Шам хұтбасы "6 дерттің 6 емі"
Бір күні Ваннан Шамға (Дамаскіге) келеді. Шам ғұламаларының өтініші бойынша Әмәуи мешітінде он мыңға жуық жамағатқа уағыз айтып, хұтба оқиды. Олардың арасында жүзден астам ғалым-ғұламалар бар еді. Бұл хұтба көпшіліктің көңілінен шығып, ризашылық тудырады. Кейінірек бұл хұтба «Хұтба-и Шамие» деген атпен жарық көрді. Хұтба-и Шамие Ислам әлеміндегі моральдық, материалдық кеселдердің қайдан шығып жатқандығын, не себепті мұсылман– дардың тәуелсіздіктен айырылып, қиыншылықтарға душар болып жатқандығын дөп басады. Бұдан құтылудың жолын көрсетеді. Ендігі жерде дүние жүзі мұсылмандарының моральдық-материалдық тұрғыдан дамитынын, Ислам мәдениетінің кемелдіктері ортаға шығып, әлемді былғап біткен лас нәрселерден тазартатынын ақылға қонымды дәлелдермен көрсетіп береді. Сүйінші хабар жеткізеді. Барлық мұсылмандарға және бүкіл адамзатқа құнды сабақ, тамаша хұтба.
Бірінші сөз: "Әл-Әмәл" яғни Аллаһтың мейірімінен үміт үзбеу. Алған сабақтарыма сүйене отырып айтарым. Ей, Ислам Жамағаты! Сүйінші! Ислам әлемінің бақыты, әсіресе, Османлының бақыты, әсіресе, Исламның дамуы Арабтардың оянуы арқылы болады. Бұл жарық таңның да белгілері көрінуде. Бақыт таңы ататын уақыт жақындап келеді. Үмітсіздіктің кеудесін басып тұрып, бүкіл әлем еститіндей етіп, сенімді түрде жар саламын. Болашақта тек қана Исламның жұлдызы жанып, Құран ақиқаттары үкім жүргізетін болады.
Бірінші жағы рухани даму: Болған оқиғаларды тіркеп отыратын тарих – шындықтың куәгері. Тарихтан көріп отырғанымыздай, орысты жеңіп шыққан жапонның Бас Қолбасшысының Исламның хақ дін екеніне куә болған жері былай еді: «Ислам ақиқаттарында күш-қуат бар. Ал мұсылмандар сол күшке арқа сүйеп, амал ету дәрежелеріне қарай дамығандығына тарих куә. Сондай-ақ, тарих мұсылмандардың Ислам ақиқаттарына салғырт қарауының дәрежесіне қарай мәдениеттен жұрдай болып, төменгі деңгейлерге түсіп, тоз-тозы шығып кететініне және жеңілістерге ұшырап отыратындығына да куә. Басқа діндердегі жағдай бұған керісінше». Егер біз Исламдағы көркем мінезді және Иман ақиқаттарын ісімізбен көрсете алсақ, басқа діндегілер топ-тобымен Исламға кірер еді. Тіпті, көптеген мемлекеттер Ислам дінін қабылдар еді.
Екінші сөз: Өмір тәжірибем бойынша көңілге түйгенім. «Үмітсіздік» деп аталатын ауыр дерт. Ислам әлемінің жүрегін жайлап алған. Бізді өлтіріп бара жатқан сол үмітсіздік. Батыстың бір-екі миллиондық шағын бір мемлекеті шығыстағы жиырма миллиондық елді басып алып, өздеріне қызметші қылып қоюда. Сол үмітсіздік, тамаша мінез-құлқымызды өлтіріп барады. Көпшіліктің жайын ойлаудың орнына өз қамын ғана ойлауға апаруда. Сол үмітсіздік, рухани күшімізді жойып отыр. Бұрын аз ғана күшпен шығыстан батысқа дейін жеткен едік. Енді сол ғажайып рухани күштің орнын үмітсіздік басқандықтан залым Еуропалықтар төрт жүз жыл бойы үш жүз миллион мұсылманды бұғаулап отыр. Тіпті, сол үмітсіздік, басқаның немқұрайлылығын өзінің жалқаулығына үзір етіп, не шаруам бар» - дегізуде. «Жұрттың бәрі мен сияқты нашарлар емес пе?» - деп имани батылдықты жоғалтып, Исламға қызмет етуді қоюда. Бұл дерт бізді осылай өлтіруде. Олай болса, біз де одан кегімізді алып, оның өзін өлтіруіміз керек.
