрғын үй бар, сонымен қатар банкте ипотекамыз бар - мұны көрсету керек пе?
Бірлескен шоттарды қалай декларациялауға болады?
Бірлескен банктік шоттарды иеленушілердің бірі көрсетеді.
Егер мен қолма-қол ақшаны доллар түрінде сақтасам, оны декларация кезінде қалай көрсетуім керек?
Толтыру кезінде валютаны таңдаңыз.
Егер 2023 жылдың 31 желтоқсанында жұмыссыз болсам, бірақ 2023 жылдың бір бөлігінде басшылық қызметте жұмыс істесем, декларация тапсыруым керек пе?
Мемлекеттік кірістер комитеті декларация тапсыру керектігін айтты.
Криптоактивтерді көрсету керек пе? Көрсету керек болса, оларды кейін растау керек пе, керек болса, қалай растаймыз?
Иә, крипто активтер көрсетілуі керек. Толығырақ мына мақаладан оқыңыз.
Егер декларацияны биыл тапсырмаса, ескерту беріледі. Ал келесі жылы тапсыраса, айыппұл салынады. Бұл ұры шенеуніктер үшін майшелпек болмайды ма?
Сарапшылардың айтуынша: егер шенеунік декларация тапсырмаса, бұл оның ештеңесі жоқ, ешқандай табыс таппаған және кіріс алмаған дегенді білдіреді. Бұл ретте, егер лауазымды тұлғаның (шенеуніктің) кірісі болса, бірақ оны декларацияда көрсетпесе және декларация аясында салық төлемесе, онда бұл кірісті жасыру болып есептеледі. Салық органы мұны тексеру арқылы анықтаса, онда 10% салықтан бөлек, салық сомасының 200% мөлшерінде айыппұл салынады.
250 нысанында зейнетақы аннуитетін көрсету керек пе?
Менің компаниямның қызметі тоқтатылған. Қазақстандағы табысым бойынша декларация тапсыруым керек пе?
Иә, тапсыру керек. Егер жеке кәсіпкерлігіңізді немесе ЖШС-ны 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін жапсаңыз, онда есепті тек 2025 жылы жеке тұлға ретінде тапсыру қажет болады.
Мен Қазақстандағы жеке шоттарымдағы ақша қалдығын табыс туралы декларацияда көрсетуім керек пе?
Жоқ. Декларацияда Қазақстаннан тыс жерлердегі банктік шоттар мен депозиттердегі жалпы сома 1000 АЕК-тен асатын болса, олар туралы мәліметтерді көрсету қажет.
Менде несие/бөліп төлеу бар. Мен мұны Қазақстандағы табыс салығы бойынша декларациямда көрсетуім керек пе?
Жоқ. Қазақстандық банкте бөліп төлеу немесе несиеңіз болса, оларды көрсетудің қажеті жоқ.
Маған қарыз болғандар, қарыздарын қайтарды. Бұл соманы Қазақстандағы табыс туралы декларацияда қалай көрсетемін?
250-нысанды активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін сізге қайтарылған соманы қолма-қол ақша жинақтары ретінде көрсете аласыз. Ақшаны бұл мерзімнен кейін алған болсаңыз, декларацияда борышкер туралы ақпаратты көрсетіңіз. Ол үшін нотариалды расту қажет.
Егер неке 2024 жылы тіркелген болса, жұбайым жеке кәсіпкерлік бойынша 250 нысанын тапсыра ма?
Жоқ, декларация 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша тапсырылады. Жұбайыңыз тек келесі жылы тапсырады.
Қолма-қол ақша қандай да бір сауданың немесе сапарлардың қаржы көзі бола ала ма? Мысалы, егер қолма-қол 34 миллион теңгеміз бар деп көрсетіп, 2024 жылы белгілі бір ауқымды шығындарлы осы қаражатпен жаба аламыз ба?
Иә. Бастысы, 2025 жылы тапсырылатын 270 декларациясы 250 нысанындағы аақпаратқа қайшы келмесе болды. Яғни, шығындарыңыздың көлемі кірістен артық болмаса, болды.
Мен қарызға ақша алдым. Оны декларацияда көрсетуім керек пе?
