Хазыреті Хызыр және 5 әлем
БІРІНШІ СҰРАҚ: Хазіреті Хызыр Алейһиссаламның тірі екені рас па? Рас болса кейбір мықты ғалымдар оның тірі екенін неге қабылдамайды?
Жауабы: Тірі, бірақ ол біздікінен бөлек әлемде өмір сүруде. Ондай бес әлем бар. Ол екінші мәртебеде. Сондықтан кейбір ғалымдар оның тірі екеніне күмәнмен қараған. Ондай әлем бесеу дедік.
Біріншісі: Біздің әлеміміз. Бұл әлемнің көптеген шарттары мен шектеулері бар.
Екіншісі: Хазіреті Хызыр мен Иляс Алейһимәссаламның әлемі. Бұл әлемнің шарт-шектеулері аз. Яғни, олар бір мезгілде бірнеше жерде бола алады. Біз сияқты тұрмыстық қажеттіліктерге тәуелді емес. Қалаған уақытында біз секілді ішіп-жейді, бірақ біз сияқты мәжбүр емес. «Әһл-и шухуд уә кәшф» деп аталатын әулиелердің Хазіреті Хызырмен арасында болған нақты оқиғалар бұл әлемнің жарқын дәлелі. Тіпті әулиелік жолда «Хызыр мақамы» деп аталатын дәреже бар. Бұл дәрежеге жеткен әулие Хазіреті Хызырмен кездесіп одан сабақ алады. Кейде осы әулиені Хызырдың өзімен шатастырады.
Үшіншісі: Хазіреті Ыдырыс пен Иса Алейһимәссаламның әлемі. Олар адами тұрмыстық қажетіліктерге мұқтаж емес. Періштелер сияқты, нұрлы рухани өмір сүруде. «Ақырзаманда Хазіреті Иса Алейһиссалам келеді, Мұхаммедтің (С.А.У) шариғатымен амал ететін болады» деген мазмұндағы хадистің сыры мынау болса керек:
Ақырзаманда материалистік философиядан туындаған Құдайды жоққа шығарудың атейстік пікірі белең алады. Есесіне, әртүрлі аңыз-ертегілерден арылған Христиан діні оған қарсы шығып, Исламға оралып, тазарады. Сол діннің рухани тұлғасы Уаһидің қылышымен, яғни, Құранның ақиқатымен әлгі сұмдық дінсіздік пікірінің рухани тұлғасын өлтіреді. Сондай-ақ, Хазіреті Иса Алейһиссалам Христиан дінінің рухани тұлғасының уәкілі ретінде дінсіздіктің рухани тұлғасының уәкілі-Тажалды өлтіреді... яғни, Құдайды жоққа шығару пікірін жояды.
Төртіншісі: Шәһидтердің әлемі. Қабірде жатқан жай адамдарға қарағанда шәһидтердің әлемі жоғарырақ екендігі Құранда анық айтылған. Шәһидтер дүниелік өмірін хақ жолына пида еткендіктен, Хақ Тағала кемел кеңшілігімен берзах әлемінде оларға дүниелік өмірге ұқсас, бірақ мұңсыз, бейнетсіз рахат өмір сыйлайды. Олар өздерінің өліп қалғандарын білмейді. «Бұрынғыдан да жақсы әлемге кетіп қалдық» - деп ойлайды. Мол бақытқа бөленіп, рахаттанады. Өлім арқылы болатын қоштасудың ащы қайғысын сезінбейді. Қабірдегі жай адамдардың да рухтары мәңгі, дегенмен олар, өздерінің өліп қалғандарын біледі. Олардың берзах әлемінде көрген қызықтары мен алған ләззаттары шәһидтердікіне жетпейді.
Мысалға: Екі адам түсінде жәннат секілді әсем бір сарайда жүреді. Біреуі мұның түс екенін біледі. Алаңсыз рахаттана алмай, «Оянып кетсем мына ләззат бітіп қалады» дегенді ойлап жатады. Екіншісі, мұның түс екенін білмейді. Алаңсыз қызықтап, рахатқа батады. Міне, өлген адамдар мен шәһидтердің берзах әлеміндегі жағдайлары осылай әртүрлі. Шәһидтердің осындай әлемде өмір сүре беретіндіктерін, әрі өздерін тірі деп ойлайтындықтарын дәлелдейтін көптеген оқиғалар мен риуаяттар бар. Тіпті, шәһидтердің ең жоғары мәртебелісі Хазіреті Хамзаның (р.һ) өзінен медет сұрағандарды желеп-жебейтіні, сондай-ақ, олардың дүниялық істеріне көмектесуі яки көмектестіруі сынды көптеген оқиғалар ондай әлемнің бар екенін нақтылай түседі. Тіпті өзімнің Үбейд дейтін інім, әрі шәкіртім, соғыста менің жанымда жүріп, менің орныма шәһид болды. Кейінірек, мен ол жерден үш айлық жерде тұтқында болған кезімде, оның қайда жерленгенін білмесем де, түсімде жер астындағы қабірін зиярат еттім. Бұл әрине жәй бір түс емес, ақиқатқа сай оқиға еді. Мен оны шәһидтердің арасынан таптым. Ол мені өліп қалды деп, көп жылағанын айтты. Өзін тірімін деп жүр. Отанын орыстар басып алғандықтан, өзіне жер астынан әдемі пана жасап алғанын айтты. Міне, бұл қысқа ғана түс, жоғарыда айтылған ақиқатты көзбен көргендей нақтылай түседі.
Бесіншісі: Қайтыс болған адамдардың рухани әлемі. Өлім дегеніміз - орын ауыстыру, рухтың бостандыққа шығуы, жүктелген міндеттен босатылуы. Ол әрине жоқ болып құрып кету емес. Кейбір әулие адамдардың рухтарының көрінуі, сондай-ақ, басқа да өлген кісілердің бізбен не түсімізде, не өңімізде байланыс құруы және дұрыс хабар беруі сияқты дәлелдер, әлгі әлемнің бар екенін айқындап, нақтылай түседі. Ал, рухтың мәңгі екендігі жайлы баяндайтын «Жиырма тоғызыншы Сөз», ол әлемнің бар екенін нақты айғақтармен дәлелдеп берген-ді.
1-мектуб