Үшінші сөз: Бүкіл өмірімде көз жеткізген ақиқаттарым және әлеуметтік өмірдің аласапырандары мына бір нәрсені анық білдіріп тұр. Ол сыдық (турашылдық) – Исламияттың негізі де сол. Көркем мінездердің дәнекері, асқақ сезімдердің қайнар көзі. Олай болса, қоғамдық өміріміздің іргетасы болған турашылдықты өз арамызда жандандырып, сол арқылы рухани дерттерімізді емдеуіміз керек. Турашылдық – Исламның қоғамдық өмірінің нәрі, өзегі. Рияшылдық – өтіріктің іс-әрекетке айналған түрі. Жағымпаздық – өтірік ісәрекеттің ең сорақысы. Екі жүзділік, мұнафықтық өтіріктің ең бәлелі түрі. Өтірік айту – Жаратушы Хаққа жала жабу. Күпірліктің барлық түрі – өтірікшілік, жалған айту. Иман – сыдық, турашылдық. Сондықтан да ақиқат пен жалғанның арасы тым ұзақ. Шығыс пен Батыстың арақашықтығындай қашық тұруы керек. От пен нұр секілді, бір-біріне араласпауы керек. Ал, жауыз саясат пен залым азғырушылық бұларды бір-біріне араластырып жіберді. Адамзаттың кемелдігін де сапырылыстырып жіберді.
Төртінші сөз: Өмір тәжірибем мен адамзаттың қоғамдық өміріндегі ақиқаттардан шыққан нәтиже мынау: Сүйіспеншілікке ең лайық нәрсе сүйіспеншілік. Дұшпандық жасауға ең лайық нәрсе де дұшпандық. Яғни, қоғамдық өмірдің тірегі және бақытқа жетелейтін махаббат пен сүйіспеншілік те сүюге және сүйіспеншілікке лайық. Ал қоғамдық өмірдің берекесін кетіріп, тас-талқан ететін дұшпандық пен жауласушылық та жек көруге, жауласуға лайық жаман қасиет.
Бесінші сөз: Шариғаттан алған сабақтарымнан түсінгенім, бүгінгі таңда бір адамның жасаған бір күнәсі бір күнә күйінде қалмайды. Кейде үлкейіп кетеді, көбейіп, жүзге жетеді. Жасалған жақсылық та сол күйінде қалмайды. Кейде мың есе артып кетеді. Мұның сыры мынада: Шариғаттағы еркіндік пен шариғатқа сай түрдегі кеңесу халқымыздың мықтылығын көрсетуде. Халқымыздың өзегі, рухы Ислам. Ал Османлы Халифаты мен Түрік әскері сол халықтың ту ұстаушысы және Исламият деп аталатын халықтың қорғаны іспетті. Арабтар мен түріктер ағайынды бауырлар, сол қасиетті қорғанның сақшылары. Бүкіл мұсылмандар бір тайпа ел секілді болып тұр. Әрбір мұсылман сол тайпаның ішіндегі рулар секілді бір-бірімен бауырлас. Бір-біріне рухани демеу болуда. Бір рудың ішінен біреу қылмыс жасаса, қарсылас жақтың адамдары үшін әлгі рудың бүкіл адамы қылмыскер болып көрінеді. Ал жақсылық жасаса, сол рудың бүкіл мүшесі сол істі мақтан тұтуына болады. Осы сырға байланысты бүгінгі күні және қырық-елу жылдан кейін жасалған бір қылмыс сол күйінде қалмайды. Миллиондаған мұсылманның құқын таптаған болып есептеледі. Қырық-елу жылдан кейін мұндай оқиғалар анық байқалатын болады.
Алтыншы сөз: Мұсылмандардың қоғамдық өмірінің кілті шариғатқа сай кеңесу. Ғасырлардан бері жалғасып келе жатқан адамзат тарихындағы «ой қосу» деп аталатын нәрсе адамзаттың дамуы мен ғылымның алға жылжуына үлкен үлес қосқан. Азияның артта қалуының бір себебі шынайы түрде кеңес құрмау. Азияның болашағын айқындар кілт – кеңес құру. Жеке адамдардың өзар�� кеңес құратыны секілді жамағаттар, тіпті әрбір құрлық өзара кеңес құруы керек. Сонда ғана төрт жүз миллион мұсылман аяқтарына салынған бұғауды үзіп шығады. Шариғатқа сай ақылдасудың арқасында имани мейірімнен бастау алатын шариғи еркіндік, шариғи әдептермен көркемделіп, батыстың бұзғыншы мәдениетін жеңіп шығады. Иманнан туындайтын шариғи еркіндік екі нәрсені бұйырады.
Яғни, иман осы нәрселерді талап етеді. Өктемдік жасап басқаны аяққа таптамау және өзі де тапталмау. Залымдарға бас имеу. Аллаһқа ғана құл болған адам, басқаға құл болмайды. Пенделерді құдайдай көрмеңдер. Яғни, Аллаһты танып білмеген адам, дәрежелеріне қарай бүкіл нәрсеге құдайлық сипат береді. Шариғи еркіндік Аллаһтың Рахман, Рахим есімдерінің көріністері арқылы жеткен сый. Иман өзегі.