Иә. Декларацияда сіз қарыз алған тұлға немесе ұйым туралы ақпарат пен сомасын көрсетуіңіз керек. Оны нотариалды растау қажет.
Мен қарызға ақша бердім. Оны декларацияда қалай көрсетемін?
Декларацияда борышкердің мәліметтері мен қарыз алған валютадағы соманы көрсету керек. Растау үшін борышкерден көрсетілген сома жазылған қолхат алып, оны 15.09.2024 жылға дейін нотариус арқылы куәландырыңыз.
Менің шетелде мүлкім бар. Менің жұбайым оны өз декларациясында көрсетуі керек пе?
Бұл мүліктің иесіне байланысты. Егер мүлік иесi ерлi-зайыптылардың бiрi болса, табыс декларациясында шетелдегi мүлкi жайлы ақпаратты тек сол адам көрсетедi. Егер ерлі-зайыптылардың екеуі де мүлік иесі болса, декларацияда ақпаратты екеуі де көрсетуі керек.
Декларацияда қолма-қол ақша түрінде 100 миллион теңге бар деп көрсетсе, не болады?
34 500 000₸ артық көрсету мүмкін емес. Бұл сомадан асатын қаражатты банк шотына салу керек.
Мен кәсіпкермін. Қазақстандағы табыс салығы бойынша декларацияны қандай нысанда тапсыруым керек?
2024 жылы жеке кәсіпкерлер, ЖШС иелері мен басшылары, басқа заңды тұлғалар басшылары мен олардың жұбайлары 250 нысаны бойынша – активтер мен міндеттемелер бойынша есеп тапсырады. 2025 жылы 270-нысанын толтырады – бұл табыс пен мүлік бойынша есеп. Ол құжатта қандай жаңа активтер пайда болғанын және нені сатқаныңызды көрсету керек.
Қарызда микроқаржы ұйымынан алынған несиені көрсету қажет пе?
Мен жеке кәсіпкермін/ЖШС иесімін. Мен Қазақстандағы табыс салығы бойынша декларацияны тапсыруым керек пе?
Иә. 2024 жылдан бастап сіз бен сіздің жұбайыңызға 250 нысанындағы активтер мен міндеттемелер туралы есеп беру міндеттеледі.
Мен компанияны 2023 жылы жаптым. Кәсіпкер ретінде Қазақстанда табыс салығы туралы декларация тапсыруым керек пе?
Жоқ. 2024 жылы активтер мен міндеттемелер жайлы 250 нысанындағы есеп беру қолданыстағы компаниясы бар кәсіпкерлер мен олардың жұбайларына міндеттеледі. Бизнес 2024 жылдың 1 қаңтарына дейін тіркелуі керек.
Егер әрекетке қабілетсіз тұлға (сот шешімі бар) ЖШС құрылтайшысы болса, ол декларацияны қалай тапсыруы керек?
Оның орнына қамқоршысы декларация тапсыра алады. Қамқоршы өзінің электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы кабинетке кіріп, «Кәмелетке толмаған және (немесе) әрекетке қабілетсіз немесе әрекетке қабілеттілігі шектеулі адам үшін» есебін таңдауы, сосын әрекетке қабілетсіз тұлғаның ЖСН-ін енгізуі қажет.
Мен 2024 жылы компания ашамын. Кәсіпкер ретінде Қазақстандағы табыс салығы туралы декларация тапсыруым керек пе?
Жоқ. Егер сіз компанияны 2024 жылы ашсаңыз, декларацияны 2025 жылы тапсыруыңыз керек.
Tabys, Halyk Invest пен Jusan Invest-те активтерім болса, оларды қалай тіркеймін? 31.12.23 ж. портфельдегі нақты соманы білуім керек пе?
Бағалы қағаздар декларациясы туралы толығырақ мына мақаладан оқыңыз.
Жеке кәсіпкерлігімді 2023 жылы жаптым. Декларация тапсыруым керек пе?
Егер жеке кәсіпкерлігіңізді 2023 жылдың 31 желтоқсанына дейін жапсаңыз, онда есепті жеке тұлға ретінде тек 2025 жылы тапсыру қажет.
250 нысанын толтыру бойынша көмек алу үшін қайда жүгінуге болады?
Тұрғылықты жеріңіз бойынша салық органына жүгіне аласыз, олар егжей-тегжейлі кеңес бере алады.
Егер үлестік келісімге отырған болсам, оны декларациялауым керек пе? Егер алдын ала келісім болса, не істеу керек?
Шетелдік брокер арқылы сауда жасасаң, акцияларды декларациялау керек екенін білемін. Портфельде бірнеше бағалы қағаздар болса, декларацияда қандай ISIN көрсетілуі керек екенін түсіндіріп беріңізші? Декларацияда бір ғана жолақ бар.
Бағалы қағаздарды декларациялау туралы толығырақ мына мақаладан оқыңыз.
Егер жеке тұлға жеке кәсіпкердің жұбайы болса, бірақ бас бостандығынан айыру орындарында болса, ол 250 нысанын тапсыруы керек пе?
Иә, қағаз жүзінде мекеме әкімшілігі арқылы.
Коммерциялық емес ұйым басшысы декларация тапсыруы керек пе? Мысалы, бірлестік басшысы?
Жоқ. 2024 жылы коммерциялық емес ұйымдардың акционерлері мен қатысушылары активтері мен міндеттемелері туралы декларация тапсырудан босатылған.
Қазақстандық компанияның акцияларын көрсетуім керек пе?
Иә. Бағалы қағаздарды декларациялау туралы толығырақ мына мақаладан оқыңыз.
Жеке тұлғалар декларацияны 2024 жылы үшін тапсыра ма әлде 2025 жыл үшін тапсыра ма?
Жеке тұлғалар 2025 жылы 2024 жылға арналған декларацияны тапсырады.
Егер 2022 жылы күйеуімде қолма-қол ақша болса, бірақ 250 нысаны бойынша декларацияны тапсыру кезінде оны көрсетпесе, бұл соманы 250-нысанды декларацияда әйеліне көрсетуге бола ма?
Талап мерзімі ішінде аталмыш қаражатты көрсете отырып, қосымша есеп беруге болады.
Жеке тұлғалардың табысына салықтық бақылау қалай жүзеге асырылады?
Алдымен камералық бақылау жүзеге асырылады - бұл жеке тұлғалардың шығындарын бақылау. Ең алдымен декларацияның болуы/болмауы тексеріледі, одан кейін декларацияда кірістер мен мүліктің көрсетілмеуі немесе кірістердің кем көрсетілу фактісі анықталады. Камералық бақылау нәтижелері бойынша қателіктерді жоймаған азаматтарға қатысты салықтық тексеру жүргізіледі.
30 миллионнан жоғары қолма-қол ақшаны декларациялаудың қандайда бір айла-шарғысы жоқ па? Мысалы, 30 млн-ды 30 миллионды криптовалютада сақтау деген сияқты.
Активтерді көрсеткен кезде мұқият болу керек. Салық органдары білмей қалады деп ойламаңыз. Жоғарыдағы қолма-қол ақшаны көрсету бойынша сарапшылар кеңесі бар, соларды қарап көріңіз.
ЖШС директоры ретінде 250 нысанын тапсырсам, оған ЖШС кілтімен қол қоямын ба?
Жоқ, жеке тұлғаның – компания директорының ЭЦҚ-сын пайдалану қажет.
Егер адамның ресми табысына қарағанда шығындары көп екені анықталса, не болады?
Салықтық тексеруге әкелуі мүмкін.
Егер 2023 жылы KASE акцияларын сатып алып, сосын сатсам (жеке тұлға, жеке кәсіпкер емес, ЖШС емес), декларация тапсыру керек пе?
Жоқ. Жеке тұлғалар декларацияны 2025 жылы тапсырады.
Ресми кірістерден басқа табыстарды қалай көрсетуге болады? Мысалы, жалақыдан басқа табыс болса, оны жай ғана құжатсыз көрсетуге бола ма, әлде құжат түрінде растау қажет пе?
250 нысанды декларацияда кіріс көздеріңіз көрсетілмейді. Онда сіз өзіңіздің активтеріңізді (мемлекеттік деректер базасында жоқтарын), сондай-ақ қарыздарыңызды ғана көрсетесіз.
Менің ЖШС бар және оның қызметі аясында басқа ЖШС-теріне қарыздарым бар, оларды декларациялауым керек пе?
Егер қазір қолымда үлкен көлемдегі қаражат болмаса, бірақ қысқа қарсы пайда болса (нақты ақпарат емес), бұл табысты жасыру болып саналмай ма?
250 нысанды декларацияда 31.12.2023 жағдай бойынша деректерді көрсетесіз. 2024 жыл үшін 2025 жылы 270 нысаны бойынша есеп бересіз.
Зейнеткер, бірақ ресми түрде жұмыс істейді, қай декларацияны тапсыруы керек, 250 немесе 270 нысанын? Пәтерді жалға беру патенті бар.
250 нысаны бойынша декларация тапсырады.
250 нысанды декларацияны былтыр тапсырғандар үшін 270 нысаны туралы да нұқсаулық жазыңыздаршы.
270-нысанды декларация бойынша нұсқаулықты 2025 жылы жариялаймыз.
Tabys қолданбасынан түсетін табысты не істейміз? Егер оны 2022 жылдан бастап сатып ала бастасам?
Нұсқаулықты оқып шығыңыз. 250 нысанды декларацияда сіздің активтеріңіз бен қарыздарыңыз көрсетіледі. Кіріс декларациясында табыс пен оның көздері көрсетілмейді. Бірақ Tabys қолданбасынан тапқан соманы қолма-қол ақша ретінде көрсетуге болады.
Егер Қазақстан азаматы болсам, бірақ шетелде заңды тұлғаның басшысы болсам, декларация тапсыруым керек пе?
Өткен жылы мемлекеттік қызметші болсам, биыл мемлекеттік қызметте болмасам, декларация тапсыруым керек пе?
Егер сіз 250 нысанды декларацияны тапсырған болсаңыз, онда сіз жалпыға бірдей декларация жүйесіне ендіңіз деген сөз, демек енді жыл сайын 270 нысаны бойынша декларация тапсыруыңыз керек.
Шетелдік компаниялардағы үлестік қатысу қалай декларацияланады?
Мына мақаланы оқыңыз.
Құны шамамен ~200-500$ тұратын сақиналар мен сырғалардың бір-бір данасын алып қарасақ, аталмыш зергерлік бұйымдарды декларациялау қаншалықты қажет (алдын ала бағалау арқылы)?
Құны 3 миллион 450 мың ₸ кем әшекейлерді декларациялау мүмкін емес. Бірақ басқа амалы бар. Зергерлік бұйымдарды сатқан жағдайда шығатын соманы қолма-қол ақша түрінде көрсетуге болады. Мысалы, сізде жалпы құны 2 миллион ₸ зергерлік бұйымдар бар делік, сондықтан қолма-қол ақша түрінде 2 миллионым бар деп көрсете аласыз, сонда кейін оларды сатқан кезде салық органдары тарапынан қандай да бір сұрақтар туындамайды.
PayPal-дағы ақшаны қалай декларациялаймыз?
Оларды қолма-қол ақша түрінде көрсетуге болады.
ЖШС құрылтайшысы шетелде тұратын резидент емес болса не істеу керек? 250-ші декларацияны тапсырды делік. Әйелі ше? Оның ЭСҚ ғана емес, тіпті ЖСН де жоқ.
Бейрезиденттер активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсырудан босатылады (250.00-нысан).
Мемлекеттік қызметшілер екі түрлі декларация тапсыра ма?
Егер сіз 250 нысанды декларацияны тапсырған болсаңыз, онда сіз жалпыға бірдей декларация жүйесіне ендіңіз деген сөз, демек енді жыл сайын 270 нысаны бойынша декларация тапсыруыңыз керек.
Жағдайы: жұбайының бірі ҚР азаматы, жеке кәсіпкерлігі бар. Ол декларация тапсыруы керек. Ал егер ерлі-зайыптылардың екіншісі басқа мемлекет азаматы болса, декларация тапсыру керек пе, жоқ па?
Бейрезиденттер активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсырудан босатылады (250.00-нысан).
Мұраға қалдырылған декларацияланбаған мүлікпен не істеу керек? Мысалы, әжеміз қымбат картина қалдырып кетті, бірақ ол бағаланбаған.
Егер әжеңізден құнды мүлікті мұраға алған болсаңыз, оны бағалаудан өткізіп, келесі декларацияңызға аталмыш мүлікті қосуыңыз керек.
Егер Ресейде ипотекалық несием болса, 250 нысанды декларация үшін оны нотариалды куәландыру қажет болса - мұны ресейлік нотариус жасау керек пе, әлде қазақстандық нотариус шетелдік несие келісімдерін де куәландыра ала ма?
1414 нөміріне қоңырау шалыңыз немесе өз мемлекеттік кірістер департаментіңізге жүгініңіз. Мына сайтта әр қала бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының байланыс деректері бар. Немесе жалпыға бірдей декларацияға арналған Мемлекеттік кірістер чатына жазыңыз.
Дебиторлық берешек туралы алып қарасақ ше? ҚР-дағы ЖШС құрылтайшысы Ресей азаматы, ол Ресейде бола тұра Ресейдің басқа азаматына қолхатпен ресімделген ақшаны қарызға берген. Оны қай елдің нотариусы арқылы куәландыруы керек?
Бейрезиденттер активтері мен міндеттемелері туралы декларацияны тапсырудан босатылады (250.00-нысан).
Егер осы жылы жеке тұлға картасында 1 млн, 200 мың сияқты басқа да сомалар түскен болса, оны декларацияда қалай көрсетуге болады?
Жеке тұлғалар 250 нысанды декларацияны 2025 жылы тапсырады. Бірақ онда табыс емес, тек активтер мен міндеттемелер көрсетіледі.
Қазақстандағы мүлік декларацияда көрсетілуі керек пе? Әлде тек шетелдегілері ме?
Иә, Қазақстандағы қымбат мүлік (көліктер мен пәтерлерден басқа) декларациялануы керек. Толығырақ мына мақаладан оқыңыз.
Жеке сот орындаушысы 250 нысанын тапсырады ма?
Жеке сот орындаушысы - декларация тапсыру қажет ешбір санатқа жатпайтын жеке тұлға. Сондықтан жеке сот орындаушысы 2025 жылы 250 салық есептілігінің нысанын тапсырады.
Декларацияда қолма-қол ақшаны қандай сомадан бастап көрсетуге болады?
Кез келген сомадан бастап, 10 000 АЕК (34 500 000₸) дейінгі сома көрсетуге болады. Қолма-қол ақшаны көрсету туралы толығырақ нұсқаулықтан оқыңыз.
Декларацияны қазір тапсырған жағдайда онда қолма-қол ақша, бағалы қағаздар мен т.б. көрсету керек. Оны 31 желтоқсандағы жағдайға сәйкес тапсыруым керек пе? Әлде декларацияны тапсыру кезінде қанша бар, соны көрсеуім керек пе?
Барлық деректер 2023 жылдың 31 желтоқсанындағы жағдай бойынша толтырылады.
Декларация 2024 жылдың 15 қыркүйегіне дейін тапсырылуы керек.
Жеке тұлғалар мен зейнеткерлер декларацияны 2025 жылы тапсыра ма?
Иә. 2024 жылы жеке кәсіпкерлер, сондай-ақ ЖШС құрылтайшылары немесе басшылары, басқа заңды тұлғалар басшылары мен олардың жұбайлары декларация тапсырады. 2025 жылы - барлық жеке тұлғалар тапсырады.
Нұсқаулықтарыңыздар сұрағыма жауап таба алмадым. Не істеуім керек?
1414 нөміріне қоңырау шалыңыз немесе өз мемлекеттік кірістер департаментіңізге жүгініңіз. Мына сайтта әр қала бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының байланыс деректері бар. Немесе жалпыға бірдей декларацияға арналған Мемлекеттік кірістер чатына жазыңыз.
Дереккөздер тізімі: Kaspi.kz, Halyk, сарапшы Дмитрий Казанцев, сарапшы Айжан Абдрасилова, Samira Audit, сарапшы Айдар Масатбаев, ҚР Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті, zakon.kz, tengrinews.kz, uchet.kz, Forbes Kazakhstan, vlast.kz, inbusiness.